Page 264 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ 3

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
264
күштерде. Үстірттегі уағыздың этикасын, мысалы "жамандыққа қарсылық жасамау"
өсиетін немесе соққыға сол жақ бетін де, оң жақ бетін де тосатын адам туралы тәмсілді
"ғылыми түрде жоққа шығаруға" қандай адамның батылы барады? Соған қарамастан, егер
бұған дүниауи тұрғыдан қарайтын болсақ, мұнда, жеке намыс сезімінен бас тартуды талап
ететін этиканың уағыздалатыны түсінікті. Демек, осы этика беретін діни намыс пен
этикасы мүлдем басқа нәрсені: "Жамандыққа қарсы шық, әйтпесе, егер ол жеңсе, сен
жауаптысың" - деп уағыздайтын еркектік намыстың біреуін таңдау қажет. Жеке адамның
түпкі ұстанымына қарай осы этикалық позициялардың бірі ібілістен, екіншісі - Құдайдан
нәр алады, сондықтан де жеке адам өзі үшін кімнің Құдай, кімнің ібіліс екендігін шешіп
алуға тиіс. Бүкіл өмір өрісінде жағдай осындай.
Діни пайғамбарлық атаулыға өзек болған методикалық-этикалық өмір салтының ғаламат
рационализмі, осы көп құдайшылдықты "Бір құдайға" жығып беріп, содан кейін сыртқы
және ішкі өмірдің шындықтары алдында релятивизмді енгізуге және христиандық
тарихынан біздің бәрімізге белгілі мәмілелер жасауға мәжбүр болды.
Бірақ бүгінде бүл діни "жай күндерге" айналды. Ежелгі қисапсыз құдайлар өздерінің
сиқырынан айрылған, демек, дерексіз күш бейнесін қабылдаған құдайлар көрінен шығып,
біздің өмірімізді билеп-төстеуге тырысып, өзара мәңгілік күресін қайтадан бастайды.
Бірақ қазіргі адамға сондай қиыны және бәрінен де жас ұрпаққа қиыны, - сол жай
күндерге лайық болу. Барлық "күйзеліс" осындай әлсіздіктен басталады. Өйткені
тағдырдың, уақыт тағдырының айбарлы жүзіне қарай алмаудың өзі әлсіздік.
Алайда біздің мәдениеттің тағдыры мынада: біз оны барған сайын бедерлірек қайтадан
сезіне бастадық, ал христиандық этиканың ғаламат пафосы өзек болған мың жылдық
барысында біз сол күштерді байқай алмадық. Бірақ бізді тым шалғайға жетелеп кететін
мәселелерді талқылауды осымен доғарайық. Дегенмен біздің жастарымыздың бір
бөлігінің арасында, осының бәріне: "Иә, бірақ біз, тек талдау мен фактыларды тізіп
беруден әлдеқайда көп нәрсе алу үшін лекцияға барамыз ғой," - деп жауап беретін
бөлігінде, профессордың тұлғасынан өздерінің алдында тұрған мұғалімді емес, көсемді
іздеуге мәжбүр ететін қате түсінік бар. Алайда біз кафедраға тек мұғалім ретінде
қойылғанбыз. Бүл екеуі әр түрлі нәрселер, оған көз жеткізу оңай. Америкада мұндай
нәрселерді олардың дөрекі алғашқы қауымдық салтынан көруге болады. Америкалық бала
еуропалық баладан әлдеқайда аз оқиды. Емтихандардың сұмдық көптігіне қарамастан, ол
өзінің оқушылық өмірінің рухына қарай, әлі неміс бала тәрізді абсолютті "емтихан адамы"
бола қойған жоқ. Өйткені, емтиханның нәтижелерін көрсетіп, адамдық карьера әлеміне
кіретін билеттің қызметін атқаратын дипломды қажет ететін бюрократия онда енді пайда
бола бастады. Жас американдық ештеңенің алдында да, ешкімнің алдында да: дәстүрдің
алдында да, парыздың алдында да бас имейді; ол тек өзі сіңірген еңбекті тана құрметтейді
- міне осыны американ "демократия" деп атайды. Мұндай идеялық мазмұн жөнінде нақты
өмір қалай бұрмаланып көрінсе де, идеялық мазмұн дәл осындай, бұл жерде сөз сол
турасында. Өзінің мұғалімі жөнінде американ бозбаланың анық белгілі түсінігі бар: менің
әкемнің ақшасына ол маған өзінің білімі мен әдістемелік принциптерін сатады және
көкөнісші менің шешеме капустаны қалай сататын болса, солай сатады. Сонымен бітті.
Алайда, егер мұғалім, мысалға, футболшы болса, онда бүл салада ол көсем ретінде
қимылдайды. Бірақ ондай (немесе спорттың басқа бір түрінде сол секілді біреу) болмаса,
ол жай ғана мұғалім, одан басқа түк те емес, және одан "дүниетанымды" немесе өмірде
басшылыққа алу керек болатын ережені сатып алу туралы ой жас американдықтың миына
ешқашан келмейді. Әрине, мұндай дөрекі түрде біз мұны мақұл көрмейміз. Бірақ нақ
осындай, әдейі ащы айтқан сезіну тәсілінде шындықтың дәні жоқ па?