Қазақстанның ашық кітапханасы
Бірақ осынау көп жақты институттарға американ ықпалының шекаралары да айдан анық.
Тынық мұхит қоғамдастығын еуропалық модель бойынша көбірек институциялау туралы
Клинтонның ұсынысы сыпайы бой тартумен қабылданды, бұлай болатыны Азия елдері
негізінен өздерін қоғамдастық ретінде қарастырмайтындықтан. Олар ықтимал азиялық
астам державаларға - немесе тіпті Құрама Штаттарға - өз істерінде шешуші дауыс беретін
институциялық шеңберлер құрылуын қаламайды. Азия елдері АҚШ-пен идеялар алмасуға
ашық; сондай-ақ олар АҚШ-тың өз істеріне тартылуының айтарлықтай дәрежесінің
сақталуын құптайды, алайда мұны оқыс жағдайларда олардың тәуелсіздігіне төнген
қатерді жоюға Американың көмектесуі үшін істейді. Бірақ олар ресми, бүкіл Тынық мұхит
аймағын қамтитын институттар құрылуын құптауға құдіретті көршілеріне, және кейбір
шамада Құрама Штаттардың өзіне тым күдікпен қарайды.
АҚШ-тың оқиғаларды қалыптастыру қабілеті, демек, сайып келгенде бірінші кезекте
Азияның аса ірі елдерімен екі жақты қатынастарға тәуелді болады. Міне сондықтан
Жапония жөнінде де, Қытай жөнінде де американ саясаты, осы кітап жазылып жатқан
тұста, қарама-қайшылықтарға белшесінен батқан саясат, соншалықты өзекті мәнге ие
болады. Бір жағынан, Жапония мен Қытайдың өзара күдіктеріне қарамастан, АҚШ
олардың бейбіт қатар өмір сүруіне көмектесуде өзекті рөл атқарады. Халқының қартаюы
және экономиканың тоқырауы проблемасымен бетпе-бет келетін Жапония таяудағы
болашақта, бәлкім, Қытай астам державаға айналудан, ал Ресей күшін қалпына келтіруден
бұрын, қысым жасау арқылы өзінің технологиялық және стратегиялық басымдығын
орнықтыруға ұмтылуы мүмкін. Кейінірек ол ұлы теңестіргішке - ядролық технологияларға
жүгіне алады.
Осынау мүмкіндіктердің әрқайсысына қолданылатын жағдайда тығыз жапон - американ
қатынастары Жапония тарапынан ұстамдылық көрсетілуі бағытындағы өмірлік маңызды
үлес және басқа Азия елдері үшін тыныштандырудың елеулі факторы болар еді.
Американың әскери қуатына маталған жапон әскери қуаты Қытай мен басқа Азия елдерін
таза жапондық ұлттық әскери мүмкіндіктерден гөрі әлдеқайда аз алаңдатады. Ал Жапония
әзірге американдық қорғаныс желісі барда, ол бұрынғыдан неғұрлым селдір болса да,
өзіне аз әскери қуат қажет деп шешер. Сонда Солтүстік - Шығыс Азияда (Жапония мен
Корея) елеулі американ әскери күшінің тұруы талап етіледі. Егер ол болмаса АҚШ-тың
Азияда тұрақты рөл атқару жөніндегі міндеттемесі тіректен айрылады, ал Жапония мен
Қытай ұлттық саяси бағытты ұстануға барған сайын арбала түсіп, қорытындысында бұл
тек оларды ғана емес, олардың арасында тұрған буферлік мемлекеттерді де
қақтығыстыруы мүмкін.
Параллель геосаяси мүдделер базасында жапон - американ қатынастарының жандануы
мен айқындалуы өз жолында толып жатқан кедергілерге тап болады. Экономикалық
алауыздықтар - баяғыдан таныс нәрсе; мәдени тұрғыдағы кедергілер одан да зұлымырақ
болып шығуы мүмкін. Олар шешім қабылдаудағы әрқилы ұлттық амалдарды
салыстырғанда мейлінше кінәратты, кейде тіпті естен тандыратындай ушығып көрінеді.
АҚШ жекелеген адамдардың конституциялық өкілеттіктеріне сүйене отырып шешеді: ең
жоғары мансап иелерінің бірі, әдетте президент, кейде мемлекеттік хатшы қолда бар
нұсқалар жиынтығының арасынан тәуірірек жол таңдайды және мұны азды-көпті өзі ие
болып отырған жағдай пәрменімен істейді. Жапония консенсус жолымен қимылдайды.
Ешбір жеке адамның, тіпті премьер-министрдің өзінің, шешім қабылдау өкілеттігі жоқ.
Шешімді орындауға міндетті әрбір адам консенсусты қалыптастыруға қатысады, бәрі
келіспейінше, оған қол жетті деп саналмайды.