Қазақстанның ашық кітапханасы
182
сүйіспеншілік мәселесін біраз жасанды қалыпта суреттейді. Бабаевский романының олқы
жері де осы сүйіспеншілік мәселесінде деп білеміз. Сергей мен Ирина арасындағы қарым-
қатынасты автор қай-қайдағы бір ұғыныспаушылықтың айналасынан, жақсылап
сөйлескен сәтте-ақ жойылып кетуге тиісті шатақтардың айналасынан шығарады.
Ұғыныспаушылықтан пайда болған жеңіл-желпі шатақтарды автор жасанды қалыпта
ұзаққа созады. Бұл тартыссыз интриганы автор кейіпкерлердің тартысы арқылы, оларды
қиындыққа ұшырататын шым-шытырық жағдайлар арқылы шешпейді.
Ал Айбектің кейіпкерлері Уктам мен Камила романның басынан аяғына шейін әй-шәй
деспей, үнемі бір ниет, бір тілекте болады да отырады. Олардың арасында қырғи қабақ
реніш деген атымен болмайды. Өздерін қоршаған өмірде де оларға ешбір қиыншылық
кездеспейді. Алайда осындай сүйіспеншілік интригасын автор ұзаққа созып, романнан көп
орын берген. Мейлінше ұзартылып, көбінесе, романның қоғамдық - идеялық негізін
бүркеп кеткен осы "жеке бас" мәселесі автордың негізгі нысанасына, психология арқылы
өмірде кездесетін шындық сыпаттармен дәлелденбеген негізсіз нысанаға айналған. Ендігі
бір айта кететін негізгі мәселе - осы сүйіспеншілік жолында роман кейіпкерлері рухани
жағынан өспейді, өздерінің моральдық сапасын молайтпайды. Сөйтіп, автор өз
кейіпкерлерінің жеке басына байланысты мәселелерді, от басындағы елеусіз, ұсақ
мәселелерді суреттеумен көбірек шұғылданады да, олардың Ташкентке барып кайту
сапарындағы аса маңызды мәселелерді ескермейді. Олар Ташкентке барып қайтқанда
өздерінің ойға алған игі мақсаттарына сеп болғандай жаңа ойлар таппай, құралақан
қайтады. Ұшан-теңіз мәдениеттің ордасы болған тамаша астанасы Уктам мен Камиланың
қоғамдық ой-саналарының молаюына титімдей де әсер етпейді.
Өзбектің классикалық поэзиясында әйелдер талас-тартыстың себепшісі болып
суреттелетін. Айбек бұл дәстүрден біржола безіп, рухани жөнінен азат болған совет әйелі
Камиланың образын шынайы суреттейді. Алайда автор Камиланы жалпыға ортақ типтік
жағдайда көрсетпей, шектен тыс романтикалық дәрежеге көтеріп жіберген.
Баширов романында өткен замандағы татар әдебиетінің әсерінен туған екі түрлі кемшілік
бар деп білеміз: оның бірі Нафиса мен Хайдар арасындағы сүйіспеншілік мәселесін
суреттеуде кездеседі. Олардың арасындағы сүйіспеншілік те жөнсіз ұзаққа созылып
кеткен. Романда Нафиса өр қайрат иесі, іскер әйел болып көрінеді. Нафиса - ысылған,
қазіргі заманда өсіп, жетілген, халықтан шыққан алдыңғы қатарлы совет әйелі. Сондықтан
да өзінің жеке басына қатысы бар күйініш, қуаныш кезінде Нафисаның өте нәзік мінез
көрсетуі тым оғаш көрініп тұрады.
Осы жерде айта кететін бір жағдай - Баширов романына революциядан бұрынғы кездегі
татар әдебиетінің екі түрлі сипаты әсер еткен. Бірінші - мелодраматизмге бой ұрушылық
(аудандық партия комитетінің секретары Мансұровтың туысқандарының өлімін
суреттеген жерінде осы әсер бар. Дұрысында, мұның өзі реалистік әдіспен басқаша
суреттелуге тиісті қаһармандық шағын тақырып еді), екінші әсер – кейіпкерлердің жүрек
сырларын суреттегенде әсем романтизмге бой ұрушылық. Мұның өзі - өткен замандағы
буржуазиялық - романтикалық әдебиеттің дәстүрі болатын. Ендеше, бұл советтік татар
елінің моральдық биік дәрежеге көтерілген жас адамының ішкі дүниесін ашуға ешқандай
қажетсіз әдіс және ұлттық әдебиеттің ортақ қасиеті бола алмайтын, жаңа заман адамдарын
суреттеуге қолайсыз ұшқары әдіс.
Енді, осы романдардағы екінші қатардағы кейіпкерлер қаншалықты дараланып көрсетілді,
жан-жақты болып толық шықты ма? Осы мәселеге қысқаша тоқталайық. Мұндай
кейіпкерлер Садықбеков романында толық айқындалмағанын атап айтуға тура келеді.
Басты екі-үш кейіпкері мен жағымсыз кейіпкерлерінен басқалары бір-бірінен жөнді