Page 11 - МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Мақалалар, зерттеулер ІІ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
11
Сондықтан Римде бері келген заманда театр әуелгі грек жұртында болған асыл
қасиеттерінің барлығынан айрылып, көбінесе цирк түріне айналып кеткен. Римнің
ақсүйектері, қара халқы — барлығы да циркте тұтқын құлдардың жекпе-жекке шығып
бірін-бірі өлтіргенін, сүзеген бұқамен алысып қаза тапқанын, яки піл, жолбарыс сияқты
жыртқыш хайуандармен алысып өлгендерін қызық көріп, соларды қарауды салт қылып
кеткен. Әрине, жалпы театр өнеріне бұл сияқты салттан пәлен дерлік жақсы үлгі жамалған
жоқ.
Театр өнерінің үшінші дәуірі орта ғасыр театры болады. Бұл театр христиан дінінің
шіркеулерінен туған.
Ол заман — елдің діні өте күшті болған заман; ел тіршілігі, елдің әдет-салтын, мінез-
ғұрпын түгелімен дін кісені мықтап тұсап алған заман; бүкіл дүниені, бір тарының
қауызына сыйғызғандай, дін уысына түгел сыйғызып, ешбір сезікті шашау шығарып, шет
жайылдырмайтын заман болған. Сондықтан бұл кездегі театр түгелімен діннен туып, дін
жолында қызмет етсе, елге жат нәрсе болып саналмаған. Орта ғасырдағы шіркеу
драмалары сол замандағы ірі мемлекеттердің барлығында да болған. Әсіресе, гүлденген
жері — Испания, Франция, Италия. Бұл замандағы шіркеу драмаларының жалпы аты
мистерия. Көрсетілетін әңгімелерін алмасақ, сыртқы үлгісінің барлығы да ескі театрынан
алынған. Ойналатын оқиғалары гректікі сияқты ескі дін әңгімелері болып, дін
мейрамдарында ойналады. Ойналатын жері бас кезінде ылғи шіркеуде болатын.
Ойнаушылар, көбінесе дін адамдары болған. Сондағы мақсат дін нанымынша хақиқат деп
саналатын уақиғаларды ел көзіне іс жүзінде көрсетіп, сонымен діндар жұрттың көңіліне
дін уағызын, дін мақсұтын ұғындыру мақсатымен ойналатын. Мистериялардың ішінде көп
ойналатын драмалар: Адам пайғамбардың, Ғайсаның, Ғайса шәкірттерінің, яки
Мариямның өмірі, я болмаса солардың тіршілігіне қастық қылған, жаманшылық істеген
бұзық адамдардың өмірінен алынған әңгімелер болатын.
Театр алғашқы кезде шіркеудің ішінде жасалатын болған. Сахнаның бір жағы ұжмақ, бір
жағы дозақты көрсететін. Сауаптылар ұжмаққа жіберіліп, дозақы күнәкәрлер болса қолма-
қол дозағына баратын. Шіркеу драмасын ойнайтын артистер алған міндетін дұрыс
атқарып, репетицияға адал келіп тұруына — інжілді кеудесіне ұрып ант береді екен. (Тегі
біздің артистердің салдыбалақтығы ол заманда да болса керек.)
Мистериялардың өз заманында бағасы халыққа өте зор болған, ел өте қадірлеп қатты
қызықтаған. Бұл да өзінше заманының халық театры болған. Мистерия ойыны көпке
тарап, қалың ел түгел қызықтайтын болған соң, берірек келген заманда шіркеуден шығып,
сырт жерде ойналатын болды. Қалың елдің түгел қызықтағанының белгісі — үлкен
қалалардан ойын болардың алдынан маңайдағы ауылдардың халқы бар жұмысын
тоқтатып қалаға ағылатын болған. Қалада ойын болардан бірнеше күн бұрын салт атты
жаршылар жүріп, көше-көшеде сыбызғы тартып, белгі беріп, өлеңмен сауын айтады.
Ойын күні қала халқы түгелімен театрға жиналатындықтан, барлық үйлердің қақпалары
жабылып, сауда-саттық, қызмет атаулы тоқтап, қаланың шеттерінде талан-тараж болмас
үшін мықты күзет қойылады. Ойын мұнда да күндіз болады.
Сондықтан ойын күні жұрттың бәрі күн шықпастан театрға жиылып келіп, орын алысады.
Бұл уақыттағы драмалар күніне сегіз сағаттан ойналып, кем болғанда үш күнге созылады.
Кейбір драмалар он, жиырма бес, қырық күнге шейін созылатын да болған. Театрға
жиналған халыққа дауыстама деп, айқайлап тұратын қарақшылар болады. Дауыстап,
тәртіп бұзғандар болса, ұстап алып дозаққа жіберетін әдеті бар. Сондықтан кейбір
көрушілер ықтиярсыз, ойда жоқтан артистің міндетін атқарып кететін де болған.