Page 210 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ 3

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
210
типтер арасында, әрине, аралық сатылар көп. Бұқаралықтан туындау феномені мен еліктеу
феномені айқын шекарамен бөлінбейді, әлеуметтік қарекеттің шекаралас оқиғалары
болып табылады және әлі біздің баяндауымызда, мысалы, дәстүрлі қарекет (p. II) туралы
бөлімде әлденеше рет кездеседі. Шекаралардың жеткілікті жақын болмауының себебі
аталмыш жағдайда да, өзге жағдайларда да өзгелердің құлқына бағдарлану және төл
қарекетінің мағынасы тіпті де әрқашан бір мәнді анықтала, немесе тіпті парықтала, одан
да сиреп толық парықтала бермейтіндігінде. Осының өзінен-ақ жай ғана "ықпал" мен
парықталған "бағдар" арасын үнемі ажырата беру тіпті де әрқашан мүмкін емес. Алайда,
таза "реактивті" еліктеу бері салғанда төл мағынасындағы "әлеуметтік құлық" секілді
әлеуметтік маңызға ие болғанымен де, оларды тұжырымдамалық тұрғыдан ажырату
қажет. Әлеуметтану тіпті де тек "әлеуметтік қарекеттен" шұғылданбайды, бірақ
әлеуметтік қарекет (кем дегенде, біз осы арада айналысып отырған әлеуметтану үшін)
оның орталық, ғылым ретінде конститутивтік проблемасы болып табылады. Айтпақшы,
мұнымен біз тіпті де осы проблема жалпы өзгелерден маңыздырақ демек емеспіз.
II. ӘЛЕУМЕТТІК ҚАРЕКЕТ САРЫНДАРЫ
Әлеуметтік қарекет, кез-келген өзге құлық секілді, мынадай бола алады: 1) егер оның
негізінде сыртқы дүние заттары мен өзге адамдардың белгілі бір құлқын күту жатса және
осы күту өзінің ұтымды түрде алға қойылған және ойластырылған мақсатына жетудің
"шарты" немесе "құралы" ретінде пайдаланылса, ұтымды мақсатты қарекет; 2) белгілі бір
құлықтың, оның неге апарып соқтыратынына қарамастан, өздігінен-ақ құндылығына -
эстетикалық, діни және басқа құндылыққа - сөзсіз негізделген құндылықты- ұтымды
қарекет; 3) аффектке немесе индивидтің эмоциялық ахуалынан туындайтын аффектілі, ең
алдымен эмоциялы қарекет; 4) ұзақ әдетке негізделген дәстүрлі қарекет.
1. Таза дәстүрлі қарекет, реактивті еліктеу (алдыңғы параграфты қараңыз) секілді,
"парықталып" бағдарланған қарекет деп атауға болатын нәрсенің ең шегінде немесе
көбіне одан тыс та тұрады. Өйткені, мұның өзі көбіне тек бір кезде сіңірілген нұсқау
бағытындағы әдеттегі қоздырғышқа автоматты реакция ғой. Адамдардың үйреншікті
күнделікті құлқының көп бөлігі тек осы типке, құлықты жүйелеуде шекаралас жағдай
ретінде ғана емес, әдетке адалдық бұл арада әрқилы түрде және әрқилы дәрежеде түсініле
алатындықтан (бұл жайында төменде) белгілі бір орынға ие типке жақын. Бірқатар
жағдайларда бұл тип № 2 типке жақындайды.
2. Таза аффективті қарекет те шекарада және жиі-жиі "саналы", парықталған қарекеттің
шегінен тыс тұрады; ол мүлдем әдеттен тыс қоздырушыға үн қатуы арқылы кедергі
дегенді білмейтін болуы мүмкін. Егер аффекттен туындаған қарекет саналы эмоциялық
тарқатылудан көрініс тапса, онда біз сублимация жайында айтамыз. Мұндай жағдайда
осынау тип әрқашан дерлік "құндылықты ұтымдылыққа" немесе мақсатты бағытталған
құлыққа, немесе екеуіне де жақын болады.
3. Қарекеттің құндылықты-ұтымды бағдарлануы аффективті құлықтан өзінің бағытын
саналы бағыттауымен және соған дәйекті жоспарлы бағдарлануымен ерекшеленеді.
Олардың ортақ қасиеті мынада: олар үшін мағына қандай да бір сыртқы мақсатқа қол
жеткізуде емес, сипаты жағынан белгіленген құлықтың өзінде жатады. Егер индивид
өзінің кек алу, ләззат алу, адалдық, рахаттана бақылау сияқты қажеттіктерін дереу
қанағаттандыруға немесе қаншама пасық немесе ізгі болса да кез-келген басқа
аффектілердің қысымын жоюға ұмтылса, онда оның аффект ықпалымен қарекет
жасағаны.