Page 197 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
197
старшын Құнанбайды ертіп алады. Патшалық әскеріне қосып, Құнанбайға да қол
жиғызып, топ көбейтіп, Тобықтыдан көп жігітті атқа мінгізеді.
Бірақ ел аңызы бойынша: Құнанбай ұлық алдында дұспан көзі қылғанмен, Кенесарыны
шындап, бой салып қумайды. Бір рет екі қол кезіккен уақытта, бұлардың қарсысына ұзын
торы атқа мінген қолбасы шығып, жауынгер серіктерімен қатты қимыл етеді. Патшалық
әскерін ілгері бастырмай қояды. Отряд бастығы осы орайда бір тәсіл жасап, қазақ тобын,
Құнанбайларды алға салып, өздері солардың артынан тықсыра жүріп барып, жақыннан
айқаспақ болады.
Ойлағанындай бір сәтте Тобықты қолы Наурызбайларға қоян-қолтық келіп қалады. Сонда
Тобықты ішінде Көкшеден шыққан Төбет деген батыр шындап шауып, Наурызбайдың бір
батырына найза саларман болады. Осыны Құнанбай көріп, Төбетке ақырып, шақырып
алып: "Мен күнім үшін жүргенім болмаса, шындап ұстасайын деп жүр мекем,
көрмеймісің, бізге оқ атпай, басымыздан асырып, арттағы отрядқа атып тұрғанын. Сен
иттің батырлығың осында ұстаған екен..." - деп, қамшымен бастан тартып жіберіп, тыйып
тастаған деседі.
Құнанбай аға сұлтан болған уақытында Тобықтыға старшиналыққа өзінің тоқал
шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез
жағының қайсысынан болса да елге залалды әкім деп бағалады. Майбасардың содырлы,
зорлықшыл қылығының салдарынан Жігітек деген ру, бастығы Бөжей болып, Құнанбайға
қарсы болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай әрі сырт елдерге атақты,
үкіметке салмақты болып ап, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып жыға берген.
Сонымен, алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай
тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті
адамын Сібірге айдатады. Ол кез патшалық ұлығына қазақ сахарасының жаңа-жаңа
бойсұнып келе жатқан кезі болады. Сотталу, абақтыға жабылу, айдалу дегендер ел
көрмеген үлкен сұмдық саналатын.
Құдая, елді сақта сотталғаннан,
Теңселіп екі қолын бос салғаннан, - дейтін кез.
Құнанбайдың бұл айдатуы өз әмірін зорлықпен танытпақ болған қаталдығынан еді. Ол сол
кезде Тобықты ішінде талай руды жерінен көшіріп немесе өзіне жақын рубасыларға
шұрайлы жер әперіп жүрген. Бөкенші, Борсақты жерінен көшіру, Жуантаяқты,
Қарабатырды көшіріп, жерін алу, Көкшені көшірмек болу - бәрі де сол үлкен көрінеу
зорлықтың айғақтары еді. Жігітекпен үлкен араздықта осы жөннен туып, кейін ұлғайған
өштікке айналған. Сонымен, Құнанбай "елді қарсыластырмай, қорқытып, жасытып
жіберем" деп, көп жанды жер аударған соң, кейінгі көп заманға, көп буынға шейін
ұмытылмастық кек, жаулық қалады. Бері келе өсіп, іске араласатын жас Абайдың алдында
әкесі тастап кеткен осындай зор пәле - зұлымдық, зорлық тұрған-ды. Абайдың одан
жиреніп, қарсы боп өспесіне шара жоқ еді.
Бір Құнанбай емес, осы кезде ел ішінде жауласқан күшті жуанның бәрі де бір-бірін ұлық
арқылы жер аударып, жазалатып жүреді. Құнанбайдың өзін де Жігітектер бір шақта
жеңермен боп меңдетіп барып, қуғын қағазды молайтып, Омбы қаласына шейін тергеуге
апарып, әреңге қалған.
Ел ішінде кісі соттаудың алды бір қақтығыс емес, талай пәле боп келеді. Оның кей кездері
барымта, төбелес, шабуыл және толып жатқан сияз, тартыс - жұлыс болады. Бейбіт елдің
арасын атшабар, стражник сияқты беймаза шолақ әкім кернейді. "Қара қозы жеп, қара
елтірі қайқая киіп" дейтін сотқарлар молаяды. Сияз деген бір ауыр салмақтағы бар. Ол