Page 18 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
18
өмірін әлденеше жағынан алып, неше алуан салт пьесаларын туғыза бастады. Бұрынғы
шеттен келген жат өнер осылардан кейін ғана орыс елінің өз өнерін құрауға айналды.
Орыс театрының Островскийден соңғы бір алуан үлгісі Чехов театры болған. Мұның
драмалары да осы қауымның өз өмірінен алынған салт драмалары. Бірақ Чеховтың
пьесаларында жаңалық — драма оқиғаларының барлығы көңіл күйінен құралады. Сол
себепті Чехов театры — көңіл күйінің театры деп аталады. Бұның пьесаларында патша
заманындағы орыс тіршілігінің бір орнынан қозғалмай қатып тұрған қалпы суреттелген.
Сол сурет өте сұр пішінді, өте жансыз болғандықтан, жазушының көңілінде қайғы күйін
күшейтеді. Барлық драмаларында қайғымен құлазып жүдеген жансыз ауыр күйлер
шертіледі, тіршіліктің бейуағы сияқты тыныс бітіп, жан үзіліп бара жатқандай мұздап,
жұтап тұрған хәлдер көп болады. Адамдары белгілі мақсұт қуған, белгілі тілектің соңына
салынған еті тірі адамдар емес. Көңіл мен Островскийдің адамдарындай ашық пішінді
адамдар емес. Мінездерінің нобайы, ыңғайы ғана көрінетін адамдар. Сондықтан Чеховтың
жасаған типтерін ойнаушы артистер жазушының әдейі тұлға қылып көрсетпей қойған
мінезі мен күйлерін өз жанынан қоса толтыруға міндетті. Чеховтың пьесалары
ойнаушының ең ірісін таңдайтын пьеса.
Сол шартты орындауға жараған артистер — Вера Комиссаржевская бастаған артистер
болды.
Бұлардан соңғы жаңа заман театрлары болса, көпшілігі мәдениетті қаланың бойы аспанға
шығып жатқан қызулы, шулы тіршілігінің айнасы болады. Сатырлап жатқан машина
ағындап бара жатқан өнерлі тұрмыстың ағымына салынған жаңа үлгінің, жаңа өмірдің
театры. Бұл театр шеберленген өмірдің биікке кеткен өнері сияқты. Сондықтан ол
жайындағы сөзді ұзартпай, жалпы театрлар тарихын осы мағлұматтармен тоқтатып, енді
қазақ театрының мәселесіне келеміз.
Жоғарыда саналған елдердің театрларына қарасақ, көпшілігі өз бастарынан екі түрлі күй
кешірген: біреуі — шеттен келген, өзгеден алған үлгі сияқты ақсүйектер, сарайлар
орнатқан өнер; екіншісі — ел тіршілігінің іргесінен шыққан, ел салтындағы ойыннан, ел
аузындағы әңгімелерден, көп елдің той мейрамынан, ұлы жиында айтылатын өлең, ән -
күйлерінен шыққан өнер. Өзге жұрттың тарихына қарағанда, кең өріс, даңғыл жолға ие
болған соңғы түрі. Алғашқы түрдегі өнер көп елде аз ғана топтың ғана қызығы сияқты
болып, көпшілікке жат күйінде қалды. Сондықтан бойы өсіп, өрістей алған жоқ. Көпке
шейін жоғалмай, салт театрымен қатар жасасып келсе де көптің сүйген, тілеген өнері
сияқты болып өміріне жанасып кете алған жоқ.
Мұнымен қатар, елдің болымсыз ойынынан, болымсыз күлдіргі әңгімелерінен, ертегі
жырларынан шыққан кішкене театрларды алсақ, олар заман озған сайын буын-буын
болып тұрған ірі жазушылардың тартуына ілініп, бәйгіге қосылған аттай ілгерілеп, алды
ашыла берген, ел тіршілігінің дәл өз топырағынан туған кішкене театрлар кейінгі
заманның ірі жазушыларына бет-бағыт белгілеп бергендей болды. Қай елдің жазушысы
болса да, драмаларында алдымен өз елінің өмірін, өз жұртының салт-әдетін, мінез
жаратылысын көрсетуді міндет деп санады. Барлығы да еліне салт театрын жасап берді.
Басында елдің өз денесінен болымсыз ойын-сауықтан шыққан кішкене театрлар аяқ кезде
салт театрына айналған уақытына шейін бір мезгіл елді тастаған емес. Бұл көптің қызығы,
қалың елдің театры болудан айныған жоқ. Ел өмірі, ел қалпымен қол ұстасып қатар
отырды. Барлық салт театрының бетімен жазылған пьесалар бұл сөздерге дәлел.
Енді осы жайды еске алып, қазақ қалпына келсек, бізде жасалып, қалыптанып тұрған
театр жоқ. Театрдың орнында әзірше бірнеше сұрау тұр. Қазақтың өз театры бола ма? Өз
театры боларлық мүмкіндігі бар ма? Келешегі қандай? Болса қандай театр болмақ? Онан