Қазақстанның ашық кітапханасы
205
тексерген еңбек жоқ. Бірақ қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір
мол, бай тіл екенін тану қиын емес. Сол байлық - Абайда бала, жігіт күнінен құралып өсіп
келген байлық. Және шешендіктің өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды
ойлардан құрылған ақындықтың бір ағайыны. Абай ақындығы оның жас кезінен көп
мұралар қалдырмаса, "Ол кезде Абай ақын емес еді" деу қате болады. Абай - сол уақытта
да ақын. Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп
отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған
ақындық. Бір жағынан, жүйрік, шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара
сөзбен айтылған тапқырлық - алғырлық. Өлеңді, суырып салма айтысты Абай ойында да,
шында да көп қолданып жүрген. Бірақ сонда да ол шақта өзін "ақынмын" деп санамаған.
Өлеңді де ойын, қалжың, мысал түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке
жеткен шағында қыз-келіншекке арналған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта
беретін болған. Бірақ ол кездегі өлеңнің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей,
барлығы ұмытылып қалған. Есте қалғанының бізде жиналғаны: "Әліп-бимен жазылған
тілек хат", сонан соң "Тайға міндік", "Сап, сап, көңілім" деген өлеңдер. "Сап, сап, көңілім"
— Сүйіндік қызы Тоғжанға айтылған. Бозбалалық шағында Абайдың қатты ынтық
болғаны - осы Тоғжан.
Бір жыл көктемде барып түнеп қалғанда, өз аулымен екі арадағы өзен тасып кетіп, қайда
барарын білмей қатты сасады. Қыздың аулы мен өзеннің бұл жағасында отырған елдің
бәрі ол күнде Құнанбаймен қатты жауласып тұрған. Жігіт көзге көрінсе, кем қойса,
сабалуы анық. Сөйтіп сасқалақтағанда, Сүйіндік аулының қызметшісі Ербол деген жігіт,
Абайды бір байталға мінгізіп, өзі өгіз мініп, тасып жатқан өзеннен өткізіп салады. Осы
Ерболмен Абай кейін қатты достасып кетеді.
Абай жас жігіт кезінен бері ұлғайып келген уақытына шейін, өз басынан махаббаттың
үлкен романдарын кешірген адам. Сонда әсіресе жақсы көрген әйелдері, Ертіс бойындағы
Нұрке дегеннің қызы болады. Онымен Семейде Тінібай үйінде кездесіп, бір ай бойы
барлық өзге істерді ұмытып, жүріп алған уақыттары болған. Сыбан ішінде сондайлық
жақсы көріскен әйелі - Сабырбай ақынның қызы Қуандық. Бұл өзі де ақын қыз болған.
Абай Аягөзге бір топ кісімен бара жатып, сол қыздың аулына қонады. Абайдың қасында
Сүйіндік баласы Асылбек бар екен. Ол - Қуандықтың жездесі. Сол арқылы қалжыңдасып
отырып, ақыры Қуандық пен Абай айтысып кетеді. Бұлардың айтысын Сабырбай үй
сыртында тыңдап тұрады.
Ақын Абай ол кездегі қазақтың барлық басқа ақындарының үлгісімен ауызша айтып,
соған машықтанған ақын болады. Тегінде, ақын емес кісі, бұрын ақын аты бар
жүйріктермен өлеңмен айтыспайды. Ал Абайдың жаңағы ісі оның бір жер емес, талай
жерде, жеңіл айтысқа батыл кірісе жүргенін дәлелдейді. Абайдағы шешендік айтыстың
қатарында ақындық айтыстың ілесе жүргенін сездіреді. Абай жазушы ақын болған
кезінде, бертін уақытта да талай ұсақ өлеңін осылайша қолма-қол суырып сала айтатын.
"Көкбайға", "Қыздарға", "Қара қатынға", "Масақпайға" деген сияқты толып жатқан
эпиграмма, әзіл өлеңдері жазушы Абай емес, фольклор көлеміндегі Дулат, Шөже сияқты
ақын боп жүрген бір кездерін, әсіресе жастық кездерін анық танытады.
Жаңағы айтылған әйелдер сияқты, Абайдың жас күнінде қатты қадірлес болған әйелінің
бірі - Мұрын Тананың қызы Тұржан сұлу екен. Бұл кейін Сыбан ішіндегі Быжы деген
өзбекке тиіп тұрғанда, Абай әдейілеп барып амандасып қайтып жүрген.
Жігіттік шағында көп жастың салтын қолданып, кейде ақындық өнерін ашық шығара
жүрген Абай ел келесіне атсалысып, шешендік пен алғыр, жүйрік билікке де ұста болады.