Page 178 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
178
Творчестволық жолда ізденбей, даяр тұрған шала-жансар кейіпкерді қалқита қоятын ұлт
жазушыларына Айбектің творчестволық жетістігі өнеге болуға тиісті.
Басқа совет халықтарының адамдарын көрсетуде орыс романдары мен пьесаларында да
істің жайы онша емес екенін атап айтуға тиістіміз. Халық арасына көп таралған, совет
оқушылары жақсы қарсы алып жүрген типтер бар екені де рас. Әңгіме өзіне лайықты
өзгеше сөз ырғағы, орыс сөзін өзінше мәнерлеп сөйлейтін ерекшелігі бар, оңтүстік
халықтарына тән қызу қанды мінезі бар, кавказдық дербес типтер жайында болып отыр.
Бірақ, амал қанша, Адаевтың "Москвадан алыста" атты талантты романының өзінде де
инженер Беридзе (аты-жөніне қарағанда грузин болуға тиіс) жағымды мінезді совет
маманы болғанымен, оның ой-пікірінде, сезім дүниесінде, тіпті әр кезде сөйлеген еске алу
сөздерінде өз ұлтының бір сырлы, сегіз қырлы рухани байлығы мен асыл мінезінің ұшығы
да жоқ. Ал қазақ образын беру жөніндегі мысалға Корнейчуктің "Майдан" пьесасы мен
Казакевичтің "Жапандағы екі жігіт" повесін алсақ та жеткілікті. Пьесадағы Шаяхметов
пен повестегі Жорабай ақыл-парасатқа жарлы, жеңіл қолды адамдар. Жоғарыда аталған
кейіпкерлердің екеуі де, өздерінің атқаратын қызметі бойынша, әлгі айтылған екі
шығарманың алдына қойылған міндетіне сай, сөз жоқ, жағымды типтер болуға
лайықталған. Бірақ, әсіресе Казакевич повесіндегі қазақ құр сүлдер, қуыс қурай, немесе
темірден жасалған қуыршақ адам болып шыққан.
Шығармаларындағы басқа халықтар кейіпкерлерін өз қалпында, яғни ұлттық қасиетін
сақтай отырып, өңін айналдырмай, қолдан орысқа айналдырып жібермей, дұрыс көрсетуге
тырысушылық бар екені де рас. Мұны игі талап деп білуіміз керек.
Осы шолу мақаламызда айта кетуге тиісті негізгі бір мәселе - совет халықтарының
өкілдерін - басты кейіпкерлерді және олардың төңірегіндегі адамдарды көрсету жайы еді.
Сөз болып отырған романдардағы бір ерекше қасиет - оларда совет адамдары социалистік
деревняның таңдаулы өкілдері ретінде, коммунизмнің биік саналы құрылысшысы ретінде
суреттеледі. Олардың өзгеріп, жаңарған психологиясы, мінез-құлықтары, партия ісі үшін
күресу жолындағы отаншылдық керемет істері, көздеген игі мақсаттары бұл романдарда
жақсы көрсетілгенін атап айтуға тиіспіз. Бұл романдарда Ұлы Отан соғысы кезіндегі
оқиғалар бірсыпыра мол суреттелген, социалистік дәуірде советтік шығыс әйелдерінің
атқаратын қызметі мен алатын орны төрден орын алған.
Бұл романдарда отаншыл әйелдер ерлермен тең праволы болып, бірдей қызмет атқарады.
Олар еңбекте де ерлермен тең жүреді. Еңбек әйелдерінің игі мінездерін, ішкі дүниесінің
керемет жақсы қасиеттерін ашады. Татар қызы Нафиса, өзбек қызы Камила, қырғыз қызы
Ақия, қазақ қызы Жанат, тағы басқалар осындай әйелдер. Бұл романдарда олар өздерінің
жеке басы мәселелеріне байланысты іштей толғану, сүйген жарға және еңбек пен
коғамдық ерлік істердегі жолдас-жораларына деген кіршіксіз таза махаббаттары арқылы
көрінеді. Әйелдерді жаңаша суреттеп көрсету - ұлт әдебиетінің дәстүрін социалистік
мазмұнмен, совет әдебиетінің биік идеясымен, көркемдік мәдениетімен байыту,
молықтыру болып табылады.
"Алтын атыраптан ескен желдер", "Намыс" романдарындағы кейіпкер әйелдер білімдерін
молайтуға талаптанады. Олар колхоз жерінде істей жүріп, бір жағынан, ұдайы кітап оқып,
өздерінің білімдерін көтереді, мәдениеттіліктерін арттырады.
Сөз болып отырған романдардың бәрінде де мосқал әйелдер - аналар образы шынайы
түрде жақсы көрсетілген. Өзбек, татар романдарында да, қырғыз, қазақ романдарында да
мейірбанды ананың асыл мінезі, жасы кішілерге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы