Page 16 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
16
жағында отырып қарайды. Және ірі кісілер дін басталмай тұрып келуді бойына лайық
көрмей, орындарынан сахнада ойын ойналып жатқанда, артистердің арасынан өтіп
баратын. Ақсүйектер ойынға жалғыз келмейді. Көп қызметкерлермен келеді.
Қызметкерлер мырзаларына ойын үстінде темекі жасап әкеп беріп жүреді. Ойын үстінде
темекі тарту, сусын ішу, алма, қияр жеу — бар халықтың әдеті болатын.
Театрда ойналатын әңгімелердің жайын жазып қоятын қара тақтай болады. Кейде сол
тақтайға театрдың ішінде қолға түскен ұрыларды халықтың өзі апарып байлап қоятын
әдет те болған. Шекспир заманындағы театрдың суреті осындай.
Бұған қарағанда, пьеса мен театрдың өсіп көркеюі біріне-бірі байланбайтын сияқты. Пьеса
жақсы болғанмен, театрдың көңілдегідей жақсы болуы шарт емес.
Шекспир театрынан соңғы заманда жалпы Европа театры заман өткен сайын түр тауып
көркейе берді, Бір елде шыққан жаңалық болса, екіншіге үлгі болып, жайыла бастайды.
Сондықтан бұдан кейінгі дәуірлерде театрдың қалпы қандай болғанын айтудың орнына
театрда ойналатын пьесалардың қандай өзгеріс, қандай жаңа бағыттары болды, сол
жайынан біраз сөз айтпақшымыз.
Бұл турада XIX ғасырдың аяқ кезінен бері қарай соңғы заманда шыққан жазушыларды
айту керек.
Театр өнері жалпыға бірдей өнер болған соң, пьесалар әдебиет пен театрдың ішіндегі ең
қасиетті бұйымдары болған соң, соңғы замандағы жазушылар өз елінің өмірін суреттеуден
басқа жалпы адам баласының көңіл күйін суреттеп, жалпының мінін, жалпының кемшілік,
жақсылығын пьесаға кіргізетін болды.
Жазушының өнері өз елінің шеңберінен шығып, адам баласының ортақ қазынасына,
көбіне бірдей мүлік болып қосылатын болды. Бұл түрдегі пьесалар адам баласының бәріне
бірдей болған білім, мәдениеттің, толғаулы ақыл, терең сезімінің туындысы сияқты болып
кетті. Сол үлгіні көрсететін жаңа ағымды шығарған жазушының бірі — Норвегияның
драмашылы Ибсен. Бұл бір елдің әдет-салтын көрсетудің орнына барлық пьесасында адам
баласына тиісті болған жан сыпатын, мінез бітімін тереңдетіп көрсете бастады. Мұның
пьесалары көбінесе адамның ішін сыртқа шығарғандай, іштегі пішінді көп мүсіндеп, сезім
мен мінездің талай қараңғы бұрыштарын суреттейді.
Ибсеннен соң тағы бір жаңа үлгіні шығарған адам — Бельгияның жазушысы Метерлинк.
Бұның адамы ұғымға Ибсеннің адамынан да қиынырақ. Метерлинктің әдебиеттегі беті —
символизм. Бұл көпке ұғымды, жабайы жалпыға бірдей тілмен сөйлемейді. Сұлу белгімен,
емеурінмен, күйімен сөйлейді. Сондықтан Метерлинк пьесасындағы адамдарда ақыл,
сезім, қайрат бітімі түгел біткен, толық пішінді адам жоқ. Әдейі қансыз, денесіз қылып
жаратқан сурет, көлеңке сияқты. Бұлар белгілі қауымның үлгі айнасы болатын типтер
емес. Адам көңіліндегі сезім, кілең қиял мен хәлдің шеберлеп құраған кестесі сияқты.
Метерлинк пьесаларында екі мағына болады. Біреуі — көзге көрінетін оқиға мен көз
алдыңыздағы адамдардың әңгімесі. Екіншісі — сол оқиға, сол әңгімеден туатын терең-
терең мағына. Метерлинк пьесасы құрғақ сөзбен айтқанда ұғымсыз болуға мүмкін.
Сондықтан «Соқырлар» деген бір пьесасының қысқаша әңгімесін айтып өтейік.
Жаңбырлы күздің күнінде бейуақытта тоғай ішінде бірнеше соқырлар отырады. Күздің
суық желі соғады. Қураған жапырақтар сылдырлайды. (Метерлинк пьесаларында табиғат
үнемі араласып отырады.) Соқырлар бір приютта жатқан кем-кетіктер. Бұларды тоғайға
әкелген — поп. Соқырлар поптан айырылып қалған, қайда кеткенін білмейді. Сол
келгенше приютқа қайта алмай, күтіп отырады. Соқырлар неше алуан: кейбірі туа соқыр,