Қазақстанның ашық кітапханасы
20
өзге кейбір елде болған жаңылыс, теріс жолға түсірмеуіміз керек. Біз өнер, мәдениеттің
барынша толып, пісіп, шалқып тұрған заманында театр мәселесін қолға алып отырмыз.
Сондықтан өзгелер жүріп өткен іздің ішіндегі ең керектісін, ең дұрысын алуымызға керек.
Қазақтың театр өнері біздің заманымызда басталғанына біз қуанамыз. Бірақ сол
қуанышпен бірге бұл сияқты ірі өнердің келешегі үшін жауапты екенімізді де ұмытпау
керек. Сондықтан бұл мәселеге үлкен сақтықпен кірісіп, көп ойланып, ептеп бастау керек.
Өзге жұрттың өнімді театрының барлығы салт театры болған, елдің өмірі мен мінез-әдетін
көрсететін, тіршілікке пайдасы бар реалистический театр болған. Олай болса, солар
сияқты салт театры туғызатын шарт, қазақ топырағында бар ма? Бұл сұраққа елдің ескілігі
мен бүгінгі тұрған қалпы, онан соң бүгінгі көрініп жүрген пьесалары жауап беруге керек.
Алдымен, елдің ескілігін қарайық:
Қазақ елінің ескілігі әдебиет жағынан қарасақ, мейлінше бай. Бай болғанда құр ғана саны
көптігінен емес, түрі де, мағынасы да көп болғандықтан. Бірақ біздің қазіргі міндетіміз —
жалпы әдебиетті қарастыру емес, ол әдебиет ескілігінің ішіндегі театрға ұрық болатын
бұйымдарды қарау. Сондықтан Радловқа «Күншығыстың французы» дегізген қазақ елі,
театр сияқты өнерге қандай бұйым қосуға жарайды екен, соны іздеуімізге керек.
Осы мақсұтпен заманның шаңы басқан ескіні тексеріп қарасақ, театр өнеріне елдің ескі
салты, ескі өнері беретін жем өте көп дейміз. Біздің елде театр ерте күннен бар болатын.
Рас, ол замандағы өнер бүгінше театр деп аталған жоқ. Бүгінгідей мәдениет шеңберіне
кірген жоқ. Бірақ бақытты ел театр деген шеңберді керек қылмайды. «Оның барлық ойын -
жиын, қызық-сауығының өзі театр», — деген сөзді біреудің айтқаны бар.
Сол сөз қазақ елінің ерте күніне әбден үйлеседі. Шынында, ерте күнде ас пен тойда, ұлы
жиында ізденіп келіп өлеңмен, әнмен айтысатын көп ақындар өз заманында театр
жасамай, не жасады? Солар жасаған сауық елдің құр қуанып, құр көңілін көтергенінен
басқа, кәрі-жастың сай сүйегін босатып, аруағын шақыртып, барынша қыздырып,
желіктірген жоқ па еді? Онан соң ұзататын қыздың тойында еркек пен әйел қақ жарылып
алып, айтысатын жар-жар, салт ойынын туғызған театрдың өзі емес пе? «Жар-жар» мен
«Беташар» бүгінгі заманның сахнасына қою үшін ешбір қосымша керек қылмайды. Солар
сияқты толып жатқан айтыс өлеңдерінің қай-қайсысы болса да қалай болса, солай қоюға
болады.
Бұл ескіліктердің тағы бір қасиеті — барлығы да арнаулы әнмен айтылатын. Сондықтан
жалғыз ғана драмалық театр емес, әнмен ойналатын операларға да емін-еркін жарайды.
Онан соңғы көзге түсетін бір жері: дәл осы күнге шейін не айтыс өлеңдері, не жар-жар,
беташар болсын, — барлығы да қалың елдің ортасында ұмытылған жоқ. Әлі де бұрынғы
шарықты, жанды өлеңдер болып келеді.
Осы күнге шейін ойын-тойда кездескен құда мен құдағи біріне-бірі «әриәйдай, бойдай
талайды» айтса да айтыстың ырымын істеп, жол алып, жол беріседі. Осыларға бір
азғантай ғана кесте қосылып, сахнаға қойылса, театр қалың қазақтың қанын қыздыруға
жарайтын қадірлі өнер болып кетуінде дау жоқ. Себебі жаңағы айтылған өлеңдерін ел осы
күнге шейін сағынып көксеп отырады. Егер бүгінгі театр жалғыз мұнымен қанағаттанбай,
ел ескілігінен күлдіргі қызық бұйымдар алам десе, яки көп халыққа ой түсіріп, ақыл-
сезімге татымдырақ дән беремін десе, ондайлар табылады.
Қазақтың көп күлдіргі әңгімесі белгілі қулардың айналасына жиналады. Мәселен, Семей
аймағындағы атақты күлдіргілер: Шаншардың қулары, онан соң тапқыштық,