Қазақстанның ашық кітапханасы
97
Ғарифолла ЕСІМ.
Макс ВЕБЕР
ӘЛЕУМЕТТІК-ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-
САЯСИ ТАНЫМНЫҢ "ОБЪЕКТИВТІЛІГІ"
Әлеуметтік ғылымдар саласында, әсіресе, әлеуметтік саясат саласында жаңа журнал
пайда болғанда немесе оның редакциясының құрамы өзгергенде бізде әдетте ең алдымен
оның "тенденциясы" туралы сұрайды. Біз де осы сұраққа жауап бермей тура алмаймыз
және кіріспемізде айтылған ескертпелерге қосымша, аталмыш мәселенің қойылуының
өзіне неғұрлым принципті баса назар аудармақшымыз. Сол арқылы "әлеуметтік ғылымдар
саласындағы зерттеулердің" бірқатар қырларының ерекшеліктерін біз өзіміз түсінетін
тұрғыдан ашып көрсету мүмкін болып көрінеді; әңгіме "өзінен өзі белгілі" нәрселер
туралы өрбитіндігіне қарамастан, айтпақшы, бәлкім, нақ сондықтан бүл, мамандар үшін
болмаса да, ғылыми жұмыс практикасынан алшақтау оқырман үшін пайдалы болуы
мүмкін.
"Барлық елдердің әлеуметтік жағдайы" туралы, яғни әлеуметтік өмір фактылары туралы
біздің білімімізді кеңейтумен қатар, дүниеге келген сәтінен бастап "Архивтің" негізгі
мақсаты практикалық проблемалар жайында пікір айта білу қабілетін тәрбиелеу және,
демек, жеке адамдар ретінде ғалымдар сондай мақсатты іске асыруға жәрдемдесе алатын
өте мардымсыз шамада - заң шығарушылық сипаттағы факторларға дейін әлеуметтік-
саяси практиканы сынау болатын. Сонымен бірге, алайда, "Архив" әу бастан тек ғылыми
зерттеулер құралдарын пайдаланатын таза ғылыми журнал болуға ұмтылды. Аталмыш
мақсатты тек жалғыз аталған құралдармен қалай ұштастыруға болады деген сұрақ
амалсыз туындайды. Аталмыш журналдың беттерінде заң шығарушылық пен басқару
шаралары туралы немесе сол саладағы практикалық кеңестер туралы сөз
болатындығының қандай мәні бар? Ондай пікірлердің негізіне қандай нормалар алынуы
мүмкін? Автор өзінің пайымдауларында ұсынатын немесе өзінің нақты практикалық
ұсыныстарының негізі етіп алатын бағалардың маңыздылығы қандай? Ол ғылыми зерттеу
шеңберінен шықпайды деп қай мағынада санауға болады, өйткені ғылыми танымның
нышаны оның қорытындыларының "объективті" маңыздылығы, яғни ақиқат қой. Біз әуелі
осы жөніндегі көзқарасымызды айтып алып, содан кейін мәдениет туралы ғылымда
"объективті маңызды ақиқат" қай мағынада жалпы бар деген мәселеге көшпекпіз. Біздің
ғылымның үстірт қарағанда ең қарапайым деген проблемаларына, ол қолданатын зерттеу
әдістері, ұғымдарды қалыптастыру және олардың маңыздылығы секілді проблемаларына
көзқарастардың ұдайы өзгеріп отыратындығына және солар төңірегінде қатты күрес жүріп
жататындығына байланысты аталмыш мәселені айналып өтуге болмайды. Біз шешім
ұсынбаймыз, қайта журналымыз өткенде өзінің алдына қойған мақсатын ақтап, болашақта
оны сақтап қалсын десек, ол назарын аударып отыруға тиіс проблемаларды көрсетуге
тырыспақпыз.
I