Қазақстанның ашық кітапханасы
206
Сонымен, ақыл-ойға, білгіш - сезгіштікке келгенде ерте ержеткен жас жігіт сол уақыттай-
ақ өз ортасынан иығы асып, оза бастағанын сезгендей болады. Озу - ойы толып өсуінен
білінеді. Өсуі заманын сынаудан, заманының әміршісі мықтыларын, жуандарын, әкесі
бастаған үстем тапты сынаудан білінеді. Мәдениет, өнер-білімге кенжелеп, артта қалған
ел - жұрт бар. Қыс жұты, жаз індетімен аралас ел шаруасының құтын шайқап, барымта
жасап, бақталастан туған әлек, лаң әкеліп, соны қалың ел ортасына пәле ғып тастап, сол
арқылы момын еңбекші, есесіз көпті жеп жүрген, қанап, тонап, сорлатып жүрген
атқамінер шонжар бар. Өздері надан, өздері ел тағдыры, халық қамы дегенді ойламайтын
дүлей, қараңғы топ. Олар бастаған ел көшінің барар беті қараңғы, екіталай тығырық.
Ендігі тірлікті жаңғыртып, өзгертетін заман керек, сол заманға қарай халық мұңын өз
мұңы етіп, адал азаматтық жолмен бастайтын қайраткер керек.
Міне, Абай өскенде, ортасынан асқанда, осы сияқты тарихтық, қоғамдық қайшылықтарды
терең аңғарып, танып барып өседі. Әке мен сол әкелердей бар жуандардан торығып, бөлек
жол іздеу қажет деп өседі. Әуелде барлық ақыл-ойын мынау ортаны мінеп, шенеп,
нәрсіздік, құнсыздығын ашуға жұмсайды. Жалпы ақылмен болжайтын ой-пікірге
келгенде, олардың айтып тоқтаған жерінің ар жағынан жаңа өріс, тың жол табамын деп
талпынады. Олардың "таптым, білдім, шештім" дегеніне сынмен қарап, "жеттім" дегенін
қанағат қылмай, өз ойын асырып түсіруге тырысады. Осы әдет Абайдың жігіттік
шағындағы көптен бөлек ерекше мінезі бола бастайды. Бұның дұрыстығын дәлелдеу үшін
ел есінде қалған екі-үш мысалды айтайық.
Абай ол күндегі "жақсы" дегеннің ескі бектік, паңдық, қара күш болмаса, нағыз
адамгершілік, шын талант қасиет аз екенін әшкерелей бастайды. Және, әсіресе бұлардан
елдің күйзелуі күшті екенін халықтың сыншы, жыршылары айтқан сөздерден әбден танып
біледі. Ел мұңынан, жұрт жадаулығынан соны таниды. Өз әкесі бір алуан озбыр күш иесі
болса, соның қарсысындағы жуандар да ешбір жағынан абзал әулие емес екенін біледі.
Зорлық, пара, пәлеқорлық оларда да бықып жатады. Жалғыз-ақ Абайдың баларақ шағында
әкесі өзін бұған танытқанда, "сол елдің телісі, тентегімен алысамын" деп, өз жағын дұрыс
қып сипаттайтын еді. Енді Абай бертін кеп танығанда, ең әуелі өз әкесі мен оның
достарын алдымен сынайды. Оларды өздерінің "күштіміз" деген жағынан, жүйрік,
шешендік, озғындық жағынан жеңіп, тонамақ боп соқтығады.
Әкесі бастаған шешеннің қайсысын болса да әңгіме ішінде бір сөзбен мүдіртіп кетуге
тырысады. Балалық шағынан жаңа өтер-өтпесте, әкесінің жұмсауымен барып
сөйлескендердің барлығына да Абай осы мінезді істей бастаған.
Құнанбайдың Көкше ішіндегі тұрғылас, дос кісісі Қаратай болған. Ол көп елдің сынынша
шешен, жүйрік адам. Сол Қаратай бір күні Абай бастаған жас жігіттердің үстіне келіп,
бұлардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Абай бұл сөздерге көп дау
айтып келіп, ақырында: "Сіздің заманыңызда көрші елдер арасында бір қол кісі болып
жиналып, түн қатып жүрмесе, жалғыз-жарым кісі қатынаса алмаушы еді. Ұрлық, барымта,
бұзықтық көп болғандықтан, "әне алып кетті, міне алып кетті!" деп, кемпір-шал, қатын-
қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Сол заман да жақсы ма?" - дегенде,
Қаратай дау айтып келіп: "Менің заманым пайғамбар заманына жақын", - депті. Бұған
қарсы Абай: "Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында
неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ.
Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға Әзірет Әлінің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір
болған", - депті.
Осы сөзді Қаратай Құнанбайға келіп айтқан соң, әкесі Абай келгенде әдеттегі қаттылық,
суықтығына салып көп сөз айтып ұрсыпты. Абай үндемей тыңдап алып, сыртқа шығады.