Қазақстанның ашық кітапханасы
14
Бұл бағыт дін сандырағынан айығып, таза өнер дегенге бас июден туған. Қайдан шықса да
өнерді ғана қадірлеп, соны ғана ұстатпақ болған мақсаттан туған. Бірақ, дін жұғынын
жоғалтумен бірге салтанатты театр әр елдің өмірінен де алыстап кетіп, елдің әдет-заңына,
ақыл-сезіміне жанаспайтындай болды. Сондықтан көпшіліктің, халықтың өнері болмай,
санама жақсылардың, ақсүйектердің, білімділердің ғана өнері болуға айналды. Бұл
заманға шейін қай түрде болса да қалың елдің қызығы болған театр енді көптен қол үзіп,
сытылып шығуға айналды. Салтанатты театрды қызықтаушы қолдаушылар кім болғанын
білсек, бұл түрдегі театрдың елмен қатынасы аз болғанын да білеміз. Жаңа замандағы
салтанатты театр барлық Европа мемлекеттерінде ылғи ғана патшалар сарайында, ақсүйек
алпауыттар сарайында жасалатын болды.
Әрине, ондай театр бұрынғы көп елдің ортақ өнері бола алмады. Ескі грек трагедиялары
өз заманында, өз топырағында қаншалық жанды, қызықты өнер болса да, қаншалық халық
елдің жан тамырына тиіп, көптің жүрегін бір мұздатып, бір ысытуға жараса да жаңа заман
театрына келгенде бұрынғы қолқа-бауыры араласқан түбірінен айрылып қалды.
Салтанатты театр сарайдың ғана қызық сауығы, жақсылардың ғана салтанаты болып
қалды.
Бірақ қалың елдің сезім-тілегі салтанатты театрдан қанағаттана алмаған қалпында шөгіп
қалған жоқ. Бұл өзінен шығып бірден жол қарап, әдет-заңынан, өз өмірінен жаңа түр
туғызуға талаптанады. Сол ізденудің себебінен елдің бұрынғы дін сауығынан болсын яки
өмір қалпынан болсын, жаңа театр қайта тууға айналды.
Бұл театр тағы да көптің, қалың елдің театры болды. Жаңа замандағы салт театрының
басы фарс, фастнахтшпильде бар деп едік. Соларға туыс, жақын бір үлгі Италиядан
шықты: Италияда да сарайдың салтанатты театры болған. Бірақ ол қаншалық көркейіп,
гүлденіп тұрса да жоғарғы ретпен, онан жем ала алмаған. Көпшілік жаңадан күлкі
ойындар шығарады.
Италияның комедиясын ойнаушылар артистік өнерін кәсіп қылған, кәдуескі қалыптанған
ойыншылар болатын. Бұлар қаладан қалаға қыдырып жүріп ойнайды. Әңгімелер елдің
салтынан, әдет-ғұрпынан, сол замандағы өмірінен, әңгіменің ішіндегі адамдары сол
замандағы көп халыққа тегіс белгілі болған күлкі адамдар болады. Бұл комедияның
өзгеден ерекше жері — ойналатын оқиға туралы жазылған кітап жоқ. Оқиғаны құраушы
кісі белгілі адамдардың өміріндегі керекті хәлдерді алады да, солардың ортасындағы
оқиға неден басталады, немен бітеді, сонысын ғана белгілейді. Әңгімеге қанша адам
араласатынын, қашан кіріп, қашан шығатынын айтады. Содан соңғы іс пен сөздің
барлығы ойнаушылардың өз өнеріне тапсырылады. Қалжың сөз, күлдіргі іс, ақыл өсиет,
талас-тартыс болса, барлығына лайықты сөз, лайықты мінезді ойнаушылардың өздері
сахнада жанынан шығаруға керек. Сондықтан ол комедияның ойыншысы өзі ақын, өзі
жазушы сияқты болуға керек.
Комедиялардың екінші айырмасы — бұлардың қай түрдегі ойындары болса, барлығына
бірдей үнемі араласып жүретін, үнемі жоғалмайтын арнаулы типтер (алуаны бөлек
адамдар) болады. Бұлардың бірі, мәселен, әйелқұмар, ішкілікқұмар, кәрі шал, өзі аңқау
болады, бала-шағасы, малшы-қосшысы болса, түгелімен мұны алдап күлкі қылып жүреді.
Екінші, тағы бір шал, ол анадан оқымысты, құрғақ данышпан, ылғи керексіз, орынсыз
жерде білмей, керек сөз айтамын деп күлкі болып жүретін адам. Сөзінің барлығы сырт
қарап тұрған кісінің беті көрінбейді деген сияқты қырындық болады.