Page 204 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
204
қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, ұсақ істер туралы келісім
жасауға да ерік береді.
Абай жасына жетпей ұлғая бастайды. Балалық белгісін ерте жоғалтса, сөйлесіп жүрген
үлкендеріне бала көрінбеу жағын көп ойлайды. Әкенің билігі, өмір талқысы және
араласып жүрген үлкендері болсын, барлығы да Абайды оқудан алыстатып әкетумен
тоқтамай, табиғи балалық қалпынан да жырып әкеткен.
Жас кезінен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін
оңды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін, ерекше хәлдерге ұшыраған. Өзінің
қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай
жаратылыстағы зеректік, талаптылық өнерін еріксіз осы жолға салған.
Сонымен, балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі
сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел, тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар
түскендей білім жияды. Ескі ақындар, шешендер, батырлар болсын, барлығының
жайындағы әңгімелер Абайға енді таныс дүние болады. Абай халық қазынасына
жанасады. Халықтың қоғамдық тірлігіндегі қайшылықтарды, ауыр шындықтарды да содан
ұғатын болады. Арызшы, мұңдыларды, зорлық, қорлық көргендерді көп тыңдап, солардан
үлкен сырлар ұғады. Құнанбай үстемдігіне қарсы әділдік ойды ойлауды да сол халықтан
үйрене бастайды. Құнанбайға көмекші Абай болмай, өзі үшін көп нәр алып өсіп келе
жатқан жас болады.
Қаладағы оқудан шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға ендігі зор
тәрбиеші, ұстаз қазақтың қалың бұқара халқы бола бастайды. Ел даналығын танып, соны
ерте қамту жас талапкерге жаңа зор мектеп тәрізденеді. Бұл жөніндегі азық білімді ол
әкесінен алмайды, халықтан шыққан шешен, ділмәр ақыннан, ескі әңгімешіден,
көпшіліктен алады. Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды,
Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап
өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар, мысал, мақал, аңыз,
дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ,Жолаушылардан көп есітеді. Ол
әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуан әкімдер зорлығы, қыздың
мұңы сияқтыны да көп естіп өседі. Осындай мұраларды сүю Абайды қатал суық билер
ортасына қалдырмай, халық мұрасына жақын етіп жүреді. Билер, әміршілер ортасын ел
көзімен көріп, қиянаттарын танып, қатты сынап, жиреніп өсуге бейімделе жүреді.
Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде соларды керекке жаратып, әңгіме
арасына кірістіріп отыру - шешендерге көп жайылған салт еді. Абайға да сол парыз
сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп
сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен боп көріне бастайды. Басында балалығының
арқасында сөзге қорғана кіріскен Абай, аз жылдың ішінде үлкен табыс тапқандай болып,
адымын ұлғайта береді. Бірнеше рет жол көріп, көзі қанған соң "пәлен жақсы, түген
жақсы" дегендерінің айламенен, қанауменен қиянат болмаса, өзге жалпы білімге, ақыл
шалымға, адамгершілікке татымсыз екенін сезеді. Ол кісілерден өзін кем санамауына тағы
бір себеп - Абайдың оқуы барлығы. Ел кісілерінің көпшілігі Құнанбай сияқты оқымаған
адамдар болған уақытта Абай олардың қасында өзін өзгерек көрген. Надан кісілердің
ортасына келіп өлшескенде, бұның оқуы дардай саналған. Бұған халық ескілігі, тіл
өнерінің мол байлығы қосылған соң, Абай өз заманының ішінде өз қайратына сенген
өршілдікпен құлаштайды.
Ол үлкен-кішінің ұтымды, шешен жауап айтқанын тәуір бағалап, дау, талас, тартыс,
егесте өзі де сондайды айтып қалуды машық етеді. Бұны ылғи жай сөз түрінде айтпай,
кейде өлеңмен де айтып жіберетін болады. Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын