Қазақстанның ашық кітапханасы
116
Бұдан шығатын байлам: мәдени нақты болмысты танып-білу - әрқашан мүлдем өзіндік
ерекше көзқарас тұрғысынан танып-білу. Біз тарихшыдан немесе әлеуметтанушыдан аса
қарапайым алғышарт ретінде маңыздыны ажырата білуді және осындай ажыратуды жасай
отырып, белгілі бір "көзқарасқа" негізделуді талап еткенде, бұл тек ол саналы немесе
санасыз нақты болмыс құбылыстары әмбебап "мәдениет құндылықтарымен"
салғастырыла білуге және осыған қарай біз үшін маңызы бар байланыстарды бөліп ала
білуге тиіс дегенді ғана білдіреді. Егер мұндай көзқарастарды "материалдан шығарып
алуға болады" дегенді жиі естіп жүрсек, онда бұл - ғалымның өзін-өзі аңғырт алдауының
салдары ғана, ол зерттеу материалына санасыз қосып жіберетін құндылықтық идеялар
пәрменімен әу бастан-ақ абсолютті ұшы-қиырсыздықтан өзі үшін бірден-бір маңызды
нәрсе ретінде оның титімдей бір компонентін бөліп алғанын байқамайды. Осынау
әрқашан және барлық жерде, саналы немесе санасыз түрде, болып жатқан оқиғалардың
жекелеген ерекше "қырын" таңдап алудан мәдениет туралы ғылымдар саласындағы
ғылыми жұмыстың бір элементі, ғылыми еңбектегі құнды нәрсе сондағы "жекеше" сәт
болып табылады-мыс, назарға лайық әрбір еңбекте автордың "жеке басы" көрінуге
тиістіміз деп жиі қайталанатын пікір негізделетін элементі көрінеді. Зерттеушінің
құндылықтық идеяларынсыз материалды іріктеп алу үшін қажет принцип те,
индивидуалдық нақты болмысты шынайы танып-білу де болмайтыны айдан анық; және
егер мәдениеттің қандай да бір мазмұнына зерттеушінің сенімінсіз оның индивидуалдық
нақты болмысты танып-білуге бағытталған кез-келген күш-жігері тұл болса, онда оның
сенімінің бағыттылығы, құндылықтардың оның жанының айнасына түсуі зерттеушілік
қызметке белгілі бір бағыттылық береді. Ғылыми кемеңгерлік өз зерттеуінің объектілерін
салғастыратын құндылықтар тұтас дәуірдің "түйсінілуін" анықтап бере алады, яғни
құбылыстарда "құндылықты" деп есептелетін нәрсені ғана емес, мәнді немесе мәнсіз,
"маңызды" немесе "маңызсыз" деп саналатын нәрсені де түсінуде шешуші рөл атқара
алады.
Демек, біз түсінетін мағынадағы мәдениет туралы ғылымдарда танып-білу "субъективті"
алғышарттармен нақты болмыстың тек біздің түсінігімізде мәдени мәні бар
құбылыстармен қандай да бір түрде - мейлі барынша жанама түрде болсын - байланысты
компоненттеріне қызығатын шамада ғана байланысты. Соған қарамастан бұл, әрине,
табиғаттық сапалық сипаты бар маңызды индивидуалдық құбылыстарды танып-білу
мағынасынан бір елі айнымайтын таза каузалдық танып-білу. Мәдениет туралы
ғылымдарда формалды-заңгерлік ойлау жүйесінің килігуінен туындаған көптеген
қателіктердің санатына жақында төмендегі бірқатар сенімді байламдардың көмегімен
"тарихты материалистік тұрғыдан түсінуді" принципінде "жоққа шығарудың" қитұрқы
әрекеті қосылды: шаруашылық өмір заңдық немесе конвенционалдық жолмен реттелген
пошымдарда өтіп жататындықтан, экономикалық "даму" атаулы жаңа құқықтық
пошымдар жасауға ұмтылыс пошымын амалсыз қабылдайды, демек, ол даму тек
инсанияттық максималар көзқарасы тұрғысынан ғана түсініле алады және сондықтан
өзінің мәнісі жағынан "табиғат саласындағы" кез-келген дамудан күрт өзгешеленеді.
Осының пәрменімен экономикалық дамуды танып-білу әрқашан өзінің сипаты жағынан
телеологоиялық болады. Әлеуметтік ғылымдардағы коп мәнді "даму" ұғымына және
логикалық жағынан көп мәнділігі тіпті де кем емес "телеологиялық" ұғымына тоқталып
жатпай-ақ, біз бұл арада мынаны көрсете кету қажет деп санаймыз: мұндай даму, қалай
десек те, бұл сөзге аталмыш көзқарастың жақтастары беретін мағынада "телеологиялық"
емес. Маңызды құқықтық нормалардың толық формалды бірдейлігі тұсында нормаланған
құқықтық қатынастардың мәдени маңызы, сол арқылы нормалардың өзінің мәдени
маңызы мүлдем әртүрлі бола алады. Егер болашақты фантастикалық болжауға бел
байласақ, онда, мысалы, "өндіріс құралдарын қоғамдастыру" теория жүзінде аяқталды,
және бүл орайда көрсетілген мақсатты іске асыруға ешқандай саналы "ұмтылыссыз" және