Page 175 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
175
Олардың досты риясыз сүюі де, дұшпанды мейлінше жек көруі де бірінен-бірі
айнымайтын ұқсастықта болып отырады. Тіпті, олардың еңбек жорықтары және өз
қолдарымен жасап алған материалдық-техникалық бағалы мүліктері де ортақ дүние
сияқты. Сондықтан да олар - бір тілек, бір мақсатта өзара ұйымдасып, болашақ
коммунизм қоғамын орнату жолында үдере жол тартып бара жатқан елімізде сан алуан
жаңалықтар ашып, Отан игілігі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген озат адамдар.
Сондықтан да мақта даласындағы жүз процентші Таңсықтың кетпені Еділ қызы Нафиса
орағының қасында жалтылдап тұрғандай әсер аласыз. Кубань станицаларында Тутаринов
тартқан электр тогы Аргрэс арқылы "Амангелді" колхозының фермалары мен ұсталық
дүкендеріне жарық беріп тұрғандай болады. Бұл романдардағы жеңістер жайы әрқилы,
яғни біреулердің "бүгін" қолы жеткен, кемеліне келіп, халықты кенелткен жаңалықтары
енді бір романдарда "ертең" қол жететін алдағы іс болып отырады. Алайда осы табыстар
бәріне де ортақ, өйткені Отан дәулетіне бәріміз де ортақпыз, еншілеспіз деп біледі олар.
Бұл романдардың кейіпкерлері өзінің жерін, оның көркем табиғатын сүйе отырып, бүкіл
Отанын, барша совет халықтарын шексіз сүйеді, адамзаттың асқан кемеңгері Ленинді
ардақтайды, өз халықтарының ұлы адамдары - Горький, Маяковский, Науаи, Абай,
Ғабдолла Тоқай, Вильямс, Мичуриндерді мақтаныш етіп, қадір тұтады. Бойға біткен ізгі
сипаттар, зор арман, жеңіске жетуге ұмтылған өршіл адамдарға тән қажымас жігер-қайрат
және болашаққа зор сеніммен қарайтын игі мінез - олардың алуан түрде суреттелген
жарқын, тамаша образдарының басты қасиеттері.
Мұндай қасиетті оларға біздің заманымыз берді, бұл - совет адамының бойына біткен ізгі
қасиет. Ленин партиясының данышпандық басшылығы арқасында жүргізілген барлық
істерінде, болып өткен, қазіргі күндерде болып жатқан таңғажайып ұлы істерінде,
өздерінің ой-армандарында совет адамдары осы артықша қасиетін бар тұлғасымен
көрсетуде. Идеялық көркемдігі жөнінен аса құнды, тәлім-тәрбие жөнінен
оқушыларымызға үлгі боларлық осындай шығармалар жазуға біздің жазушыларымызды
шабыттандырып, дем берген марксизм-ленинизм ілімі. Сонымен қатар сәтті шығарма
жазып, жұртшылығымыздың ойлаған жерінен шыққан жазушыларымыз совет адамына да
қарыздар, өйткені олар мұндай адамды ойдан шығарып, қиял дүниесінен алып суреттей
салған жоқ, олар совет адамының образын біртұтас коммунистік биік моральдің иен
ортасынан даяр күйінде алып, оның жан дүниесін, артықша асыл қасиеттерін көркем
сөзбен суреттеп берді.
Жазушылар өз шығармасын құп көріп қабыл алып, олқы жері болса, ойша толықтырған
совет оқушыларына да қарыздар. Өйткені оқушылар сол кітаптардағы адамдарды
суреттеуде жетіңкіремей жатқан, олқы соғып тұрған жерлерін лезде тауып алып,
жазушыларымызға ылғи пайдалы кеңес беріп отырады.
"Алмақтың да салмағы бар" деп халық бекер айтпаған. Жұртшылық құп көріп қабылдаса,
аса зор баға беріп жазушыны қадірлесе, жазушының оған қайтарар есесі де сай болмақ
керек. Әсіресе бұл талап жазушыға социалистік реализм әдісін ойдағыдай меңгеру, ұлттық
түрді социалистік мазмұнмен тығыз ұштастыру тұрғысынан қойылады.
Социалистік шындығымыздың соны, тың, құнды материалдары мен әрбір ұлт әдебиетін
байытуға тиісті болған көркемдік сапа жөнінен алып қарағанда аталған романдар не
күйде?
Адамдарды, олардың еңбегі мен жетістіктерін суреттеу жөнінде ұлт жазушысының
шығармасы толық бағалы болып шықты ма?