Қазақстанның ашық кітапханасы
Еуропа елдерінде жан азабына ұшырататын қауіпсіздік дилеммаларының Америкаға 150
жыл бойы қатысы болған жоқ. Ал сол дилеммалар оған жанасқан бойда, Америка екі рет
еуропалық халықтар бастаған дүниежүзілік соғысқа қатысты. Осы жағдайлардың
әрқайсысында Америка соғысқа тартылған сәтте күштер тепе-тендігі принципінде қауқар
қалмаған болатын, содан да парадоксты ахуал туындап отырды: американдардың
көпшілігі аза бойы қаза болып қарсы шыққан сол күштер тепе-теңдігінің өзі бастапқы
көзделген мағынасына сәйкес жұмыс істеп тұрғанда оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
екен; нақ соны бұзудан ел халықаралық саясат өрісіне тартылған болып шықты.
Еуропалық елдер халықаралық қатынастарды реттеу тәсілі ретінде күштер тепе-теңдігі
тұжырымдамасын тіпті де дау-дамай мен жанжалға туа біткен үйірлігінен немесе Ескі
Дүниеге тон айла-шарғыны жақсы көретіндіктен таңдап алмаған еді. Егер демократия мен
халықаралық құқық принциптері Америка үшін тек өзіне ғана тән қауіпсіздік сезімінің
салдарынан іргелі болса, еуропалық дипломатия қиын - қыстау сынақтар көрігінде
шыңдалған еді.
Еуропа күштер тепе-теңдігі саясатының тұңғиығына өзінің бастапқы таңдауы - әмбебап
империя туралы ортағасырлық арманы күйреп, бұрынғы қиял мен ұмтылыстар
қирандысының орнында күш-қуаты бір деңгейдегі мемлекеттер тобы пайда болған кезде,
итеріп жіберілген болатын. Дүниеге осылай келген мемлекеттер бір-бірімен өзара
ықпалдасуға мәжбүр болғанда, тек екі нұсқа ғана мүмкін еді: не сол топтағы
мемлекеттердің бірінің күші артып кеткені соншалық, ол басқаларға үстемдік жүргізіп,
империя құра алатын, не ешқайсысы да мұндай мақсатқа жету үшін жеткілікті күшті бола
алмайтын. Соңғы жағдайда халықаралық қоғамдастық мүшелерінің ішіндегі ең
агрессияшыл пиғылдағы ел талаптары барлық басқалардың жиынтығы, яғни, күштер тепе
- теңдігінің қызметі арқылы тізгінделетін болады.
Күштер тепе-теңдігі жүйесі жанжалдарға немесе тіпті соғыстарға жол бермеуді көздеген
емес. Қалыпты қызмет ете отырып, ол бастапқы мағынасына сәйкес тек бір
мемлекеттердің екіншілеріне үстемдік жүргізу мүмкіндігін және жанжалдар ауқымын
шектеп отырды. Оның мақсаты бейбітшіліктен гөрі тұрақтылық пен қанағатшылдық еді.
Өзінің мәнісі жағынан күштер тепе-теңдігі жүйесі халықаралық қоғамдастық мүшелерінің
әрқайсысын толық қанағаттандыруға дәрменсіз болатын; реніш көрген тарап
қанағаттанбау деңгейін халықаралық тәртіпті құлатуға тырыспайтындай дәрежеге дейін
төмендете алса ғана жүйе бәрінен жақсы жұмыс істейтін.
Теориялық тұрғыдан күштер тепе-теңдігі жүйесін көбіне халықаралық қатынастардың
табиғи пошымы секілді көрсетеді. Ал іс жүзінде бұл жүйе адамзат тарихында өте сирек
кездеседі. Батыс жарты шарға ол мүлде белгісіз, ал осы заманғы Қытай аумағында ол
соңғы рет бұдан екі мың жыл бұрын "шайқасушы патшалықтар" дәуірінің аяғында
қолданылған. Ең ұзақ мерзімді тарихи кезеңдерде басқарудың әдеттегі пошымы
адамзаттың басым бөлігі үшін империя болған. Империяларда халықаралық жүйе аясында
қарекет жасауға ешқандай мүдде болмаған; олардың өздері халықаралық жүйе болуға
тырысқан. Империялар күштер тепе - теңдігіне зәру емес. Құрама Штаттар өзінің сыртқы
саясатын Америка континентінің бүкіл аумағында, ал Қытай өз тіршілігі тарихының үлкен
бөлігінде Азияда - нақ солай жүргізген.
Батыста жұмыс істейтін күштер тепе-теңдігі жүйесінің бірден-бір үлгісі Ежелгі
Грекиядағы қала-мемлекеттер және Қайта өрлеу дәуіріндегі итальян қала-мемлекеттері,
сондай - ақ 1648 жылғы Вестфалия бітімі тудырған еуропалық мемлекеттер жүйесі бола
алады. Барлық жүйелердің сипатты ерекшелігі шамамен қуаты тең толып жатқан