Page 187 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
187
Осылайша қарағандықтан, Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз
қолынан келген ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды. 1889жылға
дейін, Абайдың өзі жазған өлеңдерінде Татьянаның хатындай, немесе соңғы жауабындай
және де Онегиннің "Құп білемін сізге жақпас" деген хатындай өлеңді ұшырата алмаймыз.
Бұл өлеңдерде Абай бұрын қолданбаған тың түр табады. Онысы - шалыс ұйқасты
қолдану. Ырғақ жағынан да Абай Пушкиннің қысқа жолдарына жақын отыруға тырысады.
Абай Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл бітіреді, Онегиннің ойлы-
қырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Бұл
жерде Абайдың аударған Татьяна, Онегині Пушкин шығармасында болған үлкен бір
қасиетті ашады. Татьяна - Пушкиннің өзінде "орыс жанды" орыс қызы болумен бірге,
адам баласының үлкен қасиет, зор сипаттарына ие болған жан еді.
Абай еңбегінде сол орыс топырағындағы адам қасиеттерін ашып, жер жүзілік
географиялық ортаның бәрінде, бар адам баласының жас буындарының ортасында, өзінің
мұңдасын, сырласын, үндес жандарын тапқанын көресің. Бұған Абай аудармасындағы
ерекше ірі көркемдік пен ақындық шеберліктің өзгеше боп құрылған күйлі келісімдері
себепші боп отыр.
Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының
ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес.
Татьяна мен Онегин сөздерін танытқан Абай жолдарының, шумақтарының олқысы жоқ
деуге болады. Кей жерлерінен алсақ та, бұрын айтылмаған үнемі тың және қазақ тілімен
бұрынғы шақтарда хат жүзіне түсіп көрмеген, соны тіл, мөлдір таза сезімдер бал-бұл
жанып тұрғанын көреміз. Осындайлық шеберлікке жету үшін Абай неше алуан теңеуді,
сирек шешендікті және өзінің оқушысы білген неше алуан керекке жарарлық түсініктерді
түгел қолданады. Кейде қазақтың халықтық, тірлік теңеулерінен де мысал келтіреді.
Мұның кейбірі көңілдегідей, жарастықпен шықса, кейбірі Татьяна шындығында дәл
қабыспай жатса да, ақын оған қысылмайды. Өз халқына, оқушысына, өз тұсына
ұғымдырақ ету үшін Татьяна мен Онегинді сол өз жұртының тіл - түсініктеріне, кейбір
ұғым - нанымдарына жақындатып, жанастыра түседі.
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бәрі алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс...
- деуге аудармада Абай Пушкиннің өзіне жақын барып, шеберлік тапса, Онегиннің
хатында басқа сырды көрсетеді:
Михрабымсың, бас ұрамын,
Тіл жете алмай ғұзырыма,
Жетпедім, не жасырармын,
Гауһарымның қадіріне... - дейді.
Мұнда алған теңеу - "михраб" болуы ғажап емес. Татьяна орыс қызы болу себепті
христиан дінінде. Ал "михраб" тек мұсылманның ғана мешітінде болады, онда имамның
ғана сәжде қылатын орны. Абай Онегинге осыны айтқызуда өзі білген асылдың, өз
оқушысы түсінген қадір-қасиеттің, асыл - құрметтің қайсысын болса да екі жастың
сезімдерін жеткізуден аямағанын көрсетеді.