Қазақстанның ашық кітапханасы
209
Бұл елдерде өмір өркендесін, мәдениет дамысын деген ой онда мүлде болған жоқ. Қайта
жаңағы ескіліктің кертартпа құрылысын өз керегіне пайдалана жүріп, соны мызғытпай
сақтап отырды. Сондықтан да болыстық, старшындық билік үшін ел жуандары қырқысса,
соны патшалық ұлықтары әдейі қоздыра түсетін. Бұл тек саясаттық қана тәсіл емес, сол
күндегі Россия буржуазиясының пайдасы үшін де керек.
Ленин XIX ғасырдың соңғы 25 жылының ішінде Россия буржуазиясы Россияның
шығыстағы отарларына неліктен ынтығып, ұмтылып жүрген себебін айта кеп, "ол жақта
сауданың "талау табысы" әлде де бірнеше жүз процент пайда кіргізуші еді" дейді.
Осындай неше алуан қанау, талау ауыртпалық боп орнағанда, қалың момын еңбек елінің
басына орнайтын. Болыс сайлауының лаңынан басқа, патшалықтың алым-салығы, парақор
жемір болыс, бидің "қара шығынының" барлығы және де байға мол түспей, түңлік басы
деп жоқ-жітікке, жарлы-жақыбайға түсетін.
Жалаңқая жат мінез жау алады,
Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп...
Жүз қараға екі жүз аларман бар,
Бас қатар "бас-аяғын тексерем" деп...
Абайдың бұл сөздері сол жаңағы халықты жан-жақтан, тұттай тонап жатқан обырлар
мінезінен туған. Кертартпа ескі патриархал - рушылдық қалдықтарының барлығы "қанау
мен деспотизмге (шексіз әмір зорлығына) ерекше кең, еркін жағдай жасайды" - деп
Энгельс айтқан сөз сол күндегі қазақ тіршілігіндегі шындыққа өте дәл еді. Рубасылар,
болыс, билер, бір жағынан, патшалықтың заңындағы өздеріне пайдалы жақтарын, өз
үстемдігін күшейту, нығайту үшін берік ұстанды. Сол арқылы мал, сома, байлықты ғана
емес, басқа да көп жем айыратын. Жақсы қыстау, ен жайлау, мол су сияқтыларды өз
басына, өз атасына қаратып, талай момын көпшіліктің жерін алып, жермен бірге
күнкөргішін, еркін алып жүретін қу, пысық, сұм - сұрқия, жуан феодалдар көп еді.
Амалдап қарағайды талға жалғап,
Әркім жүр алар жердің ебін қармап, -
деген сөздер осындай содыр - сойқандардың істерінен туатын.
Бұл хәлдер бар қазақ жерінде болғанда, сол кездегі Россияда қара шаруаны феодалдық -
крепостнойлық қалдықтары бойынша қанаудан және капитализмнің өсу салдарынан
туған. Қазақстанды капиталистік қатынасқа тарту салдарынан да пайда болатын. Осы
уақытта сахарада натуралдық шаруаның іргесі әлсіреп келе жатты. Соның бәрі көп қазақ
қауымында қоғамдық жіктердің неше алуан қайшылықтарымен айқындай шыға бастауына
себеп болды. Енді патшалықтан, Россиядан шыққан қанаушы мен қазақ ішіндегі бай -
болыстан шыққан қанаушының бәрі бір топ екенін айыратын мезгіл туа бастады.
Мұнымен қатар орыс халқының ішіндегі қаналған қалың бұқара мен қазақ ішіндегі еңбек
елінің тарихи тағдыры бір екенін ұғатын, танитын заман да тақап қалып еді. Соны
алдымен өздері аңғарып, халықтарға аңғартатын әр елден шыққан халық қамқоры болған
халықшыл - демократтық, азат ойдың қайраткерлері туды.
Міне, Абайды әкелер жолынан, ел жуанының бар мінезі, ісінен жирентіп, оларға қарсы
алысушы, әшкерелеуші етіп шығаратын тарихи терең себеп осында болатын. Абайдың
алдындағы Шоқанды, Алтынсаринді халық үшін жаңа, тың жол іздеуге беттеткен тарихи
себептер де осы еді. Кейін Абайды да алысқа құлаш сермететін тарихи қоғамдық басшы
ойлар осыдан туған. Бірақ жас Абай әуелі осы ойларын туғызып, осы қорытындыларын
жасататын қайшылық, ерсіліктерді көрумен, солармен алысумен жүрді. Алысқанда ел