Page 23 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.харингтон. ӨРКЕНИЯТТАР ҚАҚТЫҒ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
секілді тиімді операциялар кезінде де қайта топтасу және басып алынған аумақтарда
бекіну үшін әскерлерге демалыс беруге тура келіп отырады. Демократияландырудың
үшінші толқыны нақ осы фазаға жеткен сияқты.
Оңтүстік Еуропаны қоспасақ, жаңа демократиялық елдерде демократияның болашағы
беймәлім. Өзінің Латын Америкасындағы ахуалға жасаған ауқымды шолуын аяқтай келе,
д-р Ларри Даймонд мынадай қорытынды жасайды: "жалпы алғанда, аймақ демократияға
ілгерілеуінде тоқырау нүктесіне жетті, мұндайда шегініс жетістіктерді теңестіреді, тіпті
олардан асып түседі". 1993 жыл бойынша баяндамасында "Фридом хаус" тек алты
латынамерикан мемлекетін ғана "еркін" елдер ретінде атайды; Куба мен Гаити "еркін
емес" деп, ал қалған он екі елді - "ішінара еркін" деп бағалайды. Соңғы топ елдерінің
көпшілігінде үкіметтер билік басына демократиялық рәсімдер арқылы келді, бірақ бұл
жерде не сайлаудың әділдігі күмәнді, не үкіметтердің өздері адам құқықтарын өрескел
бұзды, я болмаса соған жол берді. Оның үстіне Перуде, Венесуэлада, Гватемалада және
Гаитиде төңкеріс жасау әрекеттері де болды. Көптеген елдерде - Бразилия мен Чилиден
Гватемала мен Сальвадорға дейін - әскерилер саяси сахнаның сыртында тұрған ықпалды
күш болып отыр. Континентте жемқорлық қатер төндіретін мөлшерге жетті, Бразилия мен
Венесуэла президенттеріне импичмент жариялануы, сондай-ақ Аргентина президентіне
жемқорлықпен айналысты деген ауыр айып тағылуы осының дәлелі.
Жағдайдың өзгеруіне байланысты адамдардың өз өміріндегі ең басты жамандық туралы
көзқарастарының өзгеруі де демократия жолынан ауытқуды одан сайын ықтимал етеді.
Адамдар қатал, жазалаған диктатурадан қасірет шеккенде олардың басты мақсаты - ондай
режимді жою. Бірақ бұған қол жеткен бойда, басымдықтар да өзгереді. Бостандық пен
адам құқықтарының орнына бірінші кезектегі міндет ретінде экономикалық әл-ауқат,
заңдылық пен реттілік келеді. Осынау міндетті демократия диктатурадан артық орындай
ала ма, жоқ па - ол белгісіз. Альберто Фухимори Перудегі демократияны уақытша тежеді,
бірақ іле-шала "Сендеро Луминосоны" талқандап, заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіру
жөнінде маңызды қадамдар жасады да, экономикалық реформалар жүргізе бастады. 1993
жылы Перу экономикасы 7 пайыздық өсуді - Оңтүстік Америкадағы ең жоғары деңгейді -
көрсетті. Аргентина президенті Карлос Менем авторитарлығы сәл ғана бүркемеленген
тәсілдерді пайдаланып, экономика саласында сондай нәтижелерге қол жеткізді. Соның
арқасында Фухимори да, Менем де қоғамдық пікір тұрғысынан келгенде ерекше жоғары
рейтингке ие болды. Қысқасы, елде бостандық пен демократия орнасымен, адамдар
бірінші кезекте экономикалық игіліктер мен өз қауіпсіздігі жөнінде қам жей бастайды, ал
бұл мәселені шешу көбіне жырынды авторитарлық көшбасшыларға оңайырақ.
Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағындағы жағдай да соншалықты сенімсіз. Бұл
арада этностық көпшілік азшылықтардың құқықтарын шектейді, кейде тіпті аяқ асты
етеді. Антисемитизм мен сығандарды қудалау неғұрлым айқын көріне бастады. Бірнеше
елде коммунистік аппарат бұрынғысынша өзінің елеулі ықпалын сақтап отыр. Баспасөз
бостандығын шектеу мысалдары көп. Теледидар мен радионы үкімет қатаң бақылайды,
редакторларды өлтіру және бұқаралық ақпарат құралдарына қысым жасау оқиғалары бар.
Адамдардың бұрынғы авторитарлық замандағы заңдылық пен тәртіпті аңсауы күшейе
түсуде. Әлеуметтанушылық сауалнамаға сәйкес, Румынияда және басқа елдерде халықтың
көпшілігі коммунизм жылдарында, тіпті Чаушескудің тұсында да, әлдеқайда жақсы
тұрдық деп санайды. Бері салғанда бір демократиялық көшбасшы - Грузиядағы
Гамсахурдиа - қатал тиран болып шықты, ал басқалардың, оның ішінде Борис Ельцин де
бар, авторитарлық пиғылдары анық көрінеді.