Page 202 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
202
Абайдың 30 жасында туған баласы, Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген
кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді "пәлен кітаптың пәлен бетінде" деп, жаңылмай
жатқа айтып отырушы еді дейді.
Осы сияқты белгілерге қарағанда, Абайдың медреседегі оқуы көбінесе "Бидан",
"Мұхтасар" сияқты дін кітаптары болмай, әдебиет мұралары болу керек. Ерте күннен
әңгімелі өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт
ақындық өнерін қадірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан.
Медресенің тынысы ауыр, тар ғаламында, қысаң тәрбиесінде жүрген шәкірттің шын
сүйетін жандары - Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Физули сияқты қазіргі шығыстық кеңес
елдеріміздің ескі классик ақындары болған. Медреседе оқып жүрген кездерінде жаздыгүні
елге қайтқанда, қаладан ала келетін кітаптары тағы сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып
беріп отыратыны да солар болған.
Өзі оқымаса да, балаларын оқытып жүрген Құнанбай бір баласы Халиолланы орысша
оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына Сопы Алаяр сияқты
ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде "Абайдан Ысқақ артық болады"
дегендерге: "Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой" дейтін сөзі Абайдың өз
есінде қалған екен.
Ескіше оқу тәртібі шынымен "инемен құдық қазғандай" өнімсіз білім болғанда, Абайдың
үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп дүниенің шетін
ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті Абай араб, парсы тілдеріне төселе
түседі. Оқуға қиын араб тілін жете білмесе де, парсыша жақсы түсінетін болады. Мұның
белгісі сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.
Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл
жалғыз араб, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлендерін араб, парсы сөздерін
қоспалап айтады. Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:
Физули, Шамси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз - бу һәммаси,
Медет бер, я шагири фәрияд,
- деп, өзі қадірлеген ескі ақындарының әруағын шақырады.
Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, Шығыстағы көпке белгілі болған ірі ақындардың
талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз. Және өзінің сол күнгі
сыншыл ой шамасымен осыларды ғана таңдағаны да сүйсінерлік іс. Медреселерде тек
софылық мистикаға баулитын Иассауи, Бақырғани, Сопы Алаяр сияқтыларды өзіне үлгі
етпей, олардан сау болғаны - мақтарлық сипат.
Абай оқуды тастап, елдің жас бозбаласы, жас жігіті болып жүрген кезінде де жаңағы
алғашқы ақындардан алған үлгі - әсерден түгел айықпай, көкейінде көп сақтап еді. Сол
кезде ұнатқан әйеліне өлең жазса, әлгі ретпен кітапшалап жазады.
Әлиф дек ай йузіңе ғибрат еттім,
Би - балай дәртіңа нисбәт еттім, -
деп, "әліп", "би" мен жазған өлеңі, одан соң "йузи - раушан, көзі - гауһар, лағилдек бет үші
әхмәр..." деген өлеңдері жас шағында қиялына қатты әсер етіп, тіл кестесі де өздерінің
үлгісіне тартып алған жоғарғы ақындар әсерінен туады.