Қазақстанның ашық кітапханасы
13
Қатыны:
— Мені ме?
Байы:
— Сені.
Қатыны:
— Қайтып ұрасың? Қане ұрып көрші, — дейді.
Сонда байы:
— Мә, олай болса, — деп қатынын сабайды.
Қызметкер өзінің қатынына келгенде малшы қатын:
«Бай мен бәйбіше неге ұрысты?» — дейді. Қызметкер көргенін айтады. Бұл арада
қызметкердің қатыны да әлгіні істейді. Сонан соң байы ұрады.
Мінеки, осындаймен басында шіркеуден шыққан театр ел өміріне қарай жылжи бастап,
осыдан кейінгі сатысында Европа мемлекеттерінің барлығында жаңа заманның
театрларын туғыза бастайды. Бұдан кейінгі театр әрбір елдің өзді-өзінің театры болады.
Өзінің әдет-салтын, өзінің ұғым-сезімін өзгеден бөлек пішінде, өз бетімен қалыптайтын
жолға түсе бастайды.
Европа театрының ұзын-ырға тарихына қарасаң грек театрынан соңғы дәуірлерде екі түрлі
ағым байқалады.
Мұның бірі — елдің өз әдет-салтынан туған емес, өзгеден алған үлгі сияқты, көпке бірдей
ортақ болған ағымдар.
Екінші — әр елдің өзінің әдет-заңынан, өзінің дін сауығынан, өзінің ұрығынан өсіп
шыққан ағым.
Орта ғасыр театрларын алсақ, алғашқы ағым шіркеу драмалары, шіркеуден шыққан өнер
болады. Шіркеуден шыққан театр барлық христиан жұртына ортақ үлгі еді.
Сондықтан француз, неміс, ағылшын халқы — барлығыда сол өнерді көптің салты сияқты
қылып қолданады. Бірақ осымен қатар орта ғасырлардың аяқ кездерінде жоғарыда
айтылған әр елдің әдет-ғұрпынан туған театрдың белгісі көріне бастаған.
Орта ғасырдан соң жаңа заманда театрда тағы да жаңа ағым болды.
Мұның бірі — анық шеттен келген үлгі, грек театрының үлгісі. Ескі грек өнеріне
еліктеуден туған түр.
Екіншісі — жоғарыдағы француздың фарсы, немістің фастнахтшпилі сияқты әр елдің өз
әдетінен туған белгілерді ұлғайтып, кестелеп, соның бағытымен өскен бытовой театр.
Өмірден туған, халықтың ұғымына жақын күндегі дін сауығынан дән алған.
Жаңа заман театрындағы алғашқы ағым — театр өнерінің сән-салтанат жағына
(гуманистическое классическое направление) бет бұрған дәуірі деп аталады.