Қазақстанның ашық кітапханасы
174
сюжетінің ойлы-қырлы, кедір-бұдыр болуы, немесе шығарманың көркемдігі ойдағыдай
болып шықпауы жеке бір әдебиеттің өзіне ғана тән ерекшелігі де емес, болмаса ұлттық
сипаты да емес. Бұл секілді кемшіліктер қай тілде жазылған шығармалардан болса да
кездесуі ықтимал. Мұндай кемшіліктер әлгі өзіміз атап өткен шығармалардың бәрінде де
бар. Шығарманың шұбалаңқылығы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ондай
кемшіліктерден С.Бабаевскийдің романдары да құралақан емес. Оның бұл кемшілігін
сыншылар да кезінде атап көрсеткен болатын.
Біз өз пікірімізді жоғарыда көрсетілген кемшіліктерден бастадық, өйткені осы жағымсыз
әдеттің өзі әдебиетіміздің сапа жағынан өсуіне зиян тигізеді. Бұл кемшілік бізде үлкен
орын алып келді, сондықтан да оған күнбе-күнгі жұмысымызда, творчестволық
аудармалық ісімізде және баспа орындарының қызметінде жұртшылық сынының назарын
аударудың маңызы аса зор.
Жоғарыда аталған кемшіліктер ұлттық түрдің айрықша проблемасы болмағанымен, әрбір
жеке ұлт әдебиетінің жағдайында елеулі олқылықты аңғартып, осы әдебиеттердің проза
жанры тиісті сатыға көтеріле алмағанын, шеберлікке әлі де жетіле алмағанын көрсетеді.
Сондықтан да осы кемшіліктерді жоюдың өзі - әрбір ұлт әдебиетінде социалистік реализм
әдісін толық меңгеру жолындағы басты міндеттің бірі болып табылады.
Аттары аталған романдарды талдауға кіріселік.
Ең алдымен, осы романдарды жұртшылығымыздың жоғары бағалап, сүйіспеншілікпен
қарсы алуына себепші болған негізгі, шешуші "ортақ" жағдайлар қандай? Оның жауабы
мынадай болуға керек: біздің совет жазушыларының таңдаулы романдарының, оның
ішінде біз сөз етіп отырған романдардың құнды шығарма болуына көмектескен — бүкіл
совет әдебиетінің өресін бүкіл әлем әдебиетінен биік дәрежеге көтерген социалистік
мазмұн деп білуіміз керек.
Бұл романдардың әрқайсысы бір-біріне тәуелді болмай, жеке-жеке жазылған шығармалар.
Бұларда біріне-бірі еліктеу де кездеспейді. Алайда олардың әрқайсысы өзінің ұлттық
әдебиеті арнасында соны және күшті шығарма болып шықты. Дегенмен оларда идеялық
тұтастық, іштей байланыс бар, олардағы кейіпкерлердің сана-сезімі, ой-пікірі, күресі мен
тағдыры бір-біріне ұқсастық тауып отырады. Лениндік достық күннің нұр шұғыласына
бөленіп,
еркін,
бақытты
өмірде
жарастықты
ынтымақпен
дәурен сүрген
халықтарымыздың өмірі, жетістіктері мен жеңістері, бүгінгісі мен болашағы өзара бекем
бірлікте болғандығынан туады бұл жағдай.
Бұл романдарды оқып отырғанда орыс, өзбек, қазақ, татар және қырғыз тілінде құдіретті
үнмен шырқалған бақытты Отан гимнін, совет заманының гимнін тыңдағандай әсер
аламыз; топталып, бір жерден шырқалған гимн хорының алуан дауыстарын Кубанға,
Еділге, Қарағанды даласына, Ферғанаға және Орталық Тянь - Шанға әдейі бөліп
қойғандай болады. Алты айшылық алыс жолдар қысқарып, талай ғасырлар бойы орын
тепкен мешеулік, басқа ұлтты жатырқау, шеттету қамалдары ойран болды; адам, семья
және мемлекет дейтін ұғымдар өзгеріп, ұлғайып кетті. Кубань жігіттері Сергей Тутаринов
пен Кондратьевтің татардың "Шолпан" колхозында Мансұров, Хайдар, Нафиса, өзбектің
"Қаһарман", "Элабад" колхоздарында Уктай, Мирхайдар, Камила, қазақтың "Амангелді"
колхозында Жомарт, Жанат, қырғыздың ;'Б" колхозында Шарғын, Ақия сияқты аға-
інілері, апа-қарындастары бар. Олар - коммунистік тәрбие, Отанға деген шексіз
сүйіспеншілік жөнінен, жанқиярлық еңбек жөнінен, құрылыстың барлық салаларында
және өздерінің ортақ Отанының жауларына қарсы майдандарда жеңіске жету жолындағы
күресте бір мақсат, бір тілекте болуларымен, бір атадан, бір анадан өрбігендей туыстар
екенін сипаттайды.