Қазақстанның ашық кітапханасы
Іс жүзінде бұл Америка президенті мен Жапон премьер - министрінің кездесуінде елеулі
алауыздықтардың түсініспеушілікпен тереңдей түсуіне кепілдік болады. Америка
президент келісімін білдіргенде, ол тиісті қимылдарды күні бұрын көздейді; ал Жапон
премьер-министрі келісімін білдіргенде, ол өзінің көзқарасы туралы мәлімдейді, ал бұл,
шын мәнісінде бар болғаны оның американ ұстанымы жөнінде еш қарсылығы жоқ екенін,
ол оны түсінетінін, ал өз келісімін консенсустың тиісті тобының қарауына беретінін ғана
білдіреді. Ол бұл анық нәрсе және сұхбаттасы оның өкілеттігі бұдан әрі аспайтынынан
хабардар деп ойлайды. Азияның болашағы турасындағы келіссөздер ойдағыдай өтуі үшін
Вашингтонға шыдамдылық керек, ал Жапонияға - ынтымақтастықтың болашағы тәуелді
болатын ұзақ мерзімді саясатты парықтап талқылаудың қажеттігін түсіну керек.
Бір қызығы, жапон - американ қатынастарының беріктігі қытай-американ
қатынастарының екінші жағы болып табылады. Қытай мәдениетіне елеулі жақындығына
қарамастан, Жапония әрқашан тәнтілік пен үрейдің, дос болу ниеті мен үстемдікке
тырысу арасында әрі-сәрі болып келді. Қытай - американ шиеленісі Жапония үшін
Қытайдағы өз ықпалын күшейтпесе де, бері салғанда сол ықпалын Құрама Штаттардың
соңынан салпақтап ере беру арқылы әлсіретпеуге тырысып, АҚШ-тан алыстай түсуге
елігу ниетін туғызады. Сонымен бір мезгілде Жапония тарапынан таза ұлттық тұрғыдан
келу Пекинде жапондық басымдық орнатуға ұмтылыстың көрінісі ретінде қабылдануы
мүмкін. Осылайша, Қытаймен жақсы американдық қатынас Жапониямен берік
одақтастықтың алғышарты болып табылады, сондай-ақ қытай - жапон қатынастарының
жақсаруына септеседі. Осынау үшбұрышта қабырғалардың бірінің ғайып болуы зор қатер
туындатады. Ол сондай-ақ екі ұштылықты балалатуы мүмкін, ал мұндай жағдайда АҚШ
өзін қолайсыз сезінеді, өйткені бұл американдардың басқа ұлттарға не дос, не дұшпан
айдарын тағатын тенденциясына қайшы.
Барлық ұлы және ықтимал ұлы державалардың ішінде Қытай ең жоғары өрлеу
дәрежесінде. АҚШ құдіреттілікке баяғыда қол жеткізді, мызғымас бірлік орнату үшін
Еуропа елдеріне әлі көп тер төгу керек, Ресей - сүріне беретін алып, ал Жапония бай, бірақ
әлі именшек. Алайда, Қытай, жыл сайын 10 пайызға жақындайтын экономикалық өсім
қарқынына, ұлттық бірліктің қуатты сезіміне және одан да қуатты әскери бұлшық етке ие
бола отырып, ұлы державалар арасында статусының әлдеқайда мол өсуін көрсетуде. 1943
жылы Рузвельт Қытайды "төрт полицейдің" бірі деп білген, бірақ бұдан кейін көп ұзамай
Қытай азамат соғысының алапатына малтығып қалды. Соның нәтижесінде дүниеге келген
маоистік Қытай тәуелсіз ұлы державаға айналмақ ниетте болатын, бірақ идеологиялық
көзқамандықпен тежеліп, артқа серпіп тастала берді. Қытайдың идеологиялық
фанатизмнен арылған реформатор - басшылары өздерінің ұлттық мүдделерін шебер әрі
батыл қорғай бастады. Қытаймен текетірес саясаты АҚШ-тың Азиядан оқшау қалу қаупін
төндіретін. Азия елдерінің бірде-бірі Қытаймен кез-келген саяси жанжалда, мұндай
жанжалды қате саясаттың нәтижесі деп санап, Америкаға сүйенгісі келмес еді және бұлай
істей алмас та еді. Мұндай жағдайда Азия елдерінің басым көпшілігі, іштей қанша
ұнатпағанымен, АҚШ-тан азды-көпті дәрежеде іргесін аулақ салар еді. Өйткені әрбір
дерлік ел АҚШ-қа Қытайды да, Жапонияны да кіріктіретін тұрақты, ұзақ мерзімді
конструкция жасайды деген үмітпен қарайды, ал қытай-американ жанжалы орын алған
жағдайда мұндай нұсқаның екеуіне де орын жоқ.
Ең ұзақ тәуелсіз сыртқы саясат жүргізген тарихы және өзінің сыртқы саясатын ұлттық
мүдде принциптеріне негіздейтін дәстүрі бар ел болғандықтан, Қытай АҚШ-тың Азия
істеріне өзінің қауіпті көршілері Жапония мен Ресейге, сондай-ақ аздау дәрежеде
Үндістанға, қарама-қарсы салмақ ретінде тартылуына оң көзбен қарайды. Сөйтсе де бір
мезгілде Қытаймен және өзіне қауіп төндіруі ықтимал елдермен достық қатынас орнатуды