Page 153 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
153
шарқ ұрып, қақ жарып өтеді. Осы әндердің бәрі де менің үнімнен ащырақ та, күштірек те
боп кетті. Мен сырттан сипап, желпіп қана жүрсем сол тау, дала, құммен, аспанмен шын
тілдесе алатын сол үндер бопты. Мыналардың өміріне сүйсіне тыңдаймын үні де сондай
күшті, өткір үн екен. Әсіресе бір кезде сол сараң дүниеге менімен ғана тіл қатқан адам,
кешегі көшпелі бақташы да, сол жаңағы үндермен өз орнын, тарихи орнын табатын
болды. Маған мұның назын бөлеуші еді. Аналарға қайратын, тартыс табысын, келешегін
бөлеп байланыстырған болды. Ол кездегі еңсесі түскен адам қазір тауы, су, аспаны мен
құмына бұрынғыдай шошына, сиына қарамайтын болды. Қайта шүу асауды құлақтан
басып қос өкпеге тепкілеп, құл тұғырдай көлік етіп мініп ап, өмірінің, тарихының ең
жанды шағын, жаңа дәуірін сол жаңа үндермен бастады. Адамның аш бетіне қан жүгірді.
Тіршілік әні енді ғана шындап, басымдап қатты самғап соға бастады. Осының бәрі сенен
келген үн. Сен өлкелердің өлі бойларына жаңа күй тараттың. Халықтардың жүрегімен
тілдесетін күй таптың. Сенің жүрегіңнің соғуын мен өзімнің сала-сала тау суымнан танып
келдім... Барлық менің өмір тарихымда бірінші рет кеп тіл қатқан адамым, алдына келген
адамым сенсің. Ән жалған айтпайды, айта алмайды. Әсіресе халық әні бұлтарып көрген
емес, жаман болсын, жақсы болсын бары бір-ақ айтылады. Шыным, мен сенің алдыңда
қысыламын... Бірақ менің жүрегім жас... Мен тіршілікті даттаушы, өнген, өскенді
қостаушымын. Маған да лебіңді тигіз. Кертартпақтың кебін киген мен емен... Мен де
сенің үніңді күйлеп: ұйқылы болса сергітіп, тумағанды тудырып, келешектің буындарына
атой бермекпін. Маған не айтасың?..— деп, ол кісіге қадала қарап тұрып қалды. Өңінде
сенім де, қуаныш та бар еді. Ойдағының бірталайы айтылып шыққанына да ырза еді.
Халықтардың көсемі әуелі жадырап, мейірімді жүзбен күлді де, содан әннің қасына
жақындап кеп, үн қатты:
— Замандар мен мұңлы буындар үндерін жеткізіп баян еткеніңе рахмет. Сен данасың.
Мәңгі жас жүрегің бар, ол жүрегің — халық жүрегі. Сондығыңмен данасың. Сондықтан
сен түбінде, ешкімнен олқы боп, кейін қалмайсың. Сен отаныңның жаңа тарих таңын
көріп тұрсың, жаңа дүние сарынын ұғыпсың. Сол көріп, сол ұғуың табысыңа, өсуіңе кепіл.
Сені мен құрметтім деп санаймын. Соны ұмытпа! — деді. Ән ұзақ қарап тұрып ақыры
ырзалықпен қош айтты. Ұзақ қарағаны іштен алғыс айтқан уақыты еді. — Менің жас
шағымды қайта әкеп бердің, енді қуанып, бақыт сазын шерту үшін жасарттың. Сенің
өсиетіңді ақтармын, сенің бір ұшқының боп өзіңе ұқсап бағармын — деп ұзақ қарап еді.
МҰХТАР ЖОЛДАСТЫҢ СӨЗІ
Жолдастар, мен сөзімді схематизм жөнінен бастаймын. Мен соңғы уақытта жастар
өмірінен "Тас түлек" дейтін пьеса жаздым. Жазғанда жаман болады деп жазғаным жоқ.
Жұртшылық та жаман қарсы алған жоқ. Кейін өзімді-өзім сынау ретінде, ойлаңқырап
қарасам бірнеше кемшіліктерім барлығын көрдім. Кешегі "Тас түлекте" схематизм бар деп
сөйлеген жолдастардың сөздерінде бірталай дұрыстық бар деймін. Мен де өзара сын
ретінде осы жөнінде айтпақпын.
"Тас түлекте" тарихи үлкен көлемді оқиғалардың бәрі де аттама-көктемеге түсіп кеткен
көрінеді. 28-жылдан бергі ұлы салалы дәуірлер, тартыс дәуірлері нешелерді өзгертіп,
қайта туғызып жаңадан түлетіп өсірген дәуір. Мен осы үлкен дәуірдің өсулерін қысқалай
қармаған сияқтымын, үстірт, жеңілдеу кеткен сияқтымын. Жеңіл ойлап кеткен
сияқтымын. Пьеса ішіндегі схематизм алған адамдардың жалаң кім еді? кім болды? деген
сұрауға айқын ашық жауап беру мақсатын алға қойып, соған лайық мысалдар іріктеп
алумен ғана кетіп қалыппын. Кешегі езілген жалаң аяқ қазақтың кедейінің баласы бүгінгі
күнде инженер, профессор болды деген бір өсу жолының басы мен аяғы, адамдарды
тарихи үлкен өткелдерден тартыстардан қалай өткенін, ілгерілеудің қиыншылықтарын