Қазақстанның ашық кітапханасы
19
соңғы ақырғы сұрау: қазақ театрының бүгінгі күйін қандай деп білеміз? Бұл сұрау қазіргі
театр мен қазірде көзге көрініп жүрген пьесалар, онан соң артистер жайына тиісті сұрау
болады.
Мәселенің шешуін: «Қазақтың өз театры бола ма?» — деген сұрақтан бастайық. Бұған
ұзақ жауап қажет емес; болуына керек, болады дейміз. Себебі барлық ел мен қауым
тіршілігінің үлкен шарты — өнер. Сымбатты өнер болмаған елде мағыналы тіршілік жоқ.
Қандай қауым, қандай тапты алсақ та қаны мен жанының суретін өнер айнасына түсірмей
отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы өшеді.
Күн шуақты, жылы күнді көрмей қуарып солған гүлдей болып семіп, суалады. Сондықтан
театр өнер есебінде: «Керек-керек!» — дейміз.
Бұл сұрақтың екінші буыны: «Өз театры бола ма?» — деген мәселе. Мұның жауабын да
ойланбай-ақ беруге болады. Өз театры болуға керек. Себебі өнер атаулының барлығында
қай елде, қай түрде туса да сол өз ортасының шартынан, өз топырағының қалпынан туады.
Сол ортасының түйінін киіп, соның іші-бауырынан шыққан суреті сияқты болып туады.
Өнердің ғылымнан айырылатын жері де — осы. Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін,
отансыз, анасыз зат. Бұған қарағанда, өнер қаны, жаны бар денелі зат сияқты. Бұл
анасының ұрпағы болып қана туа алады. Солай болып туа алса ғана өсіп-өніп дәурен
сүреді. Елінің тонын киіп, елінің өз исімен шықпаса, өнер ерте күннен өрістен айрылып,
тығырыққа қамалып, өлімге қарай бас иді деу керек. Сондықтан қай ел болса да, өз өнері
әлсіз, көріксіз болса да, өзгенікінен артық көреді; өзгенің алтынына өзінің қара темірін
айырбастамайды. Расында ойланып көрсек, Бетховеннің сонаталарына қазақ «Саймақтың
сары өзенін» сатар ма еді? Рафаэльдің Мадоннасы, Репиннің суреттері қазақ топырағына
келсе, өз жеріндей ұғылып, өз еліндегідей көрген жұртты еліктірер ме еді? Не болмаса,
Шекспирдің «Гамлетіне», Гетенің «Фаустына» қазақ өз елінде болған, заман шерін айтқан
Асанқайғыны, толғау айтқан Бұқар жырауды айырбастар ма екен. Рас, бір заманда осының
бәрін қазақ та өзгелердей ұғатын болар. Бірақ елді сол заманға жеткізетін, сол санаға
шейін жетектеп апаратын өз өнері болады. Әзірше әлгінің бәріне қазақ өзінің
қолындағысын айырбастамайды дейміз. Себебі оның бәрі — өнер. Өнер — елдің бел
баласы. Қарға баласын аппағым десе, қазақ та өз өнерін аппағым, асылым, үміт,
қуанышым дейді. Олай болса театр өнеріне келгенде біз өзге елден алсақ, сыртқы үлгіні
ғана аламыз. Өз өнерімізді қалыптауға себеп болатын көпке бірдей заңын, өлшеуін ғана
аламыз. Солардан басқа өнердің жаны мен денесі боларлық бұйымның барлығын өз
елімізден, өз етімізден өз пішініміз сияқты қылып шығарамыз. Сол себепті қазақ театры
қазақ елінің өз театры болуға керек дейміз. Театр жайында бүгінгі күнде біздің алдымызда
тұрған екінші сұрақ: «Қазақтың өз театры боларлық мүмкіндігі бар ма?» — деген мәселе.
Қазірде, театр әңгімесін жаңа қолға алып, отырған жерде біздің ең көп қадалып қарайтын
мәселеміз осы. Театрдың кіндік мәселесі осы болғандықтан біз енді бұл күнге шейін көп
айтып келген «ел», «ел» деген еліміздің қандай жай-күйі барын тексеріп, сынап
шығуымыз керек.
Өзге жұрттың мысалына қарағанда, театр өнерінің ұрығы елдің әдет-салтынан, ойын-
сауығынан, ән-күй, өлең-жырынан басталған. Театр өнерін туғызатын жайлы топырақ,
қолайлы шарт елдің өз денесінен шыққан. Өнердің іргесін қалайтын елдің өзі. Содан кейін
мықты дүкен, сұлу күмбезді жасайтын — сол ел тірегіне иығын сүйеген өнершілер. Театр
өнерін туғызатын негізгі шарт осы болғандықтан, біз қазақтың театрын жасауға кіріскенде
ең алдымен сол театр ел өмірімен жалғаса алатын бола ма? Келешек заманда дәурендеп
көркейе ала ма? Қалай жасап, қандай бағыт берсек, келешегінен үміт қылуға болады? Осы
жағының барлығын да ойланып, өлшеп, ұғынып алуымызға керек. Мүмкін болғанынша