Page 12 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
12
Ойын басталардың алдында бар халық артистермен қосылып намаз оқып алады. Онан соң
ойынның уақытында Ғайса, Мариям сияқты құрметті жандар құдайға құлшылық қылып,
сәжде қылған уақытта, театрда отырған халықтың барлығы да орындарына жалп-жалп
жығылып қоса сәжде істейтін.
Орта ғасырдың шіркеу туғызған театрының жайы — осы. Бұл театрлар әрбір елдің ұлт
театры болмаса да, жеке елдің әдет-салтынан тумаса да, жалпы христиан дінін тұтынған
елдердің бәріне бірдей ортақ болған салт-санадан туғандығы анық.
Сондықтан көпшіліктің тіршілігімен, сезім-тілегімен нық байланысы барлығында дау жоқ.
Бірақ шіркеу драмасы өзінің, негізі мен қалпын мәңгілікке сақтап қала алған жоқ.
Қауымның ақыл-сезімі өсіп, бой жете бастаған сайын театр әуелі шіркеудің іргесінен
шығып алып, содан кейін біраз заманда дін таңбасынан да айығып, серги бастады. Ел әр-
берден соң театрға үнемі дін мақсатымен қарамай, бір жағынан, өнер есебінде сүйетін
болып, екінші жағынан, көңіл көтеретін сауық-қызық есебінде де қадірлейтін болды.
Сондықтан орта ғасырдың аяқ кезінде шіркеу драмасының негізгі пішіні әр елде әр түрлі
болып бұзыла бастайды. Театрда дін әңгімесі ойналмай, әр елдің әдет-салтын көрсететін
жеңіл күлкі, мысқыл-мазақ сияқты қызықты нәрселер ойнала бастады.
Шіркеу театрынан жаңа бұтақ шығып, жаңа бір ағымның белгісі басталады. Французда
шіркеу драмасынан шығып, жаңа түр болып жайылған күлкі ойындарын «фарс» деп
атайды.
Германияда бұған ұқсайтын ойындар «фастнахтшпиль» деп аталған. Бұлар орта ғасырдан
кейін туатын жаңа заман театрының басы сияқты, я болмаса дін театры мен дүниелік
театрдың ортасындағы өткел, саты сияқты. Күлкі ойындарды жасаушы артистер
шіркеуден біржолата алыстай бастады. Көбіне, дін атынан лағынет оқылып қуғын да
жасалады. Бірақ әрбір елде көпшілік солардың ойынынан өзінің өмірін көріп, әдет-салтын
сезген соң, күлдіргі ойыншылардан айырылмайтын болды. Күлдіргілердің қолында
жазылған арнаулы театр кітаптары болған жоқ. Көпке жайылған күлдіргі әңгімелерді
алып, соларды көрсетуді салт қылған. Мәселен, немістің бір фастнахтшпилі — «Кәрзеңке»
әңгімесі. Мұның қысқаша оқиғасы: бір мырза өзінің қызметкерін дүкенге барып, арақ
әкелуге жібереді. Қызметкер көшеде келе жатса, бір ерлі-қатынды кісі ұрсысып тұр екен.
Ұрысқан себебі — қатын қолына ұстап келе жатқан кәрзеңкені:
— Енді сен алып жүре бер, — деп байына береді. Байы алмайды.
Қатыны:
— «Алмасаң қой», — деп тастап кетеді. Байы соған; ашуланып қатынын ұрады.
Осы оқиғаны қараймын деп бағанағы қызметкер кешігіп қалып, үйге келгенде мырзасы:
«Неге кешіктің?» — дейді. Қызметкер көргенін айтады. Мырза сол арада: «Байынікі
дұрыс, мен де алмас едім», — дейді.
Мырзаның, қатыны:
— Алар едің, мен алғызар едім, — дейді.
Байы:
— Иә, алғызар едің, өйтетін болсаң мен де сені сойып салар едім.