Page 42 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ 3

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
42
жақсы еңбекақы алатын және жақсы тамақтанатын померандық немесе мекленбургтік
шаруаның жинаған астығының үштен екісінен сәл ғана артық астықты зорға жинайды;
шығысқа қарай ойысқан сайын поляктың еңбек өнімділігі немістердің еңбек өнімділігінен
күштірек өзгешелене түседі. Таза іскерлік жағынан алғанда да төмен жалақы білікті еңбек
қажет болатын барлық жағдайда, әңгіме қымбат, ұқыпты да білгір күтімді қажет ететін
машиналарға, жалпы мұқияттылық пен инициативаға жеткілікті тірелген кезде
капиталистік дамудың қолайлы факторы қызметін атқара алмайды. Төмен жалақының
аталған барлық жағдайларда өзін өзі ақтамай, кері нәтижелер беретін себебі бұл жерде
асқан жауапкершілік сезімі ғана емес, сонымен бірге ең жоқ дегенде жұмыс барысында
мейлінше қолайлы жағдайда мүмкіндігінше аз күш жұмсап өзімнің әдеттегі еңбек ақымды
қалай сақтап қалсам деген әрдайым өзекті сұраққа мүлдем жол бермейтіндей, еңбек
адамды тұтасымен баурап алатын дара мақсатқа, "төл іске" айналатындай ойлау машығы
қажет. Алайда, еңбекке мұндай көзқарас адам табиғатының қасиеті емес. Ол төмен не
жоғары еңбек ақысының тікелей нәтижесі ретінде де туындай алмайды; мұндай көзқарас
тек ұзақ тәрбие нәтижесінде ғана қалыптаса алады. Қазіргі кезде берік тамыр жайған
капитализмнің өзіне қажетті жұмыс күшін дүниенің барлық индустриялық елдерінен, ал
сол елдердің өз ішінде барлық өнеркәсіп саласынан жиып алу салыстырмалы түрде оңай.
Ал бұрындары, әрбір жеке жағдайда бұл төтенше елеулі проблема болатын. Қазірдің
өзінде де, кейінірек көретініміздей, капитализмнің қаз тұра бастаған шағында да оған
жәрдемдескен қуатты одақтасының қолдауынсыз мақсатқа үнемі қол жете бермейді. Бұл
жағдайда да өз ойымызды нақты мысалмен түсіндіріп көрелік. Мешеу дәстүршілдік
белгілері бүгінде жұмыскер әйелдердің, әсіресе тұрмыс құрмағандарының қызметінде
көрініс береді. Жұмыскер әйелдерді, әсіресе неміс әйелдерін жалдайтын кәсіпкерлер
барлық дерлік жерде олардың бір кезде қабылдаған тәсілдерден бас тартуға, оны
неғұрлым орынды да оңтайлы тәсілдермен алмастыруға, еңбекті ұйымдастырудың жаңа
түрлеріне бейімделуге, бірдемені үйренуге, өз ойын бір нәрсеге бағыттауға немесе
ойлануға мүлдем құлықсыздығына жиі шағымданады. Оларға жұмысты қайткенде
жеңілірек орындау және ең бастысы неғұрлым тиімді орындау тәсілдерін түсіндіру
әрекетінен ештеңе шықпайды, ал жұмыс ақысын көбейту көмектеспейді, өйткені ол
үйреншікті дағды пәрменіне соқтығады. Жұмыскер әйелдер ерекше діни тәрбие алған,
атап айтқанда олар пиетистер ортасынан шыққан жерлерде іс мүлдем басқаша (бұл
проблеманы біздің қоюымыз тұрғысынан едәуір маңызды). Нақ осы санатқа жататын
жұмыскер әйелдердің жаңа техникалық әдістерді үйренуге неғұрлым әбжіл екенін жиі
естуге тура келеді (мұны статистикалық деректер де растайды). Ойды жинақтай алуға
қабілеттілік, сондай-ақ "еңбек жөніндегі парыз" идеясына адалдық олардың бойында
қатаң шаруақорлықпен жиі ұштасады, соның арқасында олар өз табысының мөлшерін
салиқалы салқынқандылықпен, қанағатшылдықпен салмақтайды - мұның бәрі олардың
еңбек өнімділігін керемет арттырады. Бұл арада біз капитализмге қажет нәрсенің тап өзін -
еңбекке дара мақсат ретінде, "төл ісі" ретінде қараудың ең қолайлы топырағын,
дәстүршілдік дағдысынан арылудың діни тәрбие салдарынан қалыптасқан ең қолайлы
шарттарын табамыз. Осы заманғы капитализмнің37 күнделікті практикасынан осы
байқағанымыздың өзі капитализм дамуының елең-алаңында адамдардың капиталистік
өндіріске бейімделуі мен олардың діни ұстанымдары арасындағы байланыс пошымдары
туралы мәселе қойылғаны сөзсіз орынды екендігін айғақтайды. Өйткені мұндай
байланыстың бар екені толып жатқан фактылармен қуатталады. Мәселен, XVIII ғасырда
жұмысшы-методистер жөніндегі дұшпандық және олар басқа жұмысшылар тарапынан
ұшыраған қудалау (түрлі дерек көздерінде жұмысшы-методистердің құрал-
саймандарының құртылуының үнемі айтылуы осыны айғақтайды) олардың тек (бірінші
кезекте емес) діни оғаштығында (бұл тәрізді оғаштық және одан әлдеқайда асып түсетін
оғаштық Англия үшін таңқаларлық нәрсе болмайтын) ғана емес еді; бүл қудалаудың
негізінде олардың, біз қазір айтатынымыздай, ерекше "еңбекқорлығы" жатты.