Қазақстанның ашық кітапханасы
185
Зор мәдениетке жеткен, дүниежүзілік әдебиетке ұлы классиктер танытқан орыс халқының
өскелең поэзиясы, әрине, Абайдың өз елінің жас әдебиетінде өздеріне тең сипат,
өрнектерді кездестірген жоқ еді. Сондықтан да Абайдың шебер аудармалары ғана
Пушкин, Лермонтов поэзиясының көркемдігін, терең сыр, үлкен ойларын қазақ
оқушыларына жеткізді.
Осы айтылған пікір жоғарыда аталған екінші жайға да белгілі дәрежеде шешу болып
табылады. Абайдың аудармалары оның өз шығармаларына да белгілі әсер еткенін атаған
едік. Анығында, 1887 жылдан бастап, Абайдың қайтыс болған кезіне шейін оның
аудармалық еңбектері жыл санап қосылып, молайып отырады. Сонда Абайдың өзі көп
толғайтын тақырыптарын түгел еске алсақ, бара-бара сол тақырыптардың барлығына
жазылған өлеңдерге де Абай жасап жүрген аудармалардың аса жақсы, жемісті жаңалық
әсері болғанын аңғару қиын емес.
Рас, қоғамдық өмірдегі мін - мінездерді, қалып - құрылыстарды шенеуде Абай Пушкин
мен Лермонтовтан гөрі Салтыков-Щедрин, Некрасовтардан молырақ үлгі-өнеге көрді.
Бірақ сол әлеуметтік тақырыптардың өзінде де жиі кездесе беретін мұңды - сырлы
жалғыздық ойларға соққанда Пушкин, Лермонтов саз - сарыны Абайдан байқалып
отырады.
Ал осыдан соңғы ақындық жайындағы тақырыптарды, эстетикалық принциптерді алсақ,
табиғат көркін, махаббат жайын, жеке бастың көңіл сырын, лирикасын алсақ, Абайдың
ақындық шеберлігі асқан сайын оның теңеулері, көркем түрлері - бәрі де Пушкин,
Лермонтовқа еліктеуден гөрі де, қайта солармен бастасып, табыса туысып бара жатқанын
анық тануға болады.
Абайдың Пушкин шығармаларын өз оқушыларына жеткізуі қазақ сахарасына орыстың
ұлы мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды. Бұл жөндегі Абай еңбегі тек әдебиеттік
қана еңбек емес, ол зор кең мағынадағы ағартушылық, тарихтық, қоғамдық еңбек еді.
Патшалықтың отаршылық аппаратынан өгейлік қана көріп жүрген қазақтың қалың
бұқарасына Абай орыс классиктерін, соның ішінде Пушкинді аудару арқылы, анық орыс
халқының жүрегін, сезім мен ойларын, қасиет - қадірін ашып көрсетті. Ол ұлы халықтың
дана ұлдарының аузымен айтылған толып жатқан шындықтарды, тәрбиелік үлгі-өнегені
айқындап танытты. Абайдан бастап орнаған орыс әдебиетінің жақсы ықпалы, үлгі-
өнегелік әсері кейінгі қазақ әдебиетінің барлық тарихында кең өріс алды, үзілместен дами
беретін болды.
Пушкиннің атақты романы - "Евгений Онегинді" Абай бөлек-бөлек үзінділер түрінде
аударады: "Онегиннің сипаты", "Татьянаның хаты", "Онегиннің ойы", "Онегиннің сөзі",
"Онегиннің хаты", "Татьянаның сөзі", "Ленскийдің сөзі".
Әрине, мұнда Пушкин романының ерекше көп жайлары аударылмай сырт қалады. Абай
ол романның ішінен тек Онегин - Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат
күйлерін ғана сөз қылады. Көбінше, Абайдың аударуына хаттармен баян етілген роман
қалыптанған тәрізді. Өз аудармасының соңында, Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз
береді. Бұл - Пушкинде жоқ еркін өзгерістің, Абайдың сөзінше дәлелденген ерекше бір
түр.
Қазақ оқушысына көптен мәлім мәселе, Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің текстіне
үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік те бар. Жеке алғанда, бірсыпыра бөлімдерде,
Пушкинге көп жерлерінде Абай жақын келіп отырады. Кейбір жолдар мен Пушкин
қолданған теңеулерді де Абай дәл, шебер аударып береді. Бірақ сонда да, бұл бөлімдердің