Қазақстанның ашық кітапханасы
Латын Америкасында да, Шығыс Еуропада да жаңа демократиялық үкіметтер әлі бұрынғы
авторитарлық режимдердің ресми адамдары жасаған қылмыстар жөнінде қандай жол
таңдау керектігі жөніндегі күрделі проблемамен бас қатыруда. Бұл арада саяси партиялар,
әдетте, қауқарсыз және мықты көшбасшысы болмаса, түкке тұрмайды. Екі өңірде
үкіметтердің көпшілігі ауқымды экономикалық реформалардың қажеттігі алдында тұр, ал
оны экономикалық стагнация жағдайында жүргізуге тура келеді. Аргентина мен
Польшадағы секілді, кейбір жағдайларда бұл жолда азын - аулақ табыстарға да қол жетті,
бірақ басқа елдерде реформалар баяулауда, экономикалық қиындықтар күшеюде, ал
инфляция, жұмыссыздық және кедейшілік жалпыға ортақ құбылыс болып отыр.
Сонымен, екі факт көзге ұрып тұр. Біріншіден, демократияға барар жолдағы ең үлкен
кедергілер батыстық емес және бай емес елдерге тон. Екіншіден, дағдарыс демесек те, аса
қиын проблемалар демократия таяуда ғана келген елдердің көпшілігіне тән.
Демократияны дамытуға мүдделілер басымдықтарын айқындағанда нақ осы фактыларға
сүйенуі керек. Демократияландыру процесі әлі аяқталмаған өзекті мемлекеттерде
демократияға көшуді ұдайы қолдап отыру бірінші кезектегі мақсат болуы тиіс. Солардың
ішінде ең маңыздылары - Ресей, сондай-ақ Оңтүстік Африка мен Мексика. Алайда Латын
Америкасының, Шығыс Еуропаның және Шығыс Азияның демократия соңғы жиырма
жылда тамыр жайған көптеген елдерінде оны нығайтудың қажеттігі олардағыдан кем
емес. Керісінше, қуңфудзылық, исламдық және африкалық өңірлердегі қоғамдарға
демократияны әкелуге арналған қаражат пен ресурстар жұмсау мардымды нәтиже бере
қоймайтын секілді, оларда демократия елеулі мәдени және/немесе экономикалық
тосқауылдарға тап болуда. Бүгінде күн тәртібінде демократияның экспансиясы емес,
нығайтылуы тұр.
Жаңа демократияларды нығайту әртүрлі бағыттардағы, соның ішінде шыдамдылықты
тәрбиелеу мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету, әскерилердің және бұрынғы
коммунистік бюрократиялардың билігін азайту, сондай-ақ адам құқықтарын өрескел
бұзуға кінәлі бұрынғы авторитарлық режимдердің басшыларымен не істеу керектігін
анықтау секілді қарекеттерді талап етеді. Бұл арада мен екі негізгі салаға ден қоймақпын,
оларда күні кешелергі және біраз бұрынғы тәжірибе бойынша таразыласақ, жаңа
демократияларды нығайта түсу, оларды беркіту мүмкіндіктері бар.
Ең алдымен, саяси институттарды мейлінше нығайту қажет. Саяси институттар жүйесі
тұйыққа тірелу ахуалының шашыраңқылығы мен ықтималдығын кемітетіндей,
шешімдердің пәрменді де жауапты қабылдануын қамтамасыз ететіндей және өкіметтің
қандай да бір тармағына өкілеттіктің шамадан тыс шоғырлануына жол бермейтіндей етіп
құрастырылуға тиіс. Бұл талаптар кей-кейде бір-біріне қайшы келіп жатады, ал олардың
қажетті ұштасуы қоғамның нақты жағдайына қарай өзгеріп отырады. Институциялық
құрылыстың әмбебап рецепті болмайды, бірақ әмбебап, тұрпатты қателіктер болады,
соларға ұрынбауға тырысу керек. Соңғы онжылдықтардың тәжірибесі конституцияны
құрастырушылар мен институттарды жасаушыларға кейбір ұсыныстар беруге мүмкіндік
туғызады.
Біріншіден, пропорционалды өкілдіктің шетін пошымдарынан аулақ болған жөн. Олар
шектен тыс шашырандылыққа апарып соғады, мәселен, Польшаның заң шығарушы
органында 29 партияның өкілдері болды, және де олардың ешқайсысында 13 пайыздан
артық орын болған жоқ. Поляктар бұл жүйені неміс үлгісі бойынша реформалап,
парламенттегі өкілдік үшін 5 пайыздық кедергі енгізгенде, ондағы партиялардың саны 6-
ға дейін қысқарды.