Page 196 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
196
батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде
мықты, найзагер болып та саналған. Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек
мінезді, қатты адам болған. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес, әке-шеше, жанашыр
жақынға да бір қалыпта болған сияқты.
Ел билеп, іс басқаруға келгенде Құнанбай әкесінен айлалы болған. Бұның кісілікке толық
іліккен кезінде Сібір даласы "1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан жарғы"
бойынша округке бөлініп, "округтік приказдар" билейтін. Округтің бастығы - аға сұлтан,
приказдың қалған екі мүшесінің бірі - үкімет чиновнигі (елдің көбі мұны "майыр" дейді).
Үшінші мүшесі - сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады.
Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес боп жүрген ру жуандары
Құнанбайдың аға сұлтан болуын Бөкейханның нәсілі Құсбек, Жамантайдың партиясынан,
патша саясатынан дегісі келмей, "Құнанбайдың басының қасиетінен" деп кеткен. Сол
кездегі атқамінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай "қарадан хан болған" деп
аталады.
Құнанбай бірде Тобықтының старшинасы (ол күнгі болыс есепті), бірде жаңағыдай аға
сұлтан болып жүрген кезде басынан талай үлкенді-кішілі уақиғалар атқарған. Ақын
Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жайында ел жадында қалған аңыз-әңгіме
аса көп. Себебі Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады.
Ақыл, ой да, қажыр-қайратта, әмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты, кесек
іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен.
Ол жайындағы әңгімелерді ақын Абай атына байланыстырмай-ақ, неше алуан ғып ел
аңызы көп сақтаған, көпке жайған. Шынында, Құнанбайдың ұзақ өмірі (ол 80 жасқа жетіп
өлген) қилы-қилы уақиғаға аса бай еді. Өскенбайдың өзі барда ел ішін ерте қолға алған
Құнанбай ру тартысының зор қақтығысын жасырақ шағында да бірнеше көреді. Ондағы
тартыс, Тобықтының өз ішіндегі тартысы емес, сырт рулармен тартысы. Мысалы,
Құнанбайдың 30 жастағы шағында Өскенбай аулын Найман шабады. Найман қолының
мықты басшысы Серікбай көп қол жиып кеп, бекініс алып жатып, бірнеше түн ауыл
шауып, жылқыға тиеді. Қатты қимыл соғыста Құнанбай тап ортада өзі жүреді. Найман көп
кісі тұтқын қалдырады. Тобықты жылқыны алғызбайды. Бірақ осы соғыста Құнанбай
жағынан көп кісі найзаға шаншылып, қатты жарадар болады да, Өскенбайдың бір азамат
баласы қаза табады. Ол Болсамбек деген асырап алған баласы болатын. Мұны Зере
Құнанбаймен бірге бауырына салып өсірген еді.
Найманнан Өскенбай аулында тұтқын боп, көп азап көрген жандардың ішінде Қожамжар
деген ақын да болған. Осы шабуыл, зор пәлені Қожамжар өзі уақытында көп өлең еткен.
Бұл пәленің арты Қарқаралы приказының, Аягөз ұлықтарының қатты кіріскен ісі боп,
ақыры Омбы ұлығының кеңселеріне шейін барады. Соңғы жылдар табылған архивте
Тобықты жағының барлық жауабын, дауын айтып, бар тартысты басқарып жүрген кісі -
би Өскенбай емес, әкесі берген тапсырма бойынша, бар тергеу - талқыны өз мойнына
алған 30 жасар жігіт Құнанбай болады.
Құнанбай басынан кешкен осы алуандас екінші бір уақиға, қазақ тарихының сол дәуірдегі
үлкен бір беліне соғады. Ол Құнанбайдың Кенесары жорығы тұсындағы бір ісі.
Тобықтыға старшина боп тұрған Құнанбай жоғары ұлықтан тығыз бұйрық алып, Балқаш,
Алатауға беттеп бара жатқан Кенесары, Наурызбай қолын қуады. Ел есінде жыл мөлшері
қалмапты. Бірақ бұл уақиға шамасы 1846-47 жылдар кезінде болу керек. Құнанбайдың
кейін ақын болатын баласы Ыбырайдың жас нәресте күндері. Кенесары қолының
Балқашқа қарай қиыстап өтіп бара жатқан уақытында арт жағынан да, Аягөз тұсынан да
қуа шыққан отрядтар болады. Сол отрядтардың бірі жоғары әкімдер бұйрығымен жолдағы