Page 195 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
195
Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде, сол інісі ертерек өліп
қалады. Ырғызбайдың өзге бір ерекшелігі - жас кезінде үлкен ас, ұлы дүбір жиында
күреске түсетін үлкен балуан болған. Уақытында қазақтың көп руларының арасында зор
лақап болып жайылған бір күресі бар. Ол - қазақ, Қоқан халықтары жиналған бір аста
"Қоңыраулы балуан" деген түйе балуанды жыққаны.
Ырғызбайдың бірнеше баласы болған. Олары: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскенбай.
Өскенбай Ырғызбайдың өзге балаларының ішіндегі ең артығы болады. Кеңгірбай
Ырғызбай өлген соң, оның орнына Өскенбайды ұстайды. Бертін келіп, өзі қартая бастаған
кезінде өз орнына Өскенбайды би етпек болады. Сол күннің жолы бойынша батасын
беріп, Өскенбайды би қояды.
Өскенбай өзінің ел меңгеру әдісінде, ең алдымен, көпті мезі қылған парақорлық мінезінен
бойын қашаңдау ұстауға тырысқан. Ел ортасында сақталып қалған сөздің бірінде: "Ісің
адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға бар" деген сөз бар. Бұ да билердегі
сатымсақтық, жемқорлық дағдыны көрсетеді. Содан мезі болған, жиренген ел өз сынын әр
тұста қатты айтып отырған.
Қайырсыз болған жазыңнан –
Қайырлы болған қыс артық.
Көрінбеген алтыннан –
Пайдасы тиген мыс артық.
Пара жеген билерден –
Қасқыр алған ит артық, —
деген сөздер би атаулының қайсысына болса да сын, таразы тәрізді еді. Парашыл әкім кім
болса да оған ел сыны беті - жүзіне қарамай қатты айтылатын. Би ғана емес, халықты
меңгерген хан, төреге де соны ашып айтатын. Сол Кеңгірбай тұсында Найманды билеген
мықты төре Бопыға айтылған бір сын сөзде:
Бопекемнен төрелік іс кетпеген,
Жегеніне Байыстай ел жетпеген.
Қара сөзге құбыладан ескен желдей,
Алдынан тоқтылы - қой дау бітпеген,
— дейді. Парашыл, жегіштік елдің дау - шарына бітім таптырмай, көпке кесір болған соң
осындай ащы мысқыл да, қатты, қатал сын да көп туып, ел аузында күнде айтылып жүре
берген. Сондықтан Өскенбай бұл жағынан тиімді болады. Бірақ осындай болумен қатар,
елді күшпен, зіл мен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған. Мысалы, бір
уақыт алдына жүгініске келіп отырған Мәмбетей деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп
алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел. Озбыр, зорлықшыл, жыртқыштық мінез иесі
екенін де танытады.
Өскенбай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ержетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804
жылы туған. Бұның шешесі Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған. 1850 жылы
72 жасында Өскенбай өледі. Зере ерінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп, тоқсанға
жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі - Абайдың бала, бозбала күнінде ауылдың
бәрі Зерені "кәрі әже" дейді екен. Кәріліктен құлағы естімейтін болады. Балаларына дұға
оқытып үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі - Абай кәрі әжесінің құлағына өлең
айтып келіп үшкіреді екен.
Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа, оқу тәрбиесін
көрмеген. Мұның орайында жас күндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша,