Қазақстанның ашық кітапханасы
176
Совет адамы және оның қаһармандық керемет істері биік дәрежелі көркем шығармаларда
орындалатын басқа міндеттердің бәрінен де жоғары тұрады. Ұлттық түр дегеніміз -
бұлжымай, өзгермей, бір орында тұрып қалатын бір нәрсе емес екенін естен шығаруға
болмайды. Ұлттық түр дегеніміз - өткен заманалар бойына тарихи жағдайда қалыптасып,
халықтың жаңа дәуірде мәдени-тарихи дамуымен байланысты үнемі соны қасиеттер,
жетістіктер тауып, өркендеп, байып отырады. Біздің социалистік творчествомыздағы
ұлттық түр - өз шеңберінен шыға алмай, өзімен-өзі ғана болатын нәрсе емес, халықтың
қажетін өтейтін, керегіне жарайтын күшті құрал. Оған уақытша, өткінші категориялар
арқылы шек қойылуына қарап, дамымайтын, өзгермейтін нәрсе деп қарау дұрыс
болмайды.
Сондықтан ұлттық түр әр алуан искусствоның ерекшеліктеріне қарай, мәдени өмірімізге
әрдайым қатынасып отырады. Бір халықтың дәстүріне жатпайтын, ал жаңадан дамып
өркендеген халықтардың гүлденіп өскен тың, жаңа қасиеті ретінде пайдаланылған
нәрсенің өзі кейде, тіпті көп жағдайларда ұлттық түрге айналады. Роман жанры, жалпы
алғанда көркем проза дегеніміз - революцияға шейін өзбек, қазақ, қырғыз халықтарында
атымен болған емес. Татар әдебиетінің тарихында ғана аз да болса жеміс берген шамалы
мезгілде (небары он бес жыл) проза жанры өркендей бастап еді. Октябрь революциясынан
кейін осы халықтардың социалистік мәдениетінің кең арнасында роман жанры пайда
болды. Проза жанры - бұл күнде классикалық шығармалардың және орыс совет
жазушылары аудармаларымен қатар, өзбек, қазақ, т.б. халықтар әдебиетінің нағыз сүйікті,
қадірлі саласы болып отыр.
Алайда бұл жаңа түрдің өзі, әрбір шығармада көп ұлттық қасиеттерді, тіпті шешуші
қасиеттерді өз бойына мол сіңіруде. Роман әр халықтың өз тілінде жазылады, демек, сөз -
суреттеу құралы ретінде өз халқының әдебиет тілінің қазынасын барынша пайдаланады;
фольклорда, поэзияда қалыптасқан көркем сөз мәдениетінің жақсы үлгілерін - әр
халықтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің үлгілі нұсқаларын іске жаратады. Сонымен
қатар, ұлт жазушыларының қай романы болса да, орыс және дүние жүзі классиктерінің,
алдыңғы қатарлы орыс совет жазушыларының жақсы дәстүрлерінен алған үлгінің жемісі
деп білуіміз керек.
Дәлірек талдап, аудара қарап, ақтара тексерсеңіз, ұлттық түр проблемасы - әрбір ұлт
әдебиетінде, оның бер жағында, төрт аяғынан тең басқан әрбір жақсы шығармада жан-
жақты және әр алуан тарауларға бөлінетін ұшан-теңіз зор мәселе. Біз осы шағын
мақаламыздағы шолуымызда талданатын романдардың материалдарына сүйеніп, әлгі
айтылған проблеманы ішінара қарастырып өтпекпіз. Сөйтіп, осы романдардың
жетістіктерін айтумен бірге, ұлттық түрді шеберлікпен орынды қолданбағандықтан, -
оның өзі ұлт жазушыларының социалистік реализмді меңгеру жолындағы игі талабына
тұсау, кедергі болып кетуінен туатын елеулі кемшіліктерге де тоқталмақпыз. Біздің
жазушыларымыз совет адамдарын қалай көрсетуі керек деген тұрғыдан қойылатын
талаптардың орындалуын анықтау үшін, романның кейіпкерлерін және олардың
коллективтік ортасын, сол сияқты, осы адамдардың жігер-қайраты мен талап -
мақсаттарын суреттеудегі жазушының қолданған әдіс-тәсілі мен құралын әдейі
талдамақпыз.
Әр жазушы аса мән беріп, дұрыс көтерген бір тақырыпқа - әлем әдебиетінің ішінде біздің
совет әдебиетінде ғана қолға алынып, ойдағыдай дәрежеге көтерілген халықтар достығы
тақырыбына осы шолуымызда аз да болса көңіл бөлуді орынды деп білеміз.
Халықтар достығы тақырыбы қалай суреттелгенін көру үшін жеке романдарды
қарастырып өтейік. Халықтар достығы идеясы бұл шығармаларда орыс адамының образы