Page 154 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
154
тұтас көрсетпей тұрғы-тұрғы күйінде аттап өтіп кетіппін. Мұның ішінде тарихи
қаталықтармен қатар саяси қаталықтарға ұрынған болуым да мүмкін. Оқиға жеңіл күйде
көрсетілуі керек емес еді. Үлкен-үлкен шығарманың желісін көрсету керек еді. Бұл менің
істегі, әдістегі кемшіліктерім болса, екінші бір үлкен кемшілік совет драматургиясы
қатарында жүрген хронология әдісін сахнада көрсетушілік бар. Осы әдіспен жазылған
Петр Первыйдың жүргенінен бастап, сақалы ағарып, өлуге айналған заманына дейін
келеді. Бірақ шебер етіп істегендіктен бұл кемшілік байқалмайды. Осы әдісті пьесада
қолданып, 8-10 жылдық өмір ішіндегі оқиғаны қамти алуым қолайсыз болып шықты.
Содан кейінгі бір нәрсе жастардың өмірін жеткілікті түрде білмейтіндігім, үлкен
қоғамдық тарихтағы жастардың орнын, рөлін аз білетіндігім көрінді. Жастардың
жолдастық мәселелері, әйел мәселелеріне көзқарасы, туысқандық көзқарасы бұл пьесамда
жеңіл көрсетіліп кеткен сияқты.
Осы пьесалардың кемшіліктерін айтумен бірге 32-жылғы ең алғашқы совет бағытындағы
жазамын деген "Октябрь үшін" атты пьесам еді. Мұны Ілияс, Қанабек, Орынбекпен
ақылдасып отырып жазып шыққан мен едім.
Пьесаны Фурмановтың "Мятежіне" сәйкестендірем деген едім. Пьеса сол кезді жете
зерттеп білмегендіктен "Мятеждің" ізімен жазған нәрсе болып шықты.
Қай пьесаны болса да оқиғаны ғылыми тексермей жазуға болмайды. Сезінумен, қалыппен
тереңдеп бойлау керек. Міне бұл ол пьесаның тұсында болмаған еді. Жастардың
жайшылықтағы өмірін терең түсінбегендік бұл ретінде кемшілікке соққан сияқты.
Дерзание деген нәрсе бар, бүгінгі жастардың жайындағы тақырыпқа әлі де жақындай
алмай келеміз. Осы жолда үлкен талап етемін деп едім, осыған көп әзірлік жасай алмай
келемін. Жастар жайында жазып келе жатқан бір пьесам бар. Мәскеуде жартысын жазып
келдім. Жастардың арасында көбірек болып, солардың арасынан, жеке-жеке топтардың
арасынан бірталай мәліметтер жиып алып жазғалы отырмын. Менің соңғы кездегі
шығармамның ойдағыдай болмауы бұл жұмысқа қайта ұрындырып отыр. Жазушы әдейі
жаман етіп шығарайын демейді, әзірліктің шамалылығынан 15 жылдыққа арнаған пьесам
дұрыс шыға алмады. Сол тақырыптың өзін осы жастар жайындағы жаңа пьесамен
жөндеймін деп ойлаймын.
"Правда" көтерген әдебиеттегі формализм, натурализммен күресе отырып, жақсы
шығарма жасау жөніндегі айтысымыз деловой түрде келе жатыр. Бұрынғы уақыттарда
айтылмай, айтса ажарға қарап айтылатын нәрсе батыл айтылып келе жатыр. Сын ретінде
көтерілу керек. Міне бұл айтыс жөнінде біздің жалпы әдебиеттегі жаңа салаға түсуге
беттеуге әзірлік болады ғой деймін.
Біздің әдебиеттің кәзіргі үлкен кемшіліктерінің бәрін жолдастар айтып өтті. Бізде
обобщение жоқ дейді. Үлкен жазушылар үлкен, кесек образ жазумен әлемге әйгілі.
Пушкинді алсақ "Евгений Онегинмен", Гетені алсақ "Фаустпен" аты шықты. Сол өз
заманының жиынтық образын көрсете білгендікпен дүниеге танылды. Үлкен образ —
үлкен ойдың туындысы. Біз сол үлкен образ жайындағы әңгімеге келетін болсақ, үлкен
образды іздеп жүрген адамдарымыз кем. Жақсы әдебиет — заманының үлкен адамының
жинақты образын беру арқылы жасалу керек.
Біздің стахановшылар Октябрь төңкерісі арқылы үлкен техниканы толық меңгеріп білу
арқылы бүкіл Кеңестер Одағында алға шығып отырса, біздің жазушыларымыз да сол
стахановшылар заманында өз саласының техникасына жетуі керек еді. Кеңестер Одағы
әдебиетінің алдыңғы қатарына біздің шығармаларды көтеру керек еді. Біз осы жағынан
жоғарғы сатыға жете алмай отырмыз. Бұған айқын тұрған бір белгі — әдебиетіміз куә.