Қазақстанның ашық кітапханасы
210
сорына себеп боп жүрген болыс, би, партия бастығы қумен, сұммен алысты. Олар болса,
патшалық тәртібінің бар жағдайын неше алуан сұмдық, азғындық түрінде пайдаланумен
жүрді. Көбінше елді бір алдап, арбап, ұлықтың да олақтығы болса, оны да зор айлалы
аярлықпен пайдаланды. Әсіресе патша ұлықтарымен жемтіктес болғанда, олардың қазақ
ішіндегі ерекшелік, қиын шытырман жағдайларды жете білмейтіндігімен пайдаланатын.
Патшалық законы, сот, әкімшілік орындары қазақ ішінде атқамінер ортасының айла-тәсіл,
салт - індетінен түк білмейтін. Қазақ әкімдері мойындарына құрық түсірмейтін қашаған
сияқты боп, олақ кеңселерді олай да, бұлай да алдайтын. Сондағы атқамінерлерге машық
болған бір мінез - өтірік арыз болатын. Өштескен адамынан ең алдымен ауылда қара
күшпен, қолмен есе алуға тырысады, ол болмаса, жауын мықтап жоймақ болса, ұлыққа
шабады. Онда "кісі өлтірді", "ауыл шапты", "жер өртеді", "патшаны жамандады" деген
сияқты неше алуан жалалар ойлап табу, сол үшін сот алдында жан беру, өтірік куәлар салу
жиі кездесетін іс болған. Немесе, бір жағынан, жаңағыдай арыз беріп, жала жауып қойып,
артынан қыр жөнімен табысып, татуласып алып, сол жауын қайта барып сот алдында
жаңадан қиялап өздерін ақтау, бұрынғы жаласын қайтып алу сияқты әдеттер де толып
жатады. Өздері парақор, қолдарына ұры ұстағыш, өтірікке мөр басқыш, приговор бергіш
би, старшын, елубасылар көбейді. Ұлықпенен жемтіктес болып, парамен ақты қара,
қараны ақ дегізе алатын айлакер де молайды. Сөйтіп, ол күндердің арыз - тартыстарын
тексергенде кім кінәлі, кім ақтан күйген екенін айыру тіпті қиын болатын. Көбінесе кінәлі
жаза шекпей, кінәсіздер күйетін хәлдер де аса көп болған. Әсіресе ел жуандарының
тартысы момын елге, көпшілікке сор болушы еді. Ел жуандарының пәлесі олардың өзі
емес, ел шығынымен, ел бейнетімен аяқталатын. Абай ел ісіне араласқанда, өз әкесі мен
әке достарының бұның басына қалдырған ауыртпалығы зәрдей болды. Бірақ сол зәрді іше
жүре, әділетсіздікті, қиянатты таныды. Жуандар, Құнанбайлар ортасы ел қамы емес, ел
сорына біткен озбыр қиянатшылар ортасы екенін Абай таныды. Соны жоғарыда әкесімен
айтысқан жерде анық білдіреді.
Енді сол ортаның залалды мінездерімен алысып, еліне тым құрыса сонысымен пайдалы
азамат болғысы келеді. Бірақ бұның ол жолында ел жуаны жау. Олар Абайдың өзін де
бұрынғы өтірік пәле-жала жабумен жарға жықпақ болады. Солардан бас қорғау ретінде
және, бір жағынан, жаманын жазалаймын, жөнге саламын деген талаппен Абай алысады.
Осындайдан туатын талас-тартыс, жаулықтың екінші бір саласы уез, жандаралдың
кеңсесіне қарай ағылған көп шағым түрінде болатын. Ел ішінде Абай өз бетімен жүре
бастаған соң аз уақытта - ақ талас - тартыстың кіндігі қалаға қарай ауысады.
Сонымен, 28 жасқа келгенде Абайдың үстінен берілген партия басы жалақорлардың өтірік
арызы, көп шағымы Семейдің кеңселеріне түсе береді. Абай бұған орай ешкімді де
шақпайды. Бірақ арыздар бойынша мұны жалаламақ болған ұлық 1877-1878 жылдың
қысында оны қалаға шақыртады.
Осы жолда Абай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан 3-4 айға шейін шыға алмай
жатады. Бірақ жұмыс саны көп болып, тергеуден - тергеу болса да, Абай бірде-біріне
жығылмай, ағарып, аман шығады. Соңғы жылдарда Семейдің архивінен табылған бір іс
Абайдың өмірінде бір-ақ жол, үш жыл бойында Қоңыр көкшеге болыс болған кезін
танытады. Сонда Абайға қарсы өтірік шағым, жалған жала жапқан Үзікбай Бөрібаевтың
арыздары Абайды көп тергеуге ұшыратады. Ол істі Семейдің оязы, ояздық соты, тіпті
Семей губернаторы да қолға алады. Бірақ ұзақ тексеру соңында чиновниктер
аппаратының өзі де Абайдың жазықсыз, адал, халыққа пайдалы адам екенін ықтиярсыз
таниды. Сонда Үзікбай атынан Абайды текке жалалап жүргендер елдің жуан содыр
феодалдары, бұзық атқамінерлері болып шығады. Абайды 1878 жылдарда тергеуге жүрген