Қазақстанның ашық кітапханасы
102
залалсыз болмақ тұрмақ, қайта пайдалы бола алады, ол-ол ма, таза ғылыми мүдде үшін
қажет те нәрсе.
Мәселен, заң шығарушылық және басқа практикалық ұсыныстарға ғылыми сын айтқанда
заң шығарушының сарындарын немесе сыналып отырған жазушының мұраттарын
олардың бүкіл мәнінде анықтап алу бірқатар жағдайда тек олар негізге алған
құндылықтарды басқа, және, ең абзалы олардың төл құндылықтарына қарсы қою арқылы
көрнекі, түсінікті пошымда беріле алады. Бөтеннің ырқына әрбір ұтымды баға төл
"дүниетаным" позициясынан өрбитін сын ғана бола алады; бөтеннің мұратымен текетірес
ойыңды төл мұратыңнан туындатқанда ғана мүмкін болмақ. Егер жекелеген жағдайда
практикалық ырықтың негізінде жатқан соңғы құндылықтық аксиома тек белгіленіп және
ғылыми талдауға алынып қана қоймай, оның басқа құндылықтық аксиомаларға қатысында
көрнекі көрсетілуге тиіс болса, онда олардың соңғыларына қисынды баяндау арқылы
"позитивтік" сын беру қажет.
Осылайша, біздің журнал беттерінде, атап айтқанда, заңдарды талқылау барысында,
әлеуметтік ғылыммен - фактыларды ойша реттеумен - катар, әлеуметтік саясатқа да -
белгілі бір мұраттарды баяндауға да үн қату құқығы сөзсіз берілуге тиіс. Алайда біз ондай
пікірталастарды "ғылым" ретінде көрсетуді тіпті де көздеп отырған жоқпыз, және біз
сондай араластыру мен шатасулар орын алмауын мұқият қадағалайтын боламыз. Басқаша
болса мұныңыз енді ғылым емес. Сондықтан ғылыми объективтіліктің екінші іргелі
талабы - оқырмандарға (тағы да қайталап айтамыз, ең алдымен, өзімізге) ойлы зерттеуші
ырық білдірген адамға неде (және қай жерде) орын беріп, үндемей қалатынын, өзінің уәжі
қай тұста ақыл-еске және қай тұста сезімге арналғанын айдан анық түсіндіру. Фактыларды
ғылыми тұрғыдан түсіндіру мен баға беретін толғамдарды үнемі бытыстырып жіберу, рас,
біздің ғылым саласындағы зерттеулердің ең кеңінен таралған, әрі ең зиянды ерекшелігі
болып отыр. Осы арада айтылғандардың бәрі әлгіндей бытыстыруға қарсы бағытталған,
бірақ тіпті де, мұраттарға адал болуға қарсы бағытталмаған. Кәміл сенімнің жоқтығы мен
ғылыми "объективтілік" ешқандай дәрежеде бір-біріне туыс емес. "Архив" ешқашан - бері
салғанда өзінің ниетінде - белгілі бір саяси немесе саяси-әлеуметтік партиялармен пікір
тартысының аренасы болған емес, алдағы уақытта да болуға тиіс емес, оның беттерінде
саяси немесе саяси-әлеуметтік мұраттардың жақтастары яки қарсыластары
жинастырылмайды; ондай мақсаттар үшін басқа органдар бар. Журналдың, ол дүниеге
келген сәттен бастап, өзіндік ерекшелігі оның беттерінде таза ғылыми зерттеулер
шеңберінде бітіспес саяси қарсыластардың тоқайласуында болатын және, бұл
редакцияның қолында болғандықтан, әрқашан солай бола береді. "Архив" өткенде
"социалистік орган" болған емес және алдағы уақытта "буржуазиялық орган" болмайды.
Оның қызметкерлерінің қатарына ғылыми пікірталасқа қатысуға дайын әрбір адам еш
кедергісіз кіре алады. Журнал "қарсы даулардың", репликалардың немесе соларға жауап
берудің аренасы бола алмайды; бірақ ол ешкімді, соның ішінде өзінің қызметкерлері мен
редакторларын да, қаншалықты ащы болса да объективті ғылыми сыннан қорғамайды.
Кімде-кімге бүл шарттар ұнамаса, кімде-кім ғылыми білім саласында мұраттары өзінің
мұраттарымен сәйкес келмейтін адамдармен қызметтес болу мүмкін емес деп білсе,
жуыспай-ақ қойғаны абзал.
Әйтсе де қазіргі кезде мұндай талап, (біз өз-өзімізді алдамақ емеспіз), үстірт қарағанда
байқалмағанымен, өкінішке қарай, көптеген практикалық қиындықтармен байланысты.
Біріншіден, өзіңнің қарсыластарыңмен бейтарап жерде (қоғамдық немесе идеялық
болсын) ашық пікір алмасу мүмкіндігі, өкінішке қарай, біз көрсетіп кеткеніміздей, барлық
жерде, ал тәжірибеден бізге белгілі екеніндей, Германия жағдайында ерекше,
психологиялық кедергілерге ұшырайды. Фанатизм мен партиялық көрсоқырлықтың, саяси
мәдениеттің жетілмегендігінің нышаны болып табылатын аталмыш факт, өздігінен-ақ