Page 200 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
200
деген екі бала туған. Бірақ олардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы
Халиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің
ортасында, жалғыз баланың халінде өткізген. Екі шешеге бірдей бала боп жүргендіктен,
сол кездегі үлкендері Абайға "Телғара" деп ат қойыпты. Кейін Абай ержеткен уақытта
бірталай жеңгелері ертеде қойылған атпен оны "Телғара" дейді екен.
Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен
бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан, белгілі мысқылшыл,
тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет - Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел
Шаншардың қулары дегенде қатты ығысатын. Ac, жәрмеңке сияқты қалың жиындарда бір
жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері:
"ойбай, Шаншар келе жатыр. Қылжақ етеді" деп, өрттен қашқандай дүркірей қашады екен.
Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұстап болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған
нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса, түндігін
ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз шабуылымен кімнің де болса есін шығарып,
есеңгіретіп кетеді.
Осы Шаншардың бұрын - соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы - Тонтай.
Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі
әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда, Тонтайлар - қалың қазақ ортасының
үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думан, ұдайы қызық күлдіргісі. Осы
Тонтайдың інісі Тұрпаннан туған әйел бала - Ұлжан.
Ол сабырлы, кең мінезді кісі болған. Абай балалық шағын сөз қылғанда, өз шешесіне
қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Ұлжан күндестікті көп сыртқа
шығарып білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы Абайдың
бала шағында көп қатынды тұрмыстың бар зарын татып, тағы да неше алуан ауыр
қиыншылықты керіп өскендігін білдіреді.
Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда
әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталады. Мысалы,
Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан. Ауылдың үлкенінің біреуіне, көп ауырып жатқан
Ұлжанның жәйін сұрап, "өлем деп жатырмысың, қалай көрінесің?" дегенде: "Ой, шірік,
мен бұрын өліп көріппін бе, қалай екенін қайдан білейін?" депті.
Ұлжан қолында Шектібай деген бауыры көп жүрген. Шаншардан келіп жиендерінің
аулында қонақ боп, ойын салып жүретін сауыққой, сықақшы, күлдіргі адам болған. Сол,
Ұлжан ұлғайып келген кезде бір күні, өзі бірге туған апасы Ұлжанды "әже" депті. Ұлжан
ашуланып, "қағынып кеткенбісің" дегенде, Шектібай: "Е, жұрттың бәрі жер күңірентіп
"әже," деп жүргенде, жалғыз мен, жаңа тілім шыққан баладай "Aпa, апа" деп отырайын
ба?" депті. Сонда Ұлжан: "Қыз болса мені іздеп келер ме еді, бүйтіп сөйлер ме еді, сатып
алсаң да, еркек бол" - депті.
Осындай кесек қалжың, ажуаға да Ұлжан көнтерлі, созымды, тапқыр болған. Қиын
жайды, қысталанды күлкі сөзге айналдыру - қазақ халқының, әсіресе Шаншардың
мерзімді мінезі.
Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: "Жазыла -
жазыла қожа-молдадан ұят болды, енді өлмесек болмас", - деп айтты деген сөз екінің бірі
білетін мәтел болып кеткен. Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты
түйрегіштік нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген.