Page 203 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
203
Ақынның жас күнінен бізге жеткен өлеңдері көп емес. Сан шығармалары ұмытылып,
жоғалған болу керек. Абайдың нағыз өнімді өлең жаза бастаған кезі жігіттік шағы өткен
соң басталады. Ол кездегі Абай арабшыламақ, парсышыламақты теріс нәрсе деп түсінген.
Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай,
Семей қаласындағы "Приходская школаға" түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ мұндағы
оқу ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Мұсылманша оқуы да
доғарылады. Жасы 13 - ке толғанда ерте есейіп, ақыл сезімі ашыла бастаған өткір зейінді,
ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса оқу, тәрбие беретін мектептің есігі жабылады.
Қырдан көрі тәуірірек үлгі беретін қалада болғанда, ақын болатын баланың алған жалғыз
ғана нәрлі азығы: шығыс ақындарын тану, солардың сөздерін ынтасы ауып, сүйіп жаттау
болады.
Осындай дүние есігін енді ғана ашқалы, жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта
Абай аздаған біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі. 13 жасқа толғанда әкесі Құнанбай ел
билеу жұмысына өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули
бастайды. Бала болса да, сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған
сияқты. Барлық балаларына қатал, қатты болған Құнанбай Абайдың өзгелерден артық
екенін ертеден сезген.
Баласын оқыта түспей, қайырып алған себебі, жоғарыда Құнанбай өмірі туралы айтқан
сөздерді еске алсақ, оңай ұғылады. Құнанбай өзі тұстас рубасылардың қақ жартысын өзіне
қарсы тұратын жау қып алады. Қатал мінез, қатты зорлық, үстемдік мінездерімен,
істерімен жау етеді. Көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізеді.
Қарсысына шыққан рубасыларды үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, сондағы ішке
байланған мұз олардың көбінің есінен кетпеген. Құнанбайдың өз істері, өз мінездері бір
болса, екінші жағынан, сыртқа да, ішке де әмірі жүріп, жуандап алған Құнанбайдың
маңайында да талай зорлықшыл, озбыр, сотқар туысқандары болады.
Бұлар Құнанбайдың ұлықтығына мас болып, "пәлен ауылдың жігіті, түген жуанның
туысқаны" деген атпен шамасы келгенше емін-еркін пайдаланған. Көп елді мазақтап,
қорлап, орынсыз зорлық, қисынсыз жуандық істей берудің үстіне, тіпті Құнанбайдың дос
болып жүрген рубасыларын да қажытып алған. Сол Құнанбай қарсысында жүрген
адамдар оның өзі ғана емес, жаңағыдай жақыны, өрен-жараны дегеннің барлығына да
жауығып, жирене қарайтын болған. Тартыс ретінде өшпенділік жөнімен Құнанбайдың жас
баласын да өздерінің ертең алысатын жауы есепті біледі. Оны да дұшпан санайды.
Осының бір мысалын Абай өзі де айтады екен.
Бір күні жас бала өзен жағасында ойнап жүргенде, анадай жерде келе жатқан Байсал,
Бөжей, Түсіпті көреді. Олар бұның әкесімен араз. Бірақ Абай жаңағы үлкендердің
алдарынан көлденең шығады да, қол қусырып тұрып сәлем береді. Бөжей сәлемін алғанда,
Байсал жақтырмай: "Антұрғанның баласының сәлемін алып неғыласың", - депті. Бөжей
тоқтап, баладан: "Бізді көрсең, сәлем бер деген әкеңнің үйретіндісі ме, жоқ, сәлемді
өздігіңнен бердің бе?" - дейді. Абай: "Үйретінді емес, әдейі сәлем берейін, батаңызды
алайын дедім", - дейді. Байсал сонда тағы да: "Жетпегірдің баласына тағы не бата беруші
ек!" - деп, жүре бермек болады. Бөжейдің батасында: "Әкесінің мінезін бермесін!" дегені
Абайдың есінде қалыпты.
Осы 13 жастағы Абай әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ
басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап, ептеп бастауы
керек. Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің "барып келінде" жүреді. Кейде