Page 201 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
201
Шынға келгенде, Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын,
жалынды, жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен
сөйлегіштік көп пе, жоқ, шанышпа тілді, сатиралы ащы мысқыл, улы күлкіге ұрғандық
көп пе? Біздің ұғуымызша, соңғы түрі басымырақ сияқты.
Құнанбай жанның бәріне салқын болған қалпында өзінің балаларына да зілді болған. Сол
зілін жас шағында Абай да көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам
болғандықтан, орайы келгенде өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына әзіл-қалжыңды
айта береді. Әзілмен жауаптасуды Абайға бала күнінен еккен. Осының бір мысалы бар.
Абайды сүндетке ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап:
"Құдай-ай, бүйткенше қыз ғып жаратпаған екенсің" депті. Ұлжан соған: "Балам - ау, қыз
болсаң, бала таппас па ең, содан қиын боп па?" депті. Абай: "Е, сонысы тағы бар ма еді?"
деп уанады екен.
Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек, өзіне ғана
хас ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен
бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған.
Сондықтан енді Абайдың өз өміріне келейік.
Абай, жоғарыда айтылғандай, екі шешенің тел баласы болып жүрген. Кішкене кезінде
сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентек бала болса керек. Бірақ сол кішкене
күнінде өзге балалардан ерекше жері - үйге қонған қонақтардың әлдеқалай айтқан ертегі
сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес болғандықтан,
ауылдағы үлкендер Құнанбайдың бұл баласынан көп дәме қылмайды.
Абай он жасқа келгенде әкесі Семей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да
Абай біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар.
Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте
имамдық қылады. Және сол мешіттердің жанында медреселер ұстаған. Оқушы шәкіртінің
көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның көбін араб,
парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген
салтқа қарағанда, түрікше оқу жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болады. Ұстаз
халфелердің бар бейіл бергені - дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді
парсыша.
Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Өзі тұстас үлкен-кіші балалардың барлығынан
сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты
молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай,
жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен, дәріс үстінде оқылатын сабақтарды
ұғып, білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын да алмаған.
Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға
жұмсап, көп ізденуге салынады. Өз бетімен оқитыны - шығыс ақындары. Одан соң - араб,
иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет
мұралары.
Бұларды Абай бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған.
Оқуға кірген соң-ақ тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған
кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған. Өзінің әбден сүйіп,
тандап оқыған ірі ақындары болады. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай ғазелдерін
ұзыннан-ұзақ жаттап жүреді. Сол бала күнінде жаттаған кей өлеңдері ұлғайып, кәрілікке
жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған.