Page 25 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
Екіншіден, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын президент пен пропорционалды
өкілдік негізінде қалыптастырылатын заң шығарушы жиналыстың комбинациясы
институциялық тұйыққа тірейді және өкімет параличін туындатады. Мемлекеттің басты
атқарушы тұлғасы мен заң шығарушылар билік басына әртүрлі сайлау принциптері
негізінде келеді және олардың ту сыртында электораттық әртүрлі секторлары тұруы
мүмкін, күшті саяси партиялар құруға ынта болмайды да, нәтижесінде пат ахуалы және
институциялық жанжал туындайды. Мұның өзі, Бразилия мен Венесуэлада болғанындай,
мемлекет басшысын орнынан түсіруге, немесе Перу мен Гватемалада болғанындай,
атқарушы билік басшысы мұрындық болған сәтті я сәтсіз төңкеріске, немесе Аргентинада
болғанындай, парламентті көзге ілмейтін және декреттер көмегімен билеп-төстейтін
президенттік басқаруға апарып соқтыруы мүмкін. Мұның бәрін болдырмау үшін
профессор Хуан Линц және басқалар латынамерикан елдеріне парламенттік республика
моделін қабылдауды ұсынады. Балама жол - пропорционалды өкілдіктен мажоритарлық
жүйеге көшу (a single member district system). Бұл өкіметтің атқарушы және заң шығарушы
тармақтарының арасындағы алауыздық деңгейін төмендетіп қана қоймай, екі партиялық
жүйенің дүниеге келуін ынталандырады.
Үшіншіден, күшті екі партиялық жүйе партиялық жүйелердің басқа тұрпаттарына
қарағанда шешімдерді тиімді қабылдау және жауапты үкімет қалыптастыруға көбірек
дәрежеде қолайлы болады. Мәселен, партиялардың тек біреуі ғана ұдайы үкіметті
қалыптастырып, қадағалайтын доминанттық жүйе, Италияда, Жапонияда және Үндістанда
болғанындай, жаппай жемқорлық негізін жасай алады. Парламент үкіметі бар көп
партиялық жүйе көбіне саяси өзгерістерді қиындатады, өйткені әрбір партия "өз" сайлау
округтарына жүгінеді, сайлау дауыстардың партиялар арасында бөлінуіне үлкен
өзгерістер енгізбейді, ал бірін-бірі ауыстырып отыратын үкіметтер партия
көшбасшыларының коалицияларын сапырылыстыру жолымен құрылады. Екінші
жағынан, күшті екі партиялық жүйе олардың бірінің билік басында болуын, ал екіншісінің
жауапты оппозиция және өз сәтін күтетін баламалы үкімет құруын көздейді. Электорат не
билікті басқарушы партияның қолында қалдыра, не оны оппозицияға тапсырып, оған өз
үкіметін құруға мүмкіндік бере алады. Электорат бәсекесінің динамикасы екі партияны да
саяси спектрдің орталығына ойысуға мәжбүрлей отырып, олардың көшбасшыларын өз
қатарындағы экстремистерді тежеп отыруға итермелейді. Мұның үстіне төтенше
жағдайлар туындағанда басты екі партияның көшбасшылары ортақ бағдарламаны
салыстырмалы түрде оңай әзірлей алады, тіпті қатерлі ахуалды жою үшін, "үлкен
коалиция" құра да алады.
Ақыр соңында, көпшіліктің басқаруының әдеттегі пошымдары нәсілдік, этностық, діни
немесе аймақтық межелер бойынша қатаң бөлінген қоғамдарда ұшпаққа шығармайды.
Бірде-бір қауымдық топ билікке маңайлатылмайтын мәңгілік азшылық жағдайында қала
беруге төзбейді. Қауымдық топтардың өз сипатына және санына сәйкес, мысалы, Оңтүстік
Африкадағы сияқты, мемлекеттік басқаруға қатысуының қандай да бір формулалары
қажет. Бұл сондай - ақ Еуропаның шағын елдерінде, Малайзияда және 30 жыл бойы
Ливанда өзін жақсы жағынан көрсеткен консоциативтік демократия (consociational
democracy) пошымына айнала да алады. Басқа бір жол - партиялар мен кандидаттардың
бір ғана емес, әртүрлі қауымдарға жүгінуін ынталандыратын электоралдық нұсқауларды
қабылдау, бұл Шри Ланканың балама сайлау жүйесінде орын алған, немесе Екінші
Нигерия республикасында қолданылған еді.
Конституциялық жаңалықтар енгізу мен институциялық эксперименттер жасау заманы
туды. Жаңа демократиялардың бір-бірінен, сондай-ақ неғұрлым ескі демократиялардан
үйренері көп - ал ескі демократиялардың кейбіреулері, Италиядағыдай, Израильдегідей