Қазақстанның ашық кітапханасы
186
өзінде де Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, ой - сезімдер жиі ұшырайды. Бұл
тұстарында Абай Пушкиннен аударма жасамай, оның орнына Абай Пушкиннің ізімен,
жаңа жайларды жырлап кетеді.
Ең аяғында, жоғарыда айтылғандай, Абай Онегиннің өкінішін үлкен трагедиялық ауыр
ойға жеткізіп, оған өлім тілетеді. Бұл Абайдың мүлде өз жанынан қосқан хәлдері мен
өзгерістері дедік.
Осылайша Пушкиннің үлкен шығармасына қазақ ақыны Абай бірталай еркіндік жасайды.
Мұндай шығармалық еңбек етудің екі түрлі айқын себебі бар деп білеміз. Оның біріншісі
және ең үлкен себебі - Абай орыс жастарының сезім - сырларынан, өмір тағдырынан
өзінің жас оқушысына үлгі боларлық тәлім-тәрбие ғана бермекші болады. Екінші себебі,
біздің ойымызша, 1889 жылы жалғыз "Бородино" өлеңін аударғанын еске алмағанда,
қолға алғаны - осы Пушкин романы. Бұл уақытта Абайдың ақындық аударма турасындағы
түсінігі, көзқарасы өзінше өзгерек болған тәрізді. "Ескендір" поэмасының тақырып
желісін Низамиден алып, көп өзгертіп жырлағаны да осыдан. Осылайша аударуды өз
заманындағы оқушылар үшін ұстаздық, үгіт жағынан Абай қажеттірек деп ұғынады. Осы
тұрғыдан қарасақ, жоғарыда айтқандай, қазақ жасына орыс жастарының өмірінен үлгілі
әңгіме баян етіп беруді ең үлкен мүддесі етіп алады. Сондықтан Абай үшін опасыз
жігіттің қайғылы, күлкілі халінен гөрі, оның шынымен қателесіп, бар жанымен шын
қамығып, өкінгені қымбатырақ. Сол себепті Абай Онегинді айыпты адам қылып
шығармайды. Оны тек жұлдызынан жаңылған, жазықсызда жаза басқан жақсы жан етеді.
Сөйтіп барып, біріне-бірі тендік, жаны туысқан жақындық себепті, анық бұйырылған
адамдар, тұрмыс талқысының себебінен қосыла алмай, қоса күңіреніп, қапыда кетеді.
Сөйтіп, Абайша, жақсы Татьянаға жақсы Онегиннің қолы жетпей қалады.
Дәл осы жай туралы кеңірек ойланып қарасақ, Абайдың Пушкинді, оның кейіпкері
Онегинді ұғынуы тіпті де ұшқары, үстірт емес, терең ұғыну екенін байқауға болады. Бұл
жөнінде Белинскийдің Онегин басын талдап түсіндірген сын мақаласын оқыған адам
дауласпауға тиіс. Онегиндегі барлық сыртқы сипат, ішкі жаратылыс, оқшау мінез
өзгерістердің баршасын Белинский өзгеше көрегендік, тапқыр сыншылдықпен түгел ашып
береді. Сөйтеді де, оның мінезін өзі де түсінеді, жұртқа да түсіндіре отырып, көпшілік
ойлаған үстірт кінә, айыптың көбінен Онегинді ақтап шығады, ішкі сырына келгенде,
Белинский Онегиннің адамшылығын өз ортасындағы татымсыз өрнектердің бәрінен биік
деп артық бағалайды.
Пушкиннің осы романындағы үлкен қасиетті сынағанда, ұлы сыншы: "романда бір
замандағы орыс қауымы берілген" дейді, ол қауымды халықтық, адамгершілік жағынан
жақсы қауым деп түсінеді және сол қауымның барлық тұлға бейнесі үш адамның басынан
көрінген. Олар - Онегин, Татьяна және бүл екеуінен төменірек дәрежеде тұратын -
Ленский. Анығында, Белинскийдің ұғындыруынша, Татьяна қаншалық орыс жанды болса,
Онегин де сол сипаттың көбін сыртымен көрсетпесе де, ішінде сақтай білген адам боп
шығады. Енді сол жайларды еске ала отырып, Абайдың Онегинді опалы, жақсы жігіт етіп
шығаруына келсек, мұның екі түрлі орынды себебі болып шықты. Біріншіден, Абай
Онегинді анық Белинскийдің бағасы бойынша түсініп отыр. Екіншіден, сондай Онегиннің
адамгершілік, турашылық, әділ сыншылық қасиеттерін өзі де асыра жырлаумен "қазақтың
жастары осындай жақсы жігітті үлгі етсін" деген оймен баяндады. Абай үшін оның
заманында опасыз Онегинді әңгіме етудің қажеті аз болғандай. Өйткені қазақтағы жақсы
қыздың әзіз жанын түсінбей, бағаламай жарақаттайтын опасыз жігіт ол күнде көп кездесер
еді. Ондай опасыздың өкінішінен де үлгі шықпас еді. Шын опасыз жігіт өкінішімен де
жарытпас еді.