Page 208 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
208
жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады.
Орысшылсың дегенге - оның қолында зор қуат, өнер, білімі бар. Егер сол өнер-білімді
үйренуден қашсақ, ол - надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін
орысшылмын", - депті.
Әкесімен осы айтысқан сөзі Абайдың бұрынғы жуандардан біржолата бөлекше зор
програмын көрсетеді. Алдымен әкесінен өзгеше болмақ. Бұдан халық мұңын ойлаған,
халыққа адал еңбек етіп, ел көпшілігімен қабыса табысам деген тілек танылады. Осы
сөздің артынан ол өзі тұстас рубасының жаңағы әкелерге ұқсаған мінез - әрекеттерімен
алысуға бекінеді. Ең алдымен әкенің ырқынан шығады. Өзі туралы "елге пайдалы,
адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын" деп есептейді. Бұл
жөнде ол бұрын осындай ниетпен шыққан басшыны көрген жоқ еді. Өзі тұстастың бәрі де
ескіше жуан болатын. Сол ортадан Абай үнемі етек бастыны, қара күшті, қарсылықты
көрумен күн кешеді. Бірақ олардың кәрісіне де, жасына да бойсұнбайды, ірге бермейді.
Бас - басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?..
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың? –
деп, кейін айтатын ызалы, сыншы өлеңдерінің түп-тамыры осы жаңағы айтылған жайда
жатады. Сондайды ойлап, ол ортаны менсінбей, алысумен кетеді. Кейде надандықтарын
мазақ етеді.
Жаңағы сияқты мінездің белгісін Қаракесек Алшынбайға да көрсетіпті. Абай Алшынбай
аулының күйеуі болады. Алғашқы алған әйелі Ділдә - сол Алшынбайдың немере қызы.
Ділдәні алғаннан кейін Абай Алшынбайға сәлем бере, амандаса барады. Қайтарда қайыны
әдет бойынша "қалаған, сұрағаны бар ма?" деседі. Сонда Абай шұбар айғырдың үйірі
деген бір қысырақты алғысы келгенін айтады. Мұны Алшынбай бере алмай, "батамды
алсын!" дейді. Абай: "Ондай батасын сатқан шал өзімде де бар", - деп, Алшынбайға
бармай кетіпті. Өз тұсындағы рубасыларымен кездескенде жас Абайдың қолданатын
мінезі осы сияқты: көпшілігін менсінбейді, місе қылмайды.
Абай өз талабын алға қойып шыққан кезде жалғыз Тобықты ішінде ғана емес, бүкіл қазақ
даласының барлығында штат - партия таластарынан туатын алыс-жұлыс өте көп еді. Оның
түбі патшалық саясатының рубасылары ортасына әдейілеп егіп тұратын әрекетінен туады.
Неғұрлым тартыс күшті болса, соғұрлым даланың ісі рубасылар арқылы қалаға кеп
сарқады. Әмір иесі болам дегендер дала мен қалада бірдей алысады.
Патша өкіметінің қырдағы өкіл - ұлықтары, бұрын аға сұлтан, беріде болыс, би, елубасы,
старшын деген ортаның өзі де өзгеше нәрсіз, шірік орта болатын. Абайдың бертінде
жазған: "Болыс болдым, мінеки", "Болды да партия", "Бөтен елде бар болса", "Қалың елім,
қазағым" деген сияқты көптен - көп өлеңдеріне көз салып, ойлап қарасақ, сол ортаның
жиренішті, құнарсыз сурет, мінездерін, әдет - машықтарын анық танытады. Патшалықтың
парақор ұлық, жандарал, ояз начальниктеріне, адвокат, чиновник, тілмаштарына табынған
жаңағы атқамінерлер қоғамдық тілекті лайлаған, неше алуан мін мен дертке толы еді. Бұл
күй, бұл қалып бір ғана Абай көріп жүрген Тобықты ішінде ғана емес, қазақ сахарасының
барлығын басқан тұманды түнектей, қалың дерт болды. Ол патшаның отаршылық
саясатынан туған күй болатын. Патшалықтың ел ішіндегі өкілі, әкімі, сүйеніші - бай,
жуаннан шыққан болыс, би, елубасылар. Олар үшін рушылдықты, ескі тәртіпті сақтап, сол
арқылы өз үстемдігін жүргізу қажет. Қазақ сияқты Россиядағы көп бұратана елді билеуде
патшалық өкіметінің өзі де жаңағы рушылдық, ескішілдік қалыпты нық сақтап отырды.