Page 184 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
184
жазушыларда ұғынуға қиын соғатын шұбалаңқы ауыр сөздер жасауға талпынушылық бар.
Мұның өзі - айтыс, талас туғызатын тақырып. Айбек шығармаларындағы күрделі қиын
сөздер жайында өзбек баспасөзінде мәселе көтерілді. Сөзді қиындатып құру жөнінде
Башировтің тапқан жаңалығы ойлы жазушының көркем прозаға қосқан тың үлесі деп
білеміз.
Бұл ретте де біздің жазушыларымыз орыс классиктерінен, осы күнгі совет
прозашыларынан үйренуі керек. Күрделі сөйлем жүйелері, мінсіз жасалған сөз тізбектері
алдыңғы қатарлы классиктерден үйрену арқылы жаңарып, молайып отыруға тиіс.
Сондықтан да Мұстафиннің айналасы теп-тегіс жұмыр келген, мінсіз жатық сөздеріне
тәнті бола отырып, біз оның шебер құралған әдемі сөздерін үздік шыққан жеке-дара деп те
айта алмаймыз, я болмаса, советтік ұлт прозасының әбден кемеліне келіп, жетіліп болған
сөз - стиль түрі деуге де тиісті емеспіз.
Аталған маңызды мәселелерді толық қамтыдық дей алмаймыз. Романдары мен
түпнұсқаларынан танысуға мүмкіндік болған авторлардың шығармаларын шолған
мақаламызды осымен аяқтағымыз келеді.
ПУШКИН МЕН АБАЙ
Отанымыздың өткен замандағы екі ұлы ақыны - Пушкин мен Абайдың бір-бірімен
творчестволық жақындығы, поэзиядағы екеуінің ақындық өнер үйлестігі ұлы орыс халқы
мен қазақ халқының терең достығынан, бұл екі халықтың да алдында тұрған озат
арманынан, игі нысанынан туды. Қазақ халқының қалың бұқарасы орыс халқының қалың
бұқарасымен достық көзқараста болғаны, орыс халқын аға санағаны сияқты озық пікірлі
орыс әдебиетін, оның Пушкин сынды данышпан өкілін Абай да өзіне үлгі, мектеп деп
білді. Сондықтан Абай ақындық еңбегінің бірсыпырасын тек орыстың классик поэзиясын
қазақ тіліне аударуға жұмсайды. Байрон, Гете сияқты өзге европалық елдер
классиктерінен бірер өлеңді аударса, оны да Абай Лермонтовтың аудармаларынан алып
қазақшалайды. Анық орыс классиктерінен Абайдың аударғандары - Крыловтың бір топ
мысалдары, Пушкиннің "Евгений Онегинінен" үзінділері және Лермонтовтан жасаған көп
аудармалар. Тағы бір, жалғыз өлеңді Букиннен аударған.
Абай жинағында, бөлек аттармен әр жылдарға бөлініп бастырылған аудармалардың
барлық саны - қырықтың ішінде. Сол қатарда Крыловтың төрт-бес мысалы және
Лермонтовтың өз шығармалары мен аудармаларынан алғанын қосқанда, одан жиырма
жеті өлең аударған.
Бұл жөнінде екі түрлі пікірді ерекше көрсету жөн. Оның біріншісі - Абайдың осы
аудармаларға берген бейіл, бағасы турасында, екіншісі - сол аудармалардың Абайдың өз
шығармаларына еткен әсері және Абайдан кейінгі қазақтың барлық жазба әдебиетіне
тараған үлкен тарихтық, мәдениеттік, ұстаздық дәстүр әсері туралы.
Біріншіден, Абай өзі сүйген орыс классиктерін кейде дәл, кейде еркін аударып отырса да,
әр кезде барынша көркем, шебер өлеңнің үлгісін берген. Бұл жөнінде ақынның ізденуі
кезіндегі тіл байлығы мен ірі талант, ерекше ынта, зер салуы өзгеше көрінеді. Өз
өлендерін туғызуда қолданған ақындық шабыт, сыншыл ұқыптылық, тіл орамға өткір
жүйріктік - барлығы да аудармалық еңбекке келгенде барынша күшімен түгел жұмсалған
деуге болады. Тіпті, кейде Абайдың өзі тудырмаған тамаша нәзік, терең сырлы өлеңдер,
көрікті ойлар, немесе аса өткір шанышпа мысқыл, ажуа, ащы сөздер осы аудармаларда
үнемі көрініп отырады.