Қазақстанның ашық кітапханасы
54
санамасақ, кейінгі ортағасырлық немістер мен ағылшындардың мінезіндегі қандай да
болсын терең айырмашылықты доп басып айту қаншалықты мүмкін болмаса, ағылшын
merchant adventurers
'інің (авантюрист-көпестердің) мінез-құлықтық ерекшеліктерін және
олардың ганзалық көпестерден айырмашылығын анықтау да соншалықты мүмкін емес.
Біз бүгіндері де сезінетін айырмашылықтарды тек діни қозғалыстардың еңсерілмес
ықпалы - ол ғана емес, бірақ ол бірінші кезекте - ғана туындатты .
Егер біз конепротестанттық этика мен капитализм рухының дамуы арасындағы өзара
байланысты зерттей отырып, Кальвиннің ілімінен, кальвинизмнен, басқа да "пуритандық"
секталардан бастасақ, бұл тіптен де осы діни ағымдардың негізін салушылардың немесе
осы ағымдар өкілдерінің әлдебірі қандай дәрежеде болсын бүл арада біз "капиталистік"
деп атап отырған "рухты" оятуды өздерінің өмірлік мақсаты етті деген ойдан және соның
ізін табуға деген ұмтылыстан емес. Біз, әрине, жалаң мақсат ретінде қабылданған дүниауи
игіліктерге ұмтылыс олардың әлде біреуіне этикалық құндылық болып көрінуі мүмкін еді
деп топшылаудан аулақпыз. Мына нәрсені біржола есте ұстау қажет: этикалық реформа
бағдарламасы реформаторлардың ешқайсысының басты назарда ұстаған нәрсесі емес - өз
зерттеуімізде біз Менно, Дж. Фокс, Уэсли сияқты қайраткерлерді де солардың санатына
жатқызамыз. Олар "этикалық мәдениет" қоғамдарының негізін салушылар да, гуманистік
ұмтылыстың иелері де, мәдениеттің жоғары үлгілерін жасаушылар да немесе әлеуметтік
реформалардың жақтастары да болған емес. Олардың өмірі мен қызметінің негізгі
мақсаты жанды құтқару, тек сол ғана болды. Олардың ілімдерінің этикалық мақсаттары
мен практикалық ықпалының түп тамырын содан іздеу керек; бұлардың екеуі де тек таза
діни сарынның салдары ғана болды. Сондықтан біздің мынамен санасуымызға тура
келеді: Реформацияның мәдени ықпалы өзінің елеулі бөлігінде, - ал біздің арнайы
тақырыбымыз үшін басым бөлігінде - реформаторлардың өздері үшін олардың қызметінің
күтпеген, тіптен қаламаған, көбіне олардың көкірек көзінен өте шалғай жатқан, немесе
тіпті олардың шынайы ниеттеріне мүлдем кереғар салдарлары болды.
Біздің зерттеуіміз жалпы тарихи дамудың барысына "идеяның" қандай пошымда ықпал
ететінін түсіндіруге қосылған қарапайым үлес бола алар еді. Алайда әу бастан
түсінбеушіліктің орын алмауы үшін және жалпы таза идеялық сарындардың мұндай
ықпалына біздің қай мағынада жол беретініміз айқын болуы үшін осы кіріспе бөлімнің
қорытындысында тағы бірнеше қысқаша сілтемелер жасауды жөн санаймыз.
Ең алдымен мынаны үзілді-кесілді атап көрсетуіміз керек: Реформацияның идеялық
мазмұнына, мейлі ол әлеуметтік-саяси немесе діни сипаттағы реформа болсын, қандай да
бір баға беру жалпы бұл сынды зерттеулердің мақсаты бола алмайды. Біздің
Реформацияның шынайы діни сана үшін тым шалғай, көбіне-көп таза сырттай ғана
қатысы бар секілді көрінетін қырлары туралы үнемі сөз етуімізге тура келеді. Өйткені біз
бар болғаны толып жатқан нақты тарихи себептердің өзара ықпалы нәтижесінде
қалыптасқан осы заманғы, "мына дүниелік" мәдениеттің дамуы барысында діни
сарындардың қандай мәні болғанын барынша неғұрлым анық көрсетуге ғана ұмтыламыз.
Демек, біздің сұрағымыз тек мынаған саяды: біздің мәдениетімізге тән мазмұннан нақ не
нәрсе тарихи себеп ретінде Реформацияның ықпалына жатқызыла алады? Бүл орайда біз,
әрине, жақтастары Реформацияны "тарихи қажеттілік" ретінде экономикалық
өзгерістерден шығаратын көзқарастан ірге ажыратуға тиіспіз. Реформаторлар құрған жаңа
шіркеулердің тек орнығуы үшін толып жатқан тарихи констелляциялар (жағдайлардың
тоғысуы), атап айтқанда, қандай да бір "экономикалық заң" шеңберімен шектелуі мүмкін
емес, жалпы ешқандай экономикалық көзқарас тұрғысынан түсіндіріле алмайтын, сипаты
жағынан таза саяси себептердің тоғысуы қажет болды. Сонымен бірге біз "капиталистік
рух" (біз бүл ұғымды уақытша қолданатын мағынада) тек Реформацияның белгілі
қырларының ықпалы нәтижесінде ғана пайда бола алды, капитализм шаруашылық жүйесі