Page 15 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
15
Бұдан соңғы бір алуан адамдары — қызметкер, мұның бірі — қалжыңқой, тапқыш қу,
күлдіргі, екіншісі — аңқау, ақымақ. Комедияның ішінде осы адамдар үнемі болады. Әрбір
ойында бұлардың өмірінде кездескен әр түрлі оқиға, әр түрлі жаңа әңгімелер ойналады.
Ойынның түпкі адамдары өзгермейтін болған соң, әлгілердің әрқайсысына арналған
белгілі киім және бір белгілі маска болады. Сондықтан бұл комедияны кейде маскалар
комедиясы деп те атайтын; Италияның осы комедиясынан кейінгі замандардың театрында
осы күнге шейін сақталып келе жатқан екі тип бар. Оның біреуі — Арлекин, екіншісі —
Пьерд, бұл екеуі маскалар комедиясында жаңағы екі қызметкер болатын. Италияда
Арлекин ақымақ қызметкер еді. Бірақ комедия де Льертенің үлгісі французға көшкенде,
Арлекин өткір, сөз тапқыш, шешен болып кетті.
Италияның комедиясы артистік ақын сияқты өнерлі болуын керек қылушы еді. Сол
шартты Италиядай зейінді, туысы өткір, шешен елдің орындауына әбден жараған.
Комедияның негізі, көбінен, елдің өз аузында жүрген күлкі әңгімелерден туды. Қазақ
өмірінен мұндай күлкі әңгімелердің мысалын іздесең, Алдар көсе, Жиренше шешен, я
болмаса, бергі замандағы Торсықбай, Айдарбек сияқты көп күлдіргі қулардың әңгімелері
әбден үйлесуге болады.
Жаңа заман театрының басы осы сияқты ел күлдіргісінен басталған. Осыдан кейінгі
сатысында жаңа заман театры ғылым, өнердің үлкен жолына шыға бастады.
Күнбатыс Европаның ірі мемлекеттерінен атақты драматургтер, ірі жазушылар шықты.
Бұлардың драмалары сарайдың салтанатты театрының жолымен кеткен жоқ. Түгелімен
бұрынғы ел өнерінде белгі беріп келе жатқан, орныққан, өсіп-өніп барлығы да өз елдеріне
салт театрын, халық театрын жасап беріп, елін өнерге жетектеп әкелгендей болды.
Испанияда «ақындық негізі» деп аталған Лоне де Веганың салт театрын түзеді,
ағылшында Шекспир, Германияда Ганс Ракт, Франңияда Мольер — барлығы да өз
елдерінің өмірімен, салт-санасымен, әдет-қалпымен нық байланысқан «Бытовой
реалистический театрды» жасады. Осы айтылатын ірі ақындар, ірі жазушылар шыққан
соң, театр өнерінің бет-бағыты нығайып, қалыптанып, енді іргесі мықты, өнер атын алып,
дүние майданында бірден 6ipгe тарап жайыла бастады. Бұлар театр өнерінің,
драмашылдық өнерінің тарихында асқар тау сияқтанып тұратын ұлы тұрғылары.
Кейінгінің көбі талай ғасырлар өтсе де, солар нұсқаған бет, солар көрсеткен жол, солар
берген үлгіден шетке жайылған жоқ, адасқан жоқ. Бірақ Шекспир, Лопе де Вегалар
заманы туралы айтылатын бір сөз — бұлардың тұсында театрдың ішкі мағынасы сияқты
болған пьесалар қалыптанғанмен, театрдың өзі олардың кейінде XVI ғасырда Англияның
патшасы Елизавета деген әйел болатын. Ағылшын театры Шекспир мен Елизаветаның
тұсында бұрынғыдан көп ілгерілеп, көп ірілеп кетті деп тарих айтады. Бірақ бүгінгі күнде
Шекспирдің Гамлетін ойнап жүрген театр мен ол замандағы театрдың жайын салыстырып
көрсек, ескі театрдың таң қалдыратын үлгісі көрінбейді. Ең әуелі мұнда да ойын күндіз
болатын. Театр — төбесі ашық, түсетін жарық сәуле — күн сәулесі. Сахнада бүгінгі
театрдағы шымылдық, декорация, кулиса деген болмайды. Оқиға күндіз болса, көк кілем
ілінеді, түнде болса, қара кілем іліп қояды. Осы сияқты сахнада бір нәрсенің суретін
көрсету керек болса, болымсыз белгісін қояды. Одан арғысын жұрт өзі ұғуы керек.
Мәселен, бір түйір шымға екі ағашты шаншып әкеп қойса, оны бақша деп білу керек.
Оқиға бақшаның ішінде болатынның белгісі. Патшаның сарайын көрсетудің орнына,
тақты әкеп қояды. Шіркеуді көрсетудің орнына, шіркеуде намаз оқитын орындықты
қояды. Шекспир заманындағы театрдың табысы — бұрынғы бір сахна үстінен екінші бір
сахна жасалған. Егер әңгіменің ішінде оқиға биік тау басында болатын болса, сол екінші
сахнаға шығып ойнайтын. Шекспир театрының халқы да бүгінгіге ұқсамайтын. Театрға
жиылған елдің ішінде қадірлі кісілер көппен бірге залда отырмайды. Сахнаның екі