Page 67 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ 3

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
67
тереңдеп енді, өйткені қалаулыларға, демек "әулиелерге" сыйланған құдіретті рахым
күнәһарға кешірімді және өзіңнің дәрменсіздігіңді білетіндіктен жақыныңа көмектесуге
дайын тұруды емес, Құдайдың мәңгілік қарғыс таңбасы басылған дұшпаны ретінде оларға
өшпенділік пен менсінбеуді талап етті. Мұндай түйсіну белгілі бір жағдайларда
секталардың пайда болуына соқтыратын шиеленіске дейін жетелей алатын еді. Мұндай
жәйт мақұрым қалғандар Құдайдың ұлықтығы үшін шіркеу заңдарына бағынуға тиіс деген
кальвинистік бастапқы тезис діндарлар ортасында күнәдан арылмағандардың болуы,
олардың киелі сыйларды қабылдап алуы немесе священник ретінде олардың құпия
рәсімдерді жасауы Құдайдың ұлылығын қорлайды деген сеніммен (XVII ғасырдағы
"индепенденттер" іліміндегі тәрізді) ығыстырып шығарылған жерлерде орын алатын.
Басқаша айтқанда, мұндай жәйт иманды орнықтыру идеясы шіркеу мәнісін донатистік
түсінуге алып келгенде болып жататын, кальвинистік мәзхабтағы баптистерде дәл солай
болды. Алайда, өзінің құтқарылғандығына кәміл сенген қалаулылар түрінде "таза" шіркеу
құру талабы дәйекті жүргізілмей, секталардың пайда болуына апарып соқтырмаған
жерлерде де шіркеу құрылысын қайта құрудың әрқилы әрекеттері (олардың негізінде
қалаулы христиандарды тәу етуге дайын емес қарғалғандардан бөліп алу ниеті жатты),
қалаулыларға шіркеу басқаруын жүзеге асырудың ерекше құқығын беру және оларды тек
уағызшы мансабына дейін көтеріп, ерекше жағдайға қою ұмтылысы байқалды.
Осынау тақуа өмірлік мінез-құлық өзінің бұлжымас нормасын Інжілден тапқаны айдан
анық, сол норманы ол үнемі бағдар етіп отырды және ол норма оған қажет болатын.
Әртүрлі авторлар талай рет суреттеген кальвинизм "інжілнамасында" бізді ең алдымен
қызықтыратыны мынау: Жаңа өсиеттегідей Құдай рухына толы Көне өсиеттің моральдық
талаптары кальвинистер үшін өзінің маңызы жағынан Жаңа өсиеттің талаптарымен бірдей
болды, тек олар иудейлер өмірінің жағдайына қатысты болмасын немесе Христ тікелей
теріске шығармаған болсын. Иманы кәміл кальвинистер заңды әлдене мінсіз норма деп
білді, оған жету мүмкін емес, бірақ үнемі соған ұмтылып отыру керек, ал Лютерде біз
әуелгі тұста керісінше нәрсені - имандылардың Құдай берген артықшылығы ретінде
Заңның қарпіне құлдық табынудан бостандықты көреміз. Пуритандар бәрінен көп оқитын
Інжіл кітаптарында - Сүлейменнің тәмсілдері мен кейбір псаломдарда - бар иудейлердің
терең діни және сонымен бірге салауатты өмірлік кемеңгерлігінің ықпалы пуритандардың
бүкіл өмірлік көңіл күйінен аңғарылады. Кальвинизмнің өзіндік ұтымдылық сипатын,
діншілдіктің мистикалық және жалпы бүкіл эмоциялық жағынан бас тартуын Көне
өсиеттің ықпалына сонау Санфордтың өзі жатқызған болатын. Кальвинистер қабылдаған
көне өсиеттік ұтымдылық өздігінен алғанда мәнісі жағынан шындап келгенде ұсақ
буржуазиялық және дәстүршілдік ұтымдылық болатын және пайғамбарлардың асқақ
пафосынан ғана емес, Інжілдің орта ғасырлардың өзінде өзіндік эмоциялық реңкі бар
діншілдіктің дамуы үшін бастапқы нүктесі қызметін атқарған тарауларынан да
өзгешеленетін. Демек, бүл арада да, сайып келгенде кальвинизмге тән сол бір тақуалық
белгілері байқалады, олар кальвинизмнің Көне өсиеттен өзіне жақын идеяларды іздеп
тауып, оларды сіңіріп алуына жетеледі.
Кальвинистік протестантизмге де, өмірдің ұтымды пошымдарына бой ұрған католиктік
ордендерге де тән практикалық өмір этикасы өрісіндегі жүйелеу кальвинизмде сырттай
көрінісін "педант" пуритан өзінің қалаулы екендігін сол арқылы ұдайы қадағалап
отыратын тәсілден табады. Рас, барлық күнәлар мен әзәзілге бой алдыру дәйекті түрде,
кейде кесте түрінде енгізілетін діни күнделіктер, сондай-ақ жан құтқару ісіндегі табыстар
туралы айғақтар шіркеу талаптарын барынша бұлжытпай орындайтын реформаттар
топтарында ғана таралып қойған жоқ, олар дәл сол шамада иезуиттер құрған осы заманғы
католиктік таупих (соның ішінде француздарда) өрісінде де пайдаланылды. Алайда егер,
католицизмде мұндай күнделіктер күнәні мойындау толық болуы үшін пайдаланылса