Page 4 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ.моргентау. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСАТ

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
жерінде үстемдік ету құштарлығын жоюға болмаса, бұл дерттен емдеуге де болатындар
жай ғана басқалардың құрбандығына айналар еді.
[...] Кез-келген саясат, мейлі ол ішкі немесе сыртқы саясат болсын, үш базалық модельді
аңғартады, яғни барлық саяси феномендерді негізгі үш тұрпатқа саюға болады. Ол не күш-
қуатты сақтауға, не күш-қуатты күшейтуге, не күш - қуатты көрсетуге ұмтылады.
Саясаттың осынау үш үлгісіне халықаралық тәртіптің үш тұрпаты сәйкес келеді. Сыртқы
саясаты күш-қуатты өз пайдасына қайыра бөлуге емес, соны сақтауға бағытталған ел
статус-кво жолын ұстанады. Қалыптасқан күш-қуаттың ара салмағын өзгерту жолымен
қосымша күш-қуатқа ие болғысы келетін ел империализм саясатын жүргізеді. Сыртқы
саясаты қолындағы күш-қуатын оны сақтау мақсатымен де, ұлғайту мақсатымен де
көрсетуге бағытталған ұлт өз беделін қолдап отыру саясатын жүргізеді. Айтпақшы, бұл
тұжырымдардың сипаты уақытша және әлі де нақтылай түсуге мұқтаж.
[...] Дипломатия - ұлттың күш-қуатының элементі. Жалпыға ортақ бейбітшілікті сақтау
үшін дипломатияның маңыздылығы осынау жалпылама қызметтің тек бір қыры ғана. Егер
дипломатия соғыспен аяқталатын болса, ол өзінің басты мақсатына - ұлттық мүдделерді
бейбіт жолмен қамтамасыз ету мақсатына жете алмағаны ғой. Әрқашан осылай болған,
және бұл, жалпыға ортақ соғыстың талқандағыш әлуетін ескергенде, ерекше өзекті.
Ұлттық мүдделерді қамтамасыз ету және бейбітшілікті сақтау үшін сыртқы саясат
ойдағыдай шешуге тиіс төрт міндетті біз тілге тиек еткенбіз.
Бізге енді осы міндеттерді осы заманғы әлемдік саясат дипломатияның алдына қоятын
ерекше проблемалар аясында қайта түйіндеуге тура келеді. [...]
Негізгі төрт ереже
Дипломатия крест жорықтарының рухынан бостан болуы керек. Бұл дипломатияның
бірінші ережесі, оны елемеу соғыс қатерімен қауіпті. Уильям Грэм Самнер жазғанындай,
"егер соғысты қаласаң - доктрина ойлап тап. Бұл ілгері - кейінді адамды құл еткен ең
қорқынышты тиран, өйткені ол оның парасатын билеп-төстеп, өзіне-өзі опасыздық
жасауға мәжбүр етеді. Өркениятты адамдар өздерінің ең қанішерлік шайқастарын
доктрина үшін жүргізді. Құдай-иемнің табытын азат ету, "күштер балансы", "сауда тудың
артынан жүреді", "құрғаққа иелік еткен, теңізге де иелік етеді", революция, дін - міне,
осының бәрі үшін адамдар өмірін құрбан еткен [...] Қушыкеш саяси ұранды айналымға
енгізіп жіберсеңіз болды, күндердің күнінде сіз ояна сала оның сізді түгелдей билеп
алғанын, тағдырыңызды анықтап қойғанын байқайсыз, оған қарсы сізде дәрмен жоқ.
Байыпты мемлекеттік ақыл-ойға және естілікке шынында да бәске тігілген нәрсеге қатысы
жоқ абстрактылы идеяға бой алдырудан өткен жиіркенішті не болуы мүмкін".
[...] Төл дініңді бірден-бір ақиқат дін ретінде таңу әрекеттері, мұның құнын айтпағанның
өзінде, бос әурешілік екенін діни соғыстар көрсетіп берді. Екі дін бір-біріне сабырмен
қарай алатындығына қарсыластардың көзін жеткізу үшін бұрын-соңды болмаған дерлік
қантөгіске, талқандау мен тағылыққа толы ғасыр қажет болды.
Екі ұлы христиандық наным-сенімнің орнын бүгінде екі саяси дін басты. Оларға Отыз
жылдық соғыстың сабақтарын қайтадан игеру керек бола ма, немесе олар ешқашан
бітпейтін соғысқа айналатын әмбебап талаптарынан бас тарта ма?