Page 17 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
17
кейбірі жүре соқыр болған. Көпшілігі — қатын. Ішінде әрі соқыр, әрі жынды бір қатын
бар. Мұның қолында кішкентай жас баласы бар. Жалғыз көзі сау — сол. Соқырлар поп
қашан келеді деп сөйлесіп күтеді. Жынды қатын әр нәрсе айтып, өз бетімен сөйлейді.
Қолындағы бала шырылдап жылайды. Бір жаққа қарай талпынады. Соқырлар маңындағы
жерді қолымен сипалап, жаңбыр жауып тұр, жел соғып тұр деп, әрқайсысы сезгенін
айтады. Попты көп күтеді. Ақырында жердегі жапырақ сылдырлайды. Біреу келе жатқан
сияқтанады. Отырғандар поп шығар дейді. Келген ит болады. Ит бір соқырдың қолын
жалап, қыңсылап, артынан ерткісі келеді. Соқыр ереді. Қолын созып, сипалап келе жатып
соқырлардың ішінде отырған бір адамның басына қолы тиеді. Бетін сипаса, үлкен сақалы
бар беті мұздаған поп болады. Поп соқырлардың ортасында отырып өлген екен. Ылғи көзі
жоқ кем-кетіктер басшы поп келеді деп бос күтіп отырған болады. Басшысы өздерінің
ортасында отырып әлдеқашан өліп қалған. Өлгенін білдірген — ит.
Мінеки, «Соқырлар» деген пьесаның сыртқы әңгімесі мен көрінісінің барлығы осы. Бірақ
ішкі мағынасын тексерсек, терең философия болады. Көп соқырлар — дүниедегі зор қиял,
зор мақсұтынан айырылып, көңілі көр болып, жұтап отырған адам баласы. Дене тіршілігі
болмаса, жаны әлдеқашан өлік болып қалған адам қауымы. Бұлардың бұл күнге шейін
басшы қылып, соңына еріп келгені дін болатын. Поп діннің белгісі, бірақ бұл заманда дін
қартайды, өлді. Соқырлардың ортасында отырып өлді. Бірақ оны көретін көз
ешқайсысында жоқ. Көп соқыр әлі де болса, поп келер, бастар дейді. Көптен бөлек жалғыз
сөйлеп отыратын жынды қатын — ақындық өнері, поэзияның белгісі. Ол көптің жолына
бағынбайды. Өз бетіне бірдеме тілеп, бірдеме іздейді. Үмітсіз хәлдің үстінде отырған бар
соқырлардың ішінде жалғыз көзі сау жынды қатынның қолындағы кішкене бала. Ол —
ақынның шабыты. Метерлинк жаратылыстың жарық сәулесін сезетін жалғыз ғана
ақынның, есі жоқ бала сияқты шабыты деп есептейді. Пьесаның ішіне араласатын ит: адам
баласының дүниедегі ұзақ тіршілігінің ішінде өзінен басқа мен иесінің ішінен тапқан
жалғыз-ақ досы бар. Онысы — ит. Сол жаңағы соқырлар сарғайып жүдеген уақытта өзінің
достығын көрсетеді.
Мінеки, «Соқырлар» пьесасындағы терең сыр, терең ой белгісі — осы. Метерлинктің
жазуы қара халық үшін емес, оқыған, бойы өскен, сезімді, білімді қауымның тілегіне
арналған, соңғы замандағы зорайған мәдениет, тереңдеген білім, етек алып жайылған
кестелі өнер туғызған жазу. Сондықтан бұл — бір ұлттікі, бір таптыкі емес, жалпы адам
баласының жай-күйін білдірмек болған жалпыға ортақ өнердің бір саласы.
Ибсен, Метерлинк үлгісі — бұрынғы әр елде болған салт театрларының үстіне келіп
қаланған үлгі. Бұлар — білім жолында жетіліп толған қауымға ғана ұғымды.
Біз Европа театрының қысқаша тарихын шолып өткен соң, қазақ жайына көшуден бұрын
енді өзімізге жақын тұрған орыс театры туралы аз сөз айтып өтейік.
Орыс театры жоғарыда айтылған жалпы Европа театрлары басып өткен басқыштың
барлығын да басынан атқарған. Сол дәуірлердің кейбірі толық күйде туылса, кейбірі
шала-шарпы, жарым-жарты күйде туған. Қалайда болса, орыс топырағында да орта
ғасырдың шіркеу театры, сарайдың салтанатты театры, өзгенің үлгісіне еліктеген театры
— барлығы да болған.
Орыс қауымындағы қалың топтардың нағыз езіне тиісті болған салт-санасын, мінез
қалпын анық көрсетіп, ел тіршілігін ең алғашқы рет ашық қылып көрсете бастаған
жазушы Островский деп саналады. Орыс елінің өзіне біткен заңы мен өзіне біткен мінез-
әдетті Островский орыстың саудагер купецтерінің салтынан алып жаза бастады.
Сондықтан нағыз орыс пішінін көрсететін, орыс иісін танытатын, көп өміріне жанасатын
атасы Островский болады. Содан кейінгі Толстой бастаған жазушылар орыстың көп елінің