Page 199 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ 3

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
199
1) қарекеттің (оның ішінде пікірлердің де) топшыланатын мағынасын тікелей түсіну.
Мысалы, біз естігенде немесе оқығанда 2x2=4 ережесінің мағынасын тікелей "түсінеміз"
(ойды ұтымды тікелей түсіну), немесе адамның жүзінен, қаратпа сөзінен, иррационалдық
қимылдарынан ашу-ызаның бұрқ еткенін тікелей "түсіне аламыз" (аффекттерді
иррационалды тікелей түсіну), сондай-ақ ағаш кесушінің, есікті жабу үшін оған қол созған
адамның, хайуанды ату үшін көздеп тұрған аңшының қарекетін тікелей түсіне аламыз
(қарекеттерді ұтымды тікелей түсіну).
Бірақ түсіну деп біз сондай-ақ мынаны да атаймыз:
2) түсіндіруші түсіну. Біз сарындық жағынан 2x2=4 деген ережені айтқан немесе жазып
алған адам оған қандай мағына бергенін, егер ол коммерциялық калькуляциямен, оның
ғылыми тәжірибе көрсетумен, техникалық есептеулермен немесе осы ереже өзінің бізге
түсінікті мағынасы бойынша енгізіле алатын, дәл сонда ол бізге түсінікті мағыналық
байланысқа ие болатын кез-келген басқа қызметпен айналысып тұрғанын көрсек, мұны ол
нақ сол кезде және соған байланысты неліктен істегенін "түсінеміз" (ұтымды
сарындылықты түсіну). Біз ағаш жарып жатқан немесе атар алдында нысанасын көздеп
тұрған адамның қарекетін тікелей ғана емес, сарындық жағынан да түсінеміз, онда да біз
бұлардың біріншісінің мұны не ақы үшін, не өзінің шаруашылық қажеті үшін, не басқа
тірліктерден демалу үшін (ұтымды қарекет), не өрекпігендігін басу үшін (иррационалды
қарекет) істеп жатқанын, ал атар алдында нысанасын көздеп тұрған адамның мұны не
үкімді орындау үшін бұйрық бойынша немесе дұшпанмен шайқас кезінде (яғни ұтымды)
немесе кек алу үшін (аффект ықпалымен, яғни иррационалды) істеп тұрғанын білетін
болсақ түсінеміз. Ақыр соңында, біз ашу-ызаны, егер ол қызғаншақтықтан,
атаққұмарлығына дақ түсірілгендіктен, абыройын төккендіктен туындаса (аффекттен
туындаған қарекет, яғни сарыны жағынан иррационалды), сарындық жағынан түсіне
аламыз. Осының бәрі - бізге түсінікті мағыналық байланыстар, оларды түсінуді біз нақты
қарекетті түсіндіру ретінде қарастырамыз. Демек, зерттеу пәні құлық мағынасы болып
табылатын ғылымда "түсіндіру" дегеніңіз мағыналық байланысты ұғыну деген сөз, оған
өзінің субъективті мағынасы бойынша тікелей түсінуге болатын қарекет енеді. (Осы
түсіндірудің себептік мәні туралы төменде 6-тармақтан қараңыз). Барлық осынау, соның
ішінде аффект ықпал ететін жағдайларда, біз оқиғалардың субъективті мағынасын,
сондай-ақ мағыналық байланыстарды да топшыланған мағына деп анықтаймыз
(осымызбен біз сөздің әдеттегі қолданылысы шеңберінен шығамыз, онда "топшылау"
туралы мұндай түсіну тек ұтымды немесе мақсатты тұсында ғана айтылады).
6. Барлық осы жағдайларда "түсіну" дегеніңіз: а) жекелеген жағдайда нақты
топшыланатын (оқиғаларды тарихи талдау тұсында); ә) топшыланған, орта мөлшерде
және шамалы мөлшерде алынған (бұқаралық құбылыстарды әлеуметтану тұрғысынан
қарастырғанда); б) ғылыми негізде құрастырылған құбылыстың таза міні ("мінсіз типтегі")
мағынасын немесе мағыналық байланысын жиі қайталанатын әлдене құбылысты
тәпсірлеп ұғыну деген сөз. Мұндай мінсіз-типтік конструкциялар қызметін, мәселен, таза
теориялық экономикалық ілім талдап әзірлеген ұғымдар мен "заңдар" атқарады. Егер
адамның мінез-құлқы қатаң ұтымды мақсаттағы сипатта болса, қателесулер мен
аффекттерден ада болса, және егер мүлдем анық бір мақсатқа (экономикаға) бағытталса,
оның қандай боларын солар көрсетеді. Нақты мінез-құлық мінсіз тип құрылымына өте
сирек (мысалы, биржадағы кейбір жағдайда), оның өзінде шамамен ғана сәйкес келеді.
Әрбір тәпсір әрине, айқындылыққа ұмтылады. Алайда өзінің мағынасы жағынан
қаншалықты айқын болса да, тәпсір сонысы арқылы себепті маңыздылыққа ие бола
алмайды және қашан да тек ең ықтимал гипотеза болып қала береді.